|   |   |  "Ақтөбенің" әр ойыны өз алдына бір хикая

"Ақтөбенің" әр ойыны өз алдына бір хикая

"Ақтөбенің" әр ойыны өз алдына бір хикая
"Ақтөбенің" арқасүйері кім өзі?

Қазақстан футболының биылғы басты ньюсмейкері «Ақтөбе» болып тұр. Әр ойыны бір хикая. Бірде төрешілер пенальти арқылы қажетті нәтижені алып беріп жатса, бірде клуб директорының лағынеттерінен бас айналады.

Ойыншылары да қарап жүрген жоқ, кейде жасыл алаңда емес, шаршы алаңда жүрміз деп ойлап қалатындай көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, «Ақтөбе» іш пыстырып жатқан жоқ. Көздеріңізді жеткізу үшін команданың чемпионат басынан бергі хронологиясын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

1-тур

«Ордабасы» (Шымкент) – «Ақтөбе» 3:1

Голдар: А.Нұрғалиев, 36-пен. (1:0). Юнузович, 45+2 (2:0), А.Нұрғалиев, 53 (3:0), Давлатов, 68 (3:1).

Бірінші турдан бастап-ақ «Ақтөбе» футбол клубы биыл жанкүйерлердің іші пыспайтындығын сездірді. Айта кетейік, ойынның 34-минутында Егор Азовский тарапынан ойын ережесінің бұзылғанын байқаған бас төреші Андрей Кучин қонақтардың қақпасына пенальти белгілейді. Кездесу толығымен «Ордабасының» басымдығымен өтіп, матч 3:1 есебімен аяқталды. Бірақ клуб басшысы Дмитрий Васильев тыныш жатпады. Кездесуден кейін бас төрешіні айыптап, жоқ жерден дау шығарды. Содан бері төрешілер «Ақтөбеге» қарсы қандай да бір шешім қабылдауға қорқып қалған сияқты. Көңілдеріңізге алмаңыздар. Жай ғана сәйкестік шығар.

2-тур

«Тараз» – «Ақтөбе» 1:1

Голдар: Смақов, 11-пен (0:1). Зенькович, 45 (1:1).

Келесі турда-ақ төрешілер «Ақтөбеге» қарызын қайтарып, «Таразға» қарсы өткен матчта пенальти алып берді. Ал екінші таймда «ақтөбелік» Бағдат Қайыров пен Олег Недашковский қақтығысып қалып, екеуі де кінәлі болғанымен бас төреші Александр Гаузер тек «тараздықты» ғана алаңнан қуды. Бірақ, Гаузер өзіне берілген тапсырманы толық орындай алмаған секілді. Ойыннан кейін бұл төрешінің бір айға футболдан аластатылғаны белгілі болды.


3-тур

«Астана» – «Ақтөбе» 1:0

Гол: Твумаси, 83.

Бұл кездесу негізі бұл тізімде болмауы тиіс еді. Бірақ «Ақтөбенің» директоры Дмитрий Пантелеевичтің өзі еске түсірді. Иә, расымен де, осы ойында «астаналық» Юрий Логвиненконың қарсыласын итеріп жіберіп, жұдырық сілтеп қалғанын Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті ұсынған бейнеқайталаудан көре алдық. Логвиненконың бұл қылығы Васильевке еш маза бермеген сияқты, «Сорокиннің мәселесі» сөз болғанда осы ойынды да қозғай берді.

4-тур

«Ақтөбе» – «Жетісу» 3:2

Голдар: Смақов, 15. Бочаров, 25 (2:0), Кляйн, 52 (2:1), Жаңғылышбай, 87 (3:1), Савич, 89 (3:2).

Бұл кездесудің хикаясы ойын алдында-ақ басталды. Юрий Уткульбаев шәкірттері талдықорғандықтарды Ақтөбеде қабылдауы тиіс болатын. Бірақ Қобыланды батыр атындағы стадион бұл кезде дайын емес еді. Футболшыларының жағдайын ойлаған Дмитрий Васильев қосалқы алаңда ойнатқысы келмеді. Қызық-ә, бұл алаңда жастарына ойнауға болады, олар жарақат алмайды ғой. Ал негізгі құрам футболшыларына мұнда жүгіру өте қауіпті. Сонымен не керек, Васильев үш бума етіп, «Жетісудағы» әріптестеріне хат жазды. Олар ойынды өз жерінде өткізуге қарсы болған жоқ. Бірақ, бұлардың негізгі стадиондары маусымға дайын болмағандықтан Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы араға түсіп, ойынды Талдықорғанда өткізуге кезек бермеді. Сондықтан, матч елордамыздың «Астана-Аренасында» өтті. Ал кездесудің барысы бұл өз алдына бөлек әңгіме...


 

5-тур

«Тобыл» (Қостанай) – «Ақтөбе» 1:2

Голдар: Дудченко, 6 (1:0), Кәкімов, 21 (1:1), Бочаров, 70 (1:2).

Сіздер сенбессіздер, бірақ «Ақтөбенің» биылдыққа еш хикаясыз өткен ойыны осы матч болды. Ұтылып жатып, жеңісті жұлып алған Юрий Уткульбаев шәкірттері осы маусымда үздік алтылыққа енуге әбден лайықты екендіктерін дәлелдеді.

6-тур

«Ақтөбе» – «Ертіс» (Павлодар) 1:1

Голдар: Гогуа, 22-пен (0:1). Смақов, 87-пен (1:1).

Бұл матчта бас төреші екі команданың да қақпасына пенальти белгіледі. Бірақ кейбір сарапшы мамандар «Ертістің» айып алаңында ойын ережесінің бұзылмағандығын жиі айтып жүр. Қалай десек те, бұған дейін қақпасына гол жібермеген Давид Лория Ақтөбеге барып сан соғып қайтты.

7-тур

«Қайрат» (Алматы) – «Ақтөбе» 3:0

Голдар:  Маркович, 42 (1:0), Аршавин, 44 (2:0), Тимощук, 90+2 (3:0).

Бұл кездесу «Ақтөбенің» ойсырай жеңілгенімен емес, ойынның 80-минутында қорғаушы Егор Сорокиннің «қайраттық» Жарко Марковичті нокаутқа түсіргенімен есте қалды. Бірақ, бас төреші Игорь Алешин Сорокинді алаңнан қумақ түгілі, ескерту қағазын да көрсеткен жоқ. Ал ҚФФ-тың Тәртіптік-бақылау комитеті бейнеқайталауды мың қайтара қарағанымен «ақтөбелік» ойыншыны біржола ақтап шықты. Тіпті, жарым-жартылай Жарконың өзін кінәлі қылып қойды.

8-тур

«Ақтөбе» – «Оқжетпес» (Көкшетау) 1:0

Гол: Смақов, 73-пен (1:0).

Осы маусымда «Ақтөбеден» артық пенальти тепкен команда жоқ. Сегіз ойында үш рет 11-метрлік айып добын орындауға мүмкіндік алған олардың не шабуылшылары тым ширақ, яғни қарсыластар шалып қана тоқтата алады немесе... «Оқжетпеспен» болған ойында да кейбір мамандар көкшелік команданың қақпасына пенальтидің әділ белгіленгеніне күмәндадып қалды. Ал күмән туғызған нәрсенің барлығы жіті тексеріс пен сарапты талап етеді.

Сонымен, 8-турдан кейін «Ақтөбе» 11 ұпаймен 6-орында тұр. Әзірге мақсаттарына жету жолында сүрінбей келеді. Ал қандай соқпақпен келе жатыр және ол дұрыс жол ма, өздерін қызықтырмайтын секілді. 

Тізімге қайта оралу