|   |   |  Республика қақпашысы

Республика қақпашысы

Республика қақпашысы
Фото мұрағаттан. Қақпада – Ордабаев, стадионда – лық толы көрермен

Ордабаев «Қайрат» сапында, жоғары лигада 52 құрғақ матч өткізген. Мәңгілік рекорд! Оның еншісінде тағы бір рекорд бар: Бір маусымдағы 30 ойынның 15 матчын «нөлмен» аяқтаған. Бұл да мәңгілік!

КСРО футболында талантты және тасқамал қақпашылар әрбір кеңестік республикада болған. Кеңестік қақпашылар мектебінің бүкіл әлемді тәнті қылуы да әсте тегін емес. Лев Яшин («Алтын доп-63» иегері) және Алексей Хомич (45-ші жылы Мәскеудің «Динамосының» әйгілі Англия сапарынан кейін «Жолбарыс» деген лақап ат алған), Ринат Дасаев (әлем-88 үздік қақпашысы) және Евгений Рудаков (КСРО-ның үш дүркін үздік қақпашысы), Владислав Жмельков және Анатолий Акимов, ағайынды Чановтар және Владимир Пильгуй… Ал біз Кеңес қақпашылары мектебінің жарқын өкілдерінің бірі Құралбек Ордабаевты іс жүзінде біздің республиканың қақпашысы деп атай аламыз.

«Байсалды және өжет, секіру қабілеті керемет, жай оғындай шапшаң. Қақпа сызығында тамаша әрекет ететін, 11-метрлік айып соққыларын тойтаруға шебер». Бұл – «Российский футбол за 100 лет» энциклопедиясындағы Ордабаев туралы жазылған мақаладан алынған жолдар.

Мен оңтүстік Қазақстанда туып-өстім, – дейді Ордабаев. – Барлық балалар секілді бос жатқан алаңқайда доп теуіп өстім. Ол кезде бәрі де «Қайрат» деп, естері кететін. Біз оның барлық футболшыларының аты-жөндерін жатқа білетінбіз. Балалар додасында мен көбінесе алаңдағы ойыншы рөлінде ойнайтынмын, бірақ бірде біздің негізгі қақпашымыз ойынға келмей қалды. Оның орнын мен бастым. Көбісін қайран қалдырып, қақпада тәп-тәуір тұрып шықтым. Бірнеше қауіпті соққыларды тойтардым. Ойыннан кейін бәрі мені құттықтап, риза болды. Осындай бірнеше ойындардан кейін түсіндім: менің орным – қақпа. Оның үстіне бойым да келеді, шапшаңдығым да бар. Ал қалғаны – жүре түзелетін іс. Тәжірибе іс жүзіндегі ойындармен келеді. Маған бұл туралы ұстаздарым айтып отыратын. Олардың біреуі тіпті былай деді: «Ерінбе. Сенде бәрі бар, деңгейі жоғары командаға ілігуге де болады».

1968 жылы Ордабаевты Одақ чемпионатының А класындағы ІІ топтың төртінші топшасында өнер көрсететін Шымкенттің «Металлургі» шақырады. Онда Қазақстан, Сібір және Орта Азия командалары ойнайтын. Бірінші маусымда 18 жастағы жігіт 18 ойын өткізеді. Осы ретте айта кетейік, шымкенттіктердің негізгі қақпашысы Евгений Швырков одан бір ойын ғана артық өткізеді. Ал келесі маусымда Ордабаев «Металлургтің» негізгі қақпашысына айналып, Швырковтан екі есе артық, 28 ойын өткізеді.

1970 жылы чемпионатта бірде-бір ойында ауыспай, толықтай дерлік өткізіп шықтым. Мен туралы газеттер жаза бастады, – деп есіне алады Құралбек Досжанұлы. – Сол маусымның қызған кезінде жоғары лига командасына ауысуға бірінші ұсыныс жасалды. «Құда түсіп» келгендер – «Пахтакордың» агенттері. Несін айтасың, ұсыныс та адам қызығарлықтай болды. Алтынмен аптауға уәде берді. Бірақ әкем Ташкент командасына ауысуым туралы тыңдағысы келген де жоқ: «Қайратқа» жіберер едім, ал «Пахтакорға» – жоқ!»

Мен солай «Металлургте» қалдым. Бекер емес екен. Маусым аяғында маған тағы да қонақтар келді, енді – қайраттықтар, Сайлаубек Есімбеков пен Владимир Болотов. Әкем оларды тыңдап, былай деді: «Оған әзірше ертерек. Үйде ойнай тұрсын. Содан соң көрерміз». Алайда біраз уақыттан кейін бізге Қазақ КСР Спорткомитетін басқаратын Кәркен Ахметов келді. Бұл жолы әкем жұмсарды, бірақ шарт қойды: «Үйленсін – жіберемін, әйтпесе қалада бұзылып кетеді». Бірінші жиыннан кейін мен үйлендім.

1971 жылдың қаңтарында Шымкенттен Леселидзеге ұштым, онда «Қайрат» маусым алдындағы дайындығын жүргізіп жатқан. Сол аңыз ұжымның футболшыларының бәрін дерлік сырттай білетінмін. Қақпада өз замандарының белгілі шеберлері – Вячеслав Бубенец (ол өзінің карьерасын аяқтағалы жүрген) және Виктор Шведков өнер көрсететін. Қақпаның басқа да амбициялы күзетшілері болатын – Валерий Степанов және Евгений Кожемяко. Республиканың бас командасында ойнағым келгендігі соншалық, мен жаттығуларда өзімнің жасы үлкен жолдастарымның кеңестерін қағып алып отырдым, ал жаттығу біткен соң біреуден өзіммен қалып, қақпаға доп тебуін өтіндім. Көбінесе мұны Сейілдә Байшақов орындайтын. Біріншіден, біз құрдаспыз, екіншіден қонақ үйде бір бөлмеде тұратынбыз. Бірде «Қайраттың» капитаны Сергей Рожков «Сенің уақытың келеді әлі. Әзірше өзіңнің үздік екеніңді қосалқы құрамда дәлелде» деді».


Фото мұрағаттан

Ордабаев жоғары деңгейдегі алғашқы ойынын 1971 жылы 13 маусымда өткізеді. «Қайрат» Минскінің «Динамосын» қабылдайды.

Бірінші қырық бес минуттан соң біз 2:3 есебімен ұтылып жаттық. Екінші жаттықтырушы Владимир Сергеевич Болотов үзілісте Шведковтың орнына мені шығаруды ұсынды. Жігіттер мұндай шешімді қабыл алды. Жаныма келіп, қолдап, жігерлендірді. Ал Рожков арқамнан қағып, «Құрал, толғанба. Ерте ме, кеш пе бастау керек. Сенің уақытың келді!» деді. Толқымай көр – стадион лық толы. Тіпті стадионда аты-жөнімді қалай жариялағанын да естімедім. Ойым тек – ұжым мен жанкүйерлерді жерге қаратпау. Менің жағдайымды түсінген қорғаушылар екі рет маған пас беріп, допты сезіне білуге мүмкіндік берді. Осыдан кейін өзіме келдім. Екі рет допқа қарсы шығып, қауіпті сейілттім, бір соққыны алаң сыртына қағып жібердім.

Біраз жыл өткен соң, сол кезде алаңда не болғанын толық еске түсіру қиын. Әйтеуір білемін, біздің команданың ойыны жүріп, есепті теңестіре алды. Сол матч тең аяқталды – 3:3.

Бапкерлер ойынды талдағанда мені мақтады. Бірінші жетістік қанаттандырады. Мен де сенімділікті сезіндім. Оның үстіне, өзімнің түздегі алғашқы ойынымды ежелгі қарсыласымыз Ташкенттің «Пахтакорына» қарсы өткіздім. Біз төтеп бердік – 1:1. Қарсыластың алаңындағы мұндай есеп еңсемізді көтерді. Содан бастап бапкерлер маған сенім артатын болды. Сөйтіп, мен негізгі құрамда дубльге қарағанда көп ойын өткіздім.

Тұп-тура бір айдан кейін Ордабаев өз қақпасына бірде-бір гол жібермей, жоғары лигадағы бірінші «құрғақ» ойынын өткізді. Әрі қандай матч – Киевтің «Динамосымен»! Жалпы, ол «Қайрат» сапында, жоғары лигада 52 құрғақ матч өткізген. Владимир Лисицынның оған дейінгі жетістігінен асып түскен. Мәңгілік рекорд! Оның еншісінде тағы бір рекорд бар – бір маусымдағы 30 ойынның 15 матчын «нөлмен» аяқтаған. Бұл да мәңгілік! Мәңгілік!

1971 жылы «Қайратта» топсасы берік қақпа күзетшісі пайда болғаны анық білінді. Бәрінен ғанибеті, Қазақстан футболының түлегі. Сол жылы «Қайрат» сапында 15 матч өткізген Ордабаевты «Смена» жорналы маусымның ең үздік жаңа ойыншыларының бірі деп таныды. Талантты жігітке КСРО жастар құрамасы селекционерлері де назар аударады. Тіпті жастар арасындағы кезекті Еуропа чемпионатының 1971 жылы 27 қазанда, Мәскеуде испандықтармен өтетін кездесу жиынына шақырады.

Алғашқы жылғы екінші және үшінші, яғни «Пахтакормен» және «Зарямен» өткен матчтарда оның қақпасына голдар пенальтиден ғана соғылады. Бұл оның спорттық зығырданын қайнатады – пенальти ұстап үйренемін!

«Қайрат» сапында Ордабаев бірінші рет онбірметрлікті КСРО кубогында тойтарады. 1972 жылы 18 наурызда Хостада алматылықтар Мәскеудің «Локомотивімен» кездеседі. Ойынның аяғында алматылықтар қақпасына пенальти беріліп, жас қақпашы Юрий Чесноковтың соққысын тойтарады.

«…Онбірметрлік – бұл азап… Бұл жағдайда қақпашы барлығы үшін, дені сау адамға қарсы – есінен ауысқан жандай. Секундтың санаулы бөліктері ішінде зулай ұшқан былғары ядроны қарсы алу және тойтару қажет», – пенальтиді осылай сипаттаған, танымал неміс голкипері Харальд Шумахер өзінің елді даурықтырған «Свисток» кітабында.

Шынымен де, өзің қорғайтын 18 шаршы метр ауданды небәрі 11 метр жерден шамамен сағатына 100 километр жылдамдықпен ұшатын доппен атқанда, өзіңе-өзің ие болу – жүйкесі жұқа жандарға арналған іс емес. Сондықтан Ордабаев – отандық футболдағы өте сирек құбылыс. Әйтеуір онбірметрліктерді тойтаруда оған тең келер ешкім болмаған, ашығын айтсақ, қазір де байқалмайды...


Қақпа және қақпашы. Фото - Э.Гавриш
– Пенальти ұстау – қақпашының аса маңызды міндеті. Онбірметрліктерді дарытпау үшін жаттығуларда біраз тер төгуге тура келді. Бұл – тек физикалық сапа емес, ең бастысы, психологиялық тұрақтылық мәселесі, – дейді Құралбек Досжанұлы.

1973 жылғы КСРО чемпионатының ерекшелігі сол, ойын тең аяқталған жағдайда матчтан соңғы пенальтилер соғылатын еді. Міне, осы кезде Ордабаев өз қабілетін паш етеді.

1973 жылғы чемпионаттың қорытындысы бойыншы «Қайрат» жоғары лигадағы командалар арасында ойыннан кейінгі бейресми пенальти ұру бәсекесінен бірінші орын алады. «Қайраттың» осындай 11 дуэлдің 10-ында жеңіске жетуінде негізінен Ордабаевтың еңбегі зор. Жекелей сында ол 14 пенальтиді тойтарып, өзінің әріптестерінің алдын орап кеткен: Владимир Пильгуй («Динамо» Мәскеу), оның есебінде – ойыннан кейінгі 11 тойтарылған пенальти, Давид Гогия («Динамо» Тбилиси) және Александра Прохоров («Спартак» Мәскеу – екеуі де 10.

Кеңес футболының тарихы мен статистикасының атасы Константин Есенин оған мынандай сипаттама берген:

«Жалпы, қазіргі қақпашылардың ішінде пенальтиді көп тойтарған Ордабаев («Қайрат») – 6. Егер еске түсірер болсақ, ол бірінші лигада бір маусымда 5 пенальтиді ұстаған (негізі 4 – автор). 1973 жылы тең аяқталған ойыннан кейін пенальтиге жүгіну басталғанда, ол 13 тойтарды (негізі 14 – автор), турасын айтайық, бізің футболдың тарихынан одан басқа мұндай пенальти тойтару шеберін табу мүмкін емес те. Атақты Жмельковтың тойтарған онбірметрліктерінің пайызы сәл жоғары, бірақ абсолютті цифрларда Ордабаев одан асып түсті». («Футбол-Хоккей», №51, 24.12.1978 ж.).

Есениннің жүргізген зерттеулердің барысында Құралбек Ордабаевтың 1973 жылғы маусымда ресми дерек көздерде көрсетілгендей, матчтан соң 13 емес, 14 пенальти тойтарғанына көз жеткіздік. Оған ойын үстінде қайтарған 2 пенальтиін қосамыз. Сонда бір маусымда барлығы 16 пенальти тойтарған!

Сөйтіп, мынандай деректер анық байқалады. Ордабаев өз карьерасында 24 пенальтидің 7-ін дарытпаған, бұлар – жоғары лигадағы ойындар кезінде өз қақпасына белгіленгендері. Енді бұған 1973 жылғы матчтан кейінгі 14 пенальтиді қосамыз. Бәрін қоссақ – 21. Керемет! Көңіл бөлерлік дерек, Ордабаев ойын үстінде пенальти тойтарғанда бірде-бір футболшы оның қақпасына гол соға алмаған. Яғни допты қайыра соғуға ешкім де үлгермеген. Мүмкін, бұл біздің, республика қақпашысының нүктеден зулаған допты қалай тойтаратындығына байланысты шығар? 


Аударған Нұрғазы САСАЕВ

Тізімге қайта оралу