|   |   |  Тимур және оның командасы

Тимур және оның командасы

Тимур және оның командасы
Фото мұрағаттан алынды

Мен өз өмірімді футболға арнаған адаммын. Футбол менің өмірімде әрдайым бірінші орында болды және қала береді... Футбол – бұл мен үшін бәрі, бұл – екінші мен...

1964 жылғы 26 тамызда Мәскеудегі Ленин атындағы Орталық стадионда өткен жергілікті «Спартак» пен «Қайрат» арасындағы әйгілі матчтан соң Қазақстан футболының болашақ жұлдызын, аяқдоп өнеріндегі аңыз адамын тура осылай атай бастаған.

40 000 көрермен тек КСРО-64 чемпионатындағы таң қаларлық ойынның куәсі ғана болған жоқ, алматылық футбол жасағының орындауындағы нағыз жалын шашқан аяқдоп өнерін тәнті болады да. «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, қос голды да шабуылшы Тимур Сегізбаев соғады. Бүгінде қазақ футболының көзі тірі аңызы сол матчты сүйсіне отырып, есіне алады.


Фото - Э.Гавриш

«Тимур және оның командасы» деген эпитетті шығарған Кеңес футболының патриархы Николай Петрович Старостин, – дейді Тимур Санжарұлы, әңгіме осы аңызға айналған ойын жайлы өрбігенде. – Жеңіс қуанышы мен мақтанышынан бөлек, бізде мәскеуліктердің қақпашысы Владимир Лисицынға деген аяушылық сезімі де болды. Себебі, ол соның алдында ғана «Қайраттан» «Спартакқа» ауысқан болатын. Ал сол жылы мамыр айында КСРО құрамасы сапында алғаш рет ойнап, Уругваймен өткен матчта өз қақпасына гол жібермеген еді.

Ал менің голдарым оның КСРО құрамасына одан әрі шақыртылу мүмкіндіктерін сызып тастағандай болып шықты. Әсіресе, біріншісі. Мен айып алаңы сызығынан қақпаға қарай допты тептім, ал қорғаушы менің аяғымдағы допты қағып жібермек болып, көк майса желек үстімен сырғанай атылды да, зулай ұшқан доп оған тиіп, ойға келмес бағытпен тайқып барып, алыс тоғыздыққа «қадалды». Екінші голды алыстан, отыз метрдей жерден соқтым. Теңбіл доп ұшып бара жатып, бағытын оқыс өзгертіп, Володьканың жағасынан асып, сүңгіді де кетті. Лисицын артынан жыларман болып, «не істедің сен маған» деп қынжылды. Бұл футбол – біреу жеңеді, біреу жеңіледі...

Сол ойында Қазақ КСР Спорткомитетінің төрағасы Кәркен Ахметов те болған. Азиядан ұшып келген кезі еді. Ол біздің киім ауыстыратын бөлмеге келіп, алып келген базарлығы – пілдің баласын көрсетіп, командадан «үздік ойыншы жүлдесін кімге берсем екен» деп сұрады. Жігітттер «Спартакқа» екі гол соққан ойыншыға беріңіз» деп, шу ете қалды!

«Спартак» пен оның жанкүйерлерін бұл жеңіліс есеңгіретіп кеткендей болды. Одаққа көп таралған апталықта ізі суымай «Спартак». Не болды оған?» деген мақала жарық көрді, онда қызыл-ақ жейделілердің бастығы, еңбек сіңірген спорт шебері Николай Старостин бұл матчты талдап шықты.

«Бізге «Қайратпен» ойнау үнемі қиынға соғатын. Екеуара кездесулеріміздің саны 10-нан асып кетті және бірде-бір рет ұтылған жоқпыз. Бірақ бірде-біреуінде де жеңіс оңайшылықпен келген емес. Бір голмен басым түсудің өзі орасан зор күш-қуатты қажет ететін. Ал бұл жолы «Қайрат» шектен тыс жанкештілік танытты. Әсіресе екінші таймда қонақтар көшбасшылардың кезкелгенімен сәтті ойнай алатындай қарқында өткізді... Сегізбаев соққан доптар – орындалуы жағынан сирек кездесетін голдар». («Футбол-Хоккей», №35, 30.08.1964 ж.).

Нақтырақ айтар болсақ, 1964 жылдың 26 тамызына дейін Мәскеуде «Спартак» пен «Қайрат» 8 ресми кездесу өткізген болатын (7 – КСРО чемпионатында, 1 – кубок додасында). Басымдық даусыз, 8 ойынның бәрінде де «Спартак» жеңген. Доп айырмасы: 1–13. Бұл статистикадағы жалқы жұбаныш: «Қайрат» алты ойында бір доп айырмасымен ғана ұтылған – 0:1.

«Спартактың» қақпасына соғылған екі гол. бұл – Тимур Сегізбаевтың карьерасындағы ғана емес, жалпы «Қайрат» пен Қазақстан футболы тарихының да ең жарқын парағы. Оны тіпті Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин де, 1997 жылы орыс футболының 100-жылдық мерейтойы құрметіне Тимур Сегізбаевқа сыйлық тапсырғанда есіне алған. Жалпы, Сегізбаев туралы сөз қозғала қалса, бәрі көбінесе «Спартактың» қақпасына соғылған осы екі голды естеріне алады.

Бірақ маңыздылығы жағынан бұдан кем түспейтін, әйтсе де көлеңкеде қалып қойған тағы бір дубль бар. Дегенмен, бәрін де ретімен бастайық. Сөз – Сегізбаевта:

Негізі, мен Семейде туғанмын. Қызыл Әскер офицері отбасында баланың үлкені болдым. Кейіннен біз Алматыға көшіп келіп, Кіші Алматы өзенінің бойындағы ауданда, Киров және Өзбек көшелерінің қиылысында тұрдық. Балалар ол кезде футболды көшеде ойнайтын. Жолдарды футбол алаңы ретінде пайдаланатын. Ол кезде машина деген жоққа тән ғой. Оқта-текте жалғыз-жарым арба өтеді. Болды. Қақпа бағанасы ретінде үйіп, құм мен балшықты қоямыз, ал доп орнында – ескі-құсқы шүберекпен тығыздалған шұлық. Есесіне құмарпаздық болды, балалардың көздері жанып тұратын, ал аналарымыз бізді үйге айдап кіргізе алмайтын. Төртінші сыныптан кейін ата-анам мені Талғар шатқалындағы пионерлер лагерінің үш ауысымына түгелдей жіберді. Онда біз футболмен ұйымдасқан түрде айналыстық.

Тамыз айының аяғында «Спартак» стадионында пионерлагерлер біріншілігі өтті, онда мені Георгий Алексеевич Козелько, менің бірінші жаттықтырушым, байқап қалыпты. Өзі - әскерден қайтқан майдангер. Сол кезде Киров атындағы зауытқа қарасты «Авангард» футбол мектебін басқаратын. Козелько – біршама жақсы футболшыларды тәрбиелеп шығарған, кең пейілді адам және көрнекті педагог...


Фото мұрағаттан алынды

Мен шабуыл шебінде ойнайтынмын, ылғи гол соққанды ұнататынмын. Ол кезде Алматыда футбол мектептері көп, ал қала біріншілігі маңызды дода болатын. Тек үздіктер іріктелініп алынатын республика құрамасы сапында екі рет КСРО оқушылары Спартакиадасында өнер көрсеттім – 1957 жылы Ригада және 1958 жылы Тбилисиде. Грузия астанасында Армения оқушыларымен естен кетпес, өте шиеленісті ойын болды. Бірінші таймнан кейін біз 0:5 есебімен ұтылып жатқанбыз, ал екінші таймда мен бес гол соғып, ойын тең аяқталды. Маған, 17 жастағы бозбалаға, сол матч өз қабілетіме деген сенімділігімді күшейтті. Содан соң мен Алматыдағы жастар футбол мектебіне қабылдандым, ал сәл кейінірек Денешынықтыру институтына түсіп, «Қайраттан» бір-ақ шықтым...

«Қайрат» сапында, Кеңес футболының жоғарғы тобындағы алғашқы ойынын Тимур Сегізбаев 1960 жылы 14 мамырда Минскіде жергілікті «Беларусь» командасымен өткізеді. Содан екі күн бұрын Сегізбаев 19-ға толған болатын. Жас ойыншы сол ойында екі гол соғады. Бұл «Қайраттың» жоғары лигадағы алғашқы жеңісі, ал Сегізбаевтың Кеңес футболының ең жоғарғы дивизионындағы бірінші дублі болатын!

«Қонақтар өздерінің қақпасын қорғауға көп көңіл бөлді, бірақ шабуылды да ұмытқан жоқ. Негізінен олар үш ойыншымен шабуылдады, бірақ шабуылдары өте қатерлі болды... Ойынның бірінші жартысының 18-ші минутында және екінші жартысының 16-шы минутында Сегізбаев асықпай, кедергісіз, қақпаға екі доп тоғытты». («Физкультурник Белоруссии», №40, 17.05.1960 ж.).

Сегізбаевтың келесі голын үш жыл тосуға тура келді. Бірақ ол қандай маңызды болды! 1963 жылы 26 мамырда 33-градусты аптап ыстықта «Қайрат» Мәскеудің «Торпедосын» қабылдады. Виктор Масловтың командасы жаппай шоқжұлдыздар еді: қақпашы Анзор Кавазашвили, Одақ құрамасының капитаны Валерий Воронин, Виктор Шустиков, Михаил Посуэло, Борис Батанов... Кездесудің аяқталуына ширек сағат қалғанда Сегізбаев матчтағы жалқы голды соғады.

Ворониннің аяғының астынан, алыстан теуіп, КСРО құрамасы мен Мәскеудің «Торпедосының» қақпашысы Кавазашвилиге гол соқтым. Ол допқа қалай атылып, басымен бағанаға соғылғанын, бірақ гол жіберіп алғанын күні бүгінге дейін есіне алады, – дейді Тимур Санжарұлы.

Жалпы, Сегізбаев екі аяғымен де допты қатты тебе алатын, ол кездегі футболшыларда мұндай қабілет көп кездеспейтін:

Соққыларымды жаттығуларда екі аяғыммен де теуіп, машықтандым. Жалпы, маған қашанда «Қайраттың» жеңіске жеткені маңызды болатын, голды кім соқты, ол маңызды емес. Әрдайым командадағы достарыма ойымдағыны көздеріне айта алатынмын. Біз ең күшті командалардың өздерін жеңе де және күтпеген жерден «Колхозчи» немесе «Алғадан» жеңіліп те қала алатынбыз. Бірақ КСРО чемпионаттарының азулы командаларының мойындағандарындай, бәрі де Алматыға имене келетін. Біз алаңда соңына дейін шайқастық, сондықтан олпрға «Қайратпен» түзде тең түсу үлкен жетістік болып саналатын.

Сол жылдардағы «Қайрат» – бұл біздің барымыз болатын! Футболымыз да, тұрмысымыз да, тіпті киномыз да! Сегізбаев аты аңызға айналған режиссер Шәкен Аймановтың өзінің «Тақиялы періште» фильміне футболшыларды қалай түсіргенін рахаттана есіне алады:

Шәкен Айманов павильондарда түсіргенді суқаны сүймейтін, ол табиғи түсірілімдерді ұнататын. Орталық стадионға қымбат аппаратура әкелінді, содан біз фильмге бес минуттық эпизод түсіру үшін, режиссердің әмірімен алаңда күні бойы жүгірдік. Айманов «Мен сендердің барлық сөлдеріңді сығып аламын!» деп қояды.

Ғажап, Тимур Сегізбаев гол соққан ойындардың бәрінде «Қайрат» бірде-бір рет ұтылмаған – 16 жеңіс (!). Әрі сол жеңістердің бәрінде «Қайрат» өз қақпасына гол жібермеген және үш рет тең түскен!

Футболшылық карьерасын аяқтаған соң Тимур Сегізбаев жаттықтырушылық карьерасын бастайды. Қызылорданың «Автомобилистін», Қарағандының «Шахтерін», «Кайратты», Йемен Халықтық-Демократиялық Республикасы құрамасын, қайтадан «Қайратты» жаттықтырған. Одан кейін, еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізген бастапқы жылдары Спорткомитетте және Қазақстан футбол қауымдастығының басшылық лауазымдарында қызмет етті.

Тимур Сегізбаевтың еңбегін Елбасы да лайықты түрде бағалап, еңбек сіңірген ардегерді 70-жылдық мерей тойында «Отан» орденімен марапаттады.

«Мен өз өмірімді футболға арнаған адаммын. Футбол менің өмірімде әрдайым бірінші орында болды және қала береді... Футбол – бұл мен үшін бәрі, бұл – екінші мен. Егер өмір бойы солай жүруге болатын болса, мен онда бидайдың масағындай алтын түстес, көгілдір түспен әрленген, арқасында «10» деген нөмірі бар жейде киіп жүрер едім. Ал алдыма «қорғау және абырой» деп жазып алар едім. Өйткені мен үшін абырой – қандай да жағдай болмасын, өз клубыңа жан-тәніңмен берілу! (Б. Галинская-Мусина «10 дней и вся жизнь Тимура Сегизбаева» кітабынан).

Аударған Нұрғазы ЖАППАРҰЛЫ

Тізімге қайта оралу