|   |   |  Алғашқы жеңісіңді неге Головкинге арнамадың “Шахтер”

Алғашқы жеңісіңді неге Головкинге арнамадың “Шахтер”

Алғашқы жеңісіңді неге Головкинге арнамадың “Шахтер”
Фото sports.kz сайтынан алынды

Кеше Қазақстан премьер-лигасында Қарағандының “Шахтері” биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал бүгін таңертең қарағандылық Геннадий Головкин 35-інші рет жеңіске жетті.

Сенбі күні ел біріншілігінде жетінші турдың ойындары өтіп, «Шахтер» клубы Оралда «Ақжайықты» 1:0 есебімен ұтты. Бұл кеншілер командасының биылғы маусымдағы алғашқы жеңісі болатын. Ал бүгін таңертең Геннадий Головкин Калифорния штатында кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, қарсыласын сұлатып салды. Қандай сәйкестік десеңізші...

Бірақ «Шахтер» бұл сәйкестікті қажетіне жарата алмады. Мысалы деймін-ау, кеше кеншілер клубының бас бапкері Йозефа Вукушич баспасөз жиынында, «бұл жеңісімізді Гена саған арнаймыз» деп бірауыз сөз айтса, ақпарат әлемі қалай дүр ете қалар еді, ә?!

Тіпті болмаса, «Шахтер» командасы өзінің ресми сайтында «біз бүгін түзде ойнап, жеңіске жеттік, Гена ендігі кезек – сенікі» деп, отқа май құйып жібергенде ше?! «Шахтердің» бұл мәлімдемесі берісі отандық басылымдарда, арысы шетелдік ақпарат көздерінде көшіріліп (аударылып) басылмас па еді?!

Қызық, «Шахтер» осындай мүмкіндікті пайдалана алар емес. Алысқа бармай-ақ, ондайды мүлт жібермейтін «Қайрат» клубынан неге үлгі алмайды?! Биылғы маусымдағы жеңісінен, жеңілісі көп Алматы клубы Головкиннің атын пайдалануға тырысып-ақ жүргендей...

Мәселен, кеше «Ақтөбе» клубымен өтетін матч алдында «Қайрат» жанкүйерлері Геннадий Головкинді қолдап, Орталық стадионда үлкен баннерді керіп, флешмоб ұйымдастырды. Онда «GGG Қазақстан сенімен бірге!» деген жазу бар еді. Ал бүгін таңертең Алматы клубының ресми сайты Қарағандыда туып-өскен кәсіпқой боксшыны 35-інші жеңісімен, 32-інші нокаутымен құттықтап, оның ерен жетістігін атап өтті.

Ал «Шахтер» мұның бірінде жасаған жоқ. Неге? Футбол командасының беделін қалыптастыру осындай уақ-түйектен басталмай ма? Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, команданың БАҚ беттерінде жиі жариялануы өте тиімді емес пе? Мұның коммерциялық пайдасы мен тиімділігі неге ескерілмейді? Кеншілер командасы бүгінгші заман талабына сай неге талпынбайды?

Головкин – «Шахтердің» жерлесі, әйгілі Майқұдық ауданының майталманы. Алайда дәл қазір «Шахтер» мен есімі төрткүл дүниеге мәшһүр боксшы арасында ешқандай байланыс жоқ сияқты. Рас, кеншілер командасының Атқарушы директоры Ерден Халилиннің кезінде әйгілі боксшымен қарым-қатынас жақсы еді. Ал қазір?.. Десек те, биыл 8 сәуір күні «Шахтер» Геннадий Головкинді туған күнімен құттықтап, ресми сайты арқылы игі тілектер жолдады.


Фото boxingscene.com сайтынан 

Ал Головкин Англияда «Вест Хэм Юнайтед» клубының ойынына барып, Лондонда аталған клубтың бетке ұстар тұлғаларымен суретке де түсті. Криштиану Роналду Генаны туған күнімен құттықтап, «Реалдың» жейдесін сыйлады. Головкиннің бейсбол матчтарына да барғанын естиміз. Солтүстік Америкадағы Ұлттық хоккей лигасының"Нью-Йорк Рейнджерс" және "Чикаго Блэкхоукс" клубтары арасындағы матчта да болды.

Сонда қалай, «Шахтер» командасы бұқарамен байланыс, жарнама, беделділік рейтингі, имидж қалыптастыру, маркетингтік комуникациялар мен жобалар деген түсініктерден ат-тонын ала қашуды жөн санай ма?! 

Тізімге қайта оралу