|   |   |  Аршавин сияқты шау тартқан жұлдыздар қазақ футболына қажет пе?

Аршавин сияқты шау тартқан жұлдыздар қазақ футболына қажет пе?

Аршавин сияқты шау тартқан жұлдыздар қазақ футболына қажет пе?
Андрей Аршавин "Қайрат" сапында

Премьер-лиганың 8-туры аясында өткен «Астана» – «Қайрат» кездесуін тамашалап отырып, «қанша жерден сынағанымызбен Андрей Аршавин сияқты жұлдыздар Қазақстан футболына қажет-ау» деген ойға келдік.

Кезінде Қазақстанның жасыл алаңдарында жасындай жарқылдап, бүгінде футбол агенті болып жүрген Евгений Ловчевтің бір сұхбатын оқып қалдым. Андрей Аршавин туралы көп айтыпты. Бірақ мені «оп-па» дегізгені мынау болды: «Анжи» үшін Роберто Карлостың маңызы қаншалықты болған болса, «Қайрат» үшін де Аршавиннің маңызы соншалықты».

Әлбетте, Аршавин қазір бұрынғы бабында емес. Егер бабында болса, Қазақстанға келмес еді ғой. Тіпті, әлі күнге дейін «Арсеналда» жүре берер еді. Бірақ шау тартқан Шаваға қазір қазақ футболынан басқа жақсы вариант жоқ. Дегенмен, мұндай жұлдызды шақырғаннан отандық футбол ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Ойындары құбылып кетпесе де, жарнамалық тұрғыдан алғанда жақсы жүріс. Оған біз «Қайраттың» соңғы ойындарында көз жеткізіп жүрміз.

Рас, Қазақстан футболында бұрын да ТМД деңгейіндегі белгілі ойыншылар болған. Мәселен, Максим Шацких, Егор Титов, Владимир Бесчастных, Олег Веретенников... Дегенмен, мойындау керек, қанша жерден мықты, тәжірибелі болғанымен олардың бірі де атағы жөнінен Аршавинмен теңесе алмайды.

Тіпті, былтыр «Оқжетпесте» ойнаған Дмитрий Сычев пен бүгінгі командаласы Анатолий Тимощук те футбол әлемінде «Ресей құрамасының кішкентай мүшесі» сияқты танымал емес.

Иә, Тимощуктің де жетістіктері баршылық. Украинаның «Шахтерінде», Ресейдің «Зенитінде», Германияның «Бавариясында» ойнаған. Чемпиондар лигасы мен УЕФА кубогының иегері. Алайда, футболдан бейхабар бір топ адамды жинап алып, «Аршавинді танисың ба, әлде Тимощукті ме?» деп сұрап көріңізші. Он адамның жетеуі Шаваны айтары анық.

Қазір жасы жеткен жұлдыздарды жарнама үшін шақыру ақшасы бар әлемнің барлығында үрдіске айналып кетті. Қытай ешкімнің бағасына қарап жатқан жоқ. Көзі түскен ойыншылардың барлығын сатып алып жатыр. Сол сияқты АҚШ, Түркия, Катар, Австралия, Үндістан сынды елдердің клубтары да футболшылардың жастары келіп қалғандарына қарамастан қол жеткендерін көтерме бағамен сатып алудан тартынбайды. Біз сияқты «өй, шау тартқан ойыншының қажеті не?» деп жерден алып, жерге салып жатқан жоқ. 


Аршавин алаңға шыққан ойындардың бәрі аншлаг

Есесіне, сол жұлдыздар арқылы өз өрендері де жетіліп келеді. Ендеше біз неге ондай ойыншылардан бас тартуымыз керек? Ең бастысы балансты сақтап отырсақ, болды емес пе? Бұл бір жағынан жастардың футболға деген қызығушылықтарын арттырса, екінші жағынан стадионға көрермендерді көптеп тартуға көмек болады.

«Қайраттың» Аршавин ойнаған ойындарын қараңыздаршы. Трибуналарда көрермендер лық толып отырмаса да, өзге матчтармен салыстырғанда жанкүйерлердің көптеп жиналғанын байқайсыз. 

Мысал керек пе? Суперкубокты есептемегенде «Астананың» биылғы ойындарына осы күнге дейін мұнша көрермен жиналмаған болатын. Бірақ, «Қайрат» келген күні байқадық, автотұрақ көліктерге толып қалды. Аренаға ағылған жанкүйерлердің жартысы «Арсеналдың» формасын киіп алған. Аршавинді көруге келгені бар, басқасы бар, бұл матчты трибунадан барлығы 11 мың көрермен тамашалапты. 

«Қайрат» барған күні басқа қалалардың ареналарында да аншлаг. «Аршавин алаңға шығады екен» дегенді естіген оралдықтар 2,5 мыңдық стадионды лық толтырды. Шарбақтың ар жағынан сығалағандары қаншама... 4-турда Атырауда да жағдай солай болды. Аршавин алаңға шыққан алдағы матчтарда да Шаваны көруге бола көрермен стадионға ағылатыны анық.

Жалпы, футболды жарнамалауға бағытталған қандай шара болмасын, қолдауға лайық. Егер «Қайраттың» ізін жалғап, Қазақстанның басқа да клубтары әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды шақырар болса, мұндай трансферлерді жатырқамауымыз қажет. Ал егер ол жұлдыздар жанкүйерлерімен селфи жасаудан бөлек, доп тебуді де ұмытпаған болса, тіптен жақсы.      

Тізімге қайта оралу