|   |   |  Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр – Мұхтар Тінікеев

Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр – Мұхтар Тінікеев

Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр – Мұхтар Тінікеев
Фото fckairat.kz сайтынан

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында бұқаралық спорт және дене шынықтыру саласын дамыту мәселелері талқыланып, ел футболындағы тиімсіз жоба мен легионерлер «жыры» да тілге тиек етілді.

Әуелі депутат Нұртай Сәбильянов 2009 жылдан бастап Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына жас жеткіншектерімізді жіберіп келе жатқанымызды, алайда олардың ешқандай да жетістігін көре алмай отырғанымызды баса айтқан.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Бразилия футбол академиясының Қазақстан жасөспірімдері үшін шынымен де тиімсіз екенін айтып, депутаттардың сынымен келісетінін білдірген.

Бұдан соң депутат Мұхтар Тінікеев легионерлерге төленген қаражатты балалар спортын дамытуға жұмсаған әлдеқайда тиімді болатындығын қадап-қадап айтып, бірнеше мысал келтірген. Мұның бәрі отандық ақпарат құралдарында жарияланды.

Бұл ретте, Қазинформ халықаралық ақпараттақ агентігі депутат Мұхтар Тінікеевтің сөздерін: «Мәселен, Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр. Жылына миллион доллардан асады! Айына 30 мың доллар алатын легионерлер бар. Ал бізге осындай футбол керек пе? Бұл қаражат неге балалар спортына жолданбайды», – деп келтірді.

Мәжіліс депутаты бұдан да басқа мысалдар келтіріп, өзге спорт түрлеріндегі легионерлерге төленіп отырған қыруар қаржыны балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсаған тиімді болатындығына тоқталып өткен.

Бәлкім, қазақы дарақылығымызды қойып, өзге елдің жасыл алаңдағы дәурені өтіп кеткен, тіпті өз қақпасына гол соғатын ардагерлерін әспеттеп-қастерлегенді қою керек шығар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақалдың мағынасына мән беретін уақыт болды ғой...

Тізімге қайта оралу