|   |   |  Қазақстан футболына тағы бір Лига керек немесе әуесқой командалардың жайын кім ойлайды?

Қазақстан футболына тағы бір Лига керек немесе әуесқой командалардың жайын кім ойлайды?

Қазақстан футболына тағы бір Лига керек немесе әуесқой командалардың жайын кім ойлайды?
Екінші лиганың былтырғы финалдық кезеңі

Осы жексенбі Қазақстанда Екінші лига ойындары басталды. Бұрын әуесқойлар арасында өтетін бұл турнир «кәсіпқойлық мәртебе», толыққанды біріншілікке айналғалы бері әуесқойлар абдырап қалды. Енді олар қала немесе облыстық деңгейдегі додаларды ғана жағалап жүре бере ме?

Жаңа жүйеге әуесқойлардың әлеуеті жетпейді

Бұған дейін Қазақстанның Екінші лигасы әуесқойлар арасында өтетін және биылғыдай толыққанды біріншілік болмаған. Алдымен аймақтық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары анықталып, одан кейін үздік шыққандар жаздың соңында немесе күздің басында облыс орталықтарының бірінде бас қосып, турнир жеңімпазын анықтайтын. Бас жүлдені қанжығасына байлаған команда келесі маусымда Бірінші лигада өнер көрсету құқығына ие болатын. Ең маңыздысы, Екінші лига кез-келген әуесқой команда үшін қолжетімді болатын. Ал биылдан бастап әуесқойлардың басына күн туып, Екінші лига есігі тарс жабылды. Жоқ, әлі де болса кез-келген команда бұл біріншілікке қатыса алады. Бірақ, шыны керек, екінінің бірінің шамасы жетпейді.

Cебебі:

А) қаржы тапшылығы. Екінші лигаға қатысу жарнасын төлей алғанымен әуесқой командалардың толыққанды біріншілікке бастан-аяқ қатысып шығуға шамалары жетпейді.

В) Жас шектеуі. Екінші лига ережесі бойынша әр команданың сапындағы 25 футболшының кем дегенде 10-ы 1995 жылдан үлкен болмауы керек. Иә, дубльдік командалар үшін бұл өте қолайлы ереже. Дегенмен, әуесқой команда 20 жастан аспаған 10 ойыншыны қайдан табады?

– Былтыр чемпион атанғанымызбен Бірінші лигаға шығуға шамамыз жетпеді. Биыл да қатысып көргіміз келді. Бірақ жаңа Регламентті көрдік те, жағамызды ұстадық. Иә, қатысу жарнасы жылдағыдан біршама көбейгенімен одан қиналып тұрған жоқпыз. Төлеуге шамамыз жетеді. Бірақ апта сайын бір ойын өз алаңымызда, бір ойын сыртта өткізу әуесқой команда үшін тым ауыр. Қаржылық жағдайымыз көтермейді, - деді астаналық «Прогресс.kz» командасының жетекшісі Данияр Абдуллаев.
Екінші лигадан тыс қалған әуесқойлар өте көп

Екінші лигаға қатысу үшін қанша қаржы қажет?

Данияр Қуанбекұлының есептеуінше Екінші лигаға қатысу үшін командалардың қаржысы Бірінші лига клубтарының бюджетінен кем болмауы керек екен. Ал биылғы Бірінші лига клубтарының бюджеттері шамамен алғанда 50 миллион мен 800 миллион теңгенің аралығын құрайды. Бұл жерде жаттықтырушылар, футболшылардың айлықтары, алаңды жалға алу, жол шығыны, футболшылардың тұратын жерлері мен тамақтары, дәрі-дәрмектер сынды шығынның барлығын есепке алу қажет. Сонда шынымен де әуесқой командалардың Екінші лигаға қатысуға шамалары келе бермейтінін түсінеміз.

Енді Екінші лиганың қазіргі жүйесі қаншалықты тартысты болмақ? Осы сұраққа жауап іздеп көрелікші. Бұрын Премьер-лига клубтарының дубльдік командалары арасында өзіндік біріншілік өтетін және оның зиянын ешкім көрген жоқ. Бірақ Екінші лиганың мәртебесін көтеруді ойлаған отандық футбол басшылары дублерлар турнирін біржола алып тастап, ол командаларды Екінші лигаға қосып қойды да, әуесқойлар арасынан тағы да командалардың қосылуын күтті. Алайда сырттан қосылғаны Солтүстік Қазақстан облысының «Рузаевкасы» мен Шымкенттің №7 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғана. Қалғандарының шамалары келген жоқ.

«Рузаевканың» жағдайы түсінікті. Олардың Бірінші лигаға ұмтылып жүргеніне бірнеше жыл болды. Ал оларға бәсекелес кім бар? Премьер-лига клубтарына дубльдік командаларының Бірінші лигада ойнағаны қажет пе? Әй қайдам... Тек Алматының «Қайраты» ғана жастарының Бірінші лигада доп тепкенін көргісі келетінін жасырмаған. Қалған командаларға жоғарғы дивизионның қажеті де жоқ. Сонда биыл Екінші лигадағы тартыс екі-ақ команданың арасында өрбімек пе? 

Ал егер күтпеген жерден Екінші лиганы "Шахтер" немесе "Жетісудың" жастары жеңіп алса ше? Онсыз да Бірінші лиганың командаларын көзін жойған бұл аймақтар дубльдік командаларын Бірінші лигада өнер көрсетуін қаншалықты қолдамақ? Сұрақ көп, жауап жоқ. 


Әуесқойларға да біріншілік керек

Ендеше Үшінші лига ашылсын

Әуесқой командалардың жағдайына қайта оралайық. Екінші лигаға қатысқысы келіп, шамалары жетпегендіктен шет қалған «Прогресс.kz» сияқты қанша команданың бар екенін көзге елестетіңізші. Кемінде әр өңірден бір-бір ұжымның шығатыны сөзсіз. Мәселен, Таразда «Монтажник» бар, Шымкентте «Шалқар» бар, Қызылордада «Сырдария»... Сол сияқты кете береді. 

Өйткені, әр облыстың өз біріншілігі бар. Ал олардың жеңімпаздары спорттық принціп бойынша Екінші лигаға жолдама алуы тиіс. Егер аймақ чемпионы Екінші лигаға қатыса алмаса, онда облыс біріншілігінің не қажеті бар? Ендеше әуесқой командаларға арнап, Үшінші лига ашылсын да, бұрын Екінші лигада пайдаланылған жүйе қалсын. Сонда біз әуесқой командалардың ынтасын қайта ашатын боламыз.

Екінші лиганың 1-тур ойындары:

«Ақжайық-21» (Орал) – «Астана-21» 0:2

Голдар: Владислав Меңібаев, 37. Әмір Қалабаев, 58.

«Атырау-21» – «Ақтөбе-21» 0:4

Голдар: Игорь Бойчук, 30. Игорь Бойчук, 58. Игорь Бойчук, 67. Әбілхан Әбдікәрімов, 90.

«Қайрат-21» (Алматы) – «Оқжетпес-21» (Көкшетау) 1:1

Голдар: Әлібек Қасым, 44 – Ерлан Жағыпаров, 90+3.

«Жетісу-21» (Талдықорған) – «Рузаевка» (СҚО) 0:1

Голдар: Рауан Орынбасаров, 82-автогол.

«Тараз-21» – «Тобыл-21» (Қостанай) 3:2

Голдар: Әділет Әбдібеков, 29. Қанат Қаримолла, 63. Әлібек Сатыбалды, 66 – Евгений Каптел, 33. Евгений Каптал, 44.

«Ордабасы-21» (Шымкент) – «№7 БЖСМОР» (Шымкент) 3:1

Голдар: Әкежан Қожабай, 76. Арман Әліпбек, 89. Гафуржан Сүйімбаев, 90+3 – Данабек Қуанышбай, 65.

Тізімге қайта оралу