Главная страница
 |   |   |  Чемпиондар лигасы – Баға мен шама

Чемпиондар лигасы – Баға мен шама

Чемпиондар лигасы – Баға мен шама
Фото uefa.com сайтынан алынды

Осы аптада Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан 16 команданың бірінші қарсыластары жеребе арқылы анықталды.

Енді осы тас шайнап құр құм бүркетін азулы ұжымдардың қазіргі құнына бір тоқтала кетсек. Қайсысының доп додасын әрі қарай жалғастыратынын тек жасыл алаңдағы ойындар шешеді. Алайда, осы көрсеткіштерге қарап-ақ, әр команданың шама-шарқын бағамдап, қайсысының фоварит екенін бағамдауға болады. Ең алдымен, transfermarkt.de порталы деректеріне сүйене отырып, 1/8-финалына шыққан клубтардың қазіргі нарықтағы құнына тоқталайық. Әрі бір-бірімен өзара кездесулерінің нәтижелеріне шолу жасап өтеміз.

«Ювентус» – «Тоттенхэм»

Аталған екі команда арасындағы қос бірдей тартысты ойынның куәгері болмақпыз. Неге десеңіз, деңгейлері де, шама-шарықтары да – бірдей. Бұған екі команданың бағалары дәлел. «Ежелгі синиора» 540 млн. еуроны құраса, лондондық клуб сәл қымбаттау, яғни 551 млн. еуроға бағаланып отыр. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, ара айырмашылықтары соншалықты көп емес. Оның үстіне екеуі бір-бірімен тек бір рет кездесіп, өткен жылы туриндіктер 2:1 есебімен жеңіске жеткен екен. Естеріңізге сала кетейік, кезінде «Ювентустың» өзі «Астананың» бұрыңғы ойыншысы Неманья Максимовичтке қызығушылық танытып, қатарларына қосқылары келген. Бірақ серб саңлағының таңдауы Испанның «Валенсиясы» болған еді.

«Манчестер Сити» – «Базель»

Осы жұпта ағылшындықтардың қиналмай өтетіні анық сияқты. Мұны «қалалықтардың» биылғы тамаша көрсеткіштеріне қарап айтып отырмыз. Қалай десек те, Гвардиола жігіттерінің деңгейі мен ойынын швейцарлықтармен қай жағынан салыстырсақ та – әлдеқайда жоғары. Қарапайым дәлел,   «Манчестер Сити» клубы 629,5 млн. еуро ал, «Базель» 48,8 млн. еуро тұрады. Айырмашылықты сездіңіз бе?  Өзіңнен 10-12 есе дәулетті ұжыммен додаға түсудің салдары қандай болатынын осы текетірестен соң көреміз. Айта кетерлігі, осыған дейін екі ұжым бір-бірімен мүлде кездеспеген екен. 

«Порту» – «Ливерпуль»

Бұл клубтар арасындағы тайталаста жолдаманы кімнің алары анық секілді. «Порту» ғайыптан тайып, сенсация жасайды дегенге сенушілер қарасы аз. Неге дерсіз? Біріншіден, осыған дейін «Айдаһарлар» мен «Мерсисайдтықтар» 4 рет кездесіп, 2 ойында «Ливерпуль» жеңіске жетсе, 2 матч тең аяқталған. Ал transfermarkt.de  деректері бойынша, «Ливерпуль»  514 млн. еуро, «Порту» 181 млн. еуро шамасында бағаланған. Алайда, қазір УЕФА рейтингінде «Порту» (13) қарсыласы «Ливерпульдан» (34) жоғары тұр. 

«Севилья» – «Манчестер Юнайтед»

Біздің елімізде де өзіндік жанкүйерлер шоғыры қалыптасқан тағы бір ағылшындық алпауыт команда саналатын «Қызық сойқандар» Еуропа лигасында үш жыл қатарынан қарсылас шыдатпаған севильялықтардан емтихан қабылдайды. «Манчестер Юнайтед» 593 млн. еуро, ал «Севилья» 230 млн. еуро тұрады дегенмен, дәл осы жерде таразы басы тең. Бұны есте ұстау керек. Өйткені, «Севилья» – Еурокубок бәсекелерінде шыңдалған ұжым. Топтық кезеңде жоғарыдағы «Ливерпульмен» өз алаңында қалай ойнағанын еске алып көрсек жеткілікті. Бір қызығы, осы екі клуб бір-бірімен жасыл алаңда әлі кездеспеген екен.


«Реал» (Мадрид) – «Пари Сен-Жермен»

Біздің елде «Реал» (Мадрид) десеңіз, ішер асын жерге қоятын жанкүйерлердің қарасы өте көп екенін білесіздер. Чемпиондар лигасының осы кезеңдегі ең тартысты да, шиеленісті ойыны осы жұптағы кездесулер болатыны сөзсіз. «Галактиос» 745 млн. еуромен биылғы турнирдің ең қымбат командасы болып отыр. Париждіктер де құр алақан емес, 648 млн. еуромен алдына «Барселонаны» да салып, үшінші орында тұр. Неймар тағы да Роналдумен бетпе-бет келсе, аргентианлық Анхель Ди Мария өзінің бұрынғы командасына қарсы ойнайды. Оның үстіне, бұған дейінгі өзара кездесулеріне қарап та,  шектен тыс шиеленісті ойындардың куәсі болатынымызға көз жеткіземіз. Қос ұжым осыған дейін 7 рет кездесіп, 2 рет «Реал», 3 мәрте ПСЖ жеңіске жеткен екен. Қалған 2 матчта «итжығыс» түскен. Қысқасы, жан алысып, жан беріскен ойындар осы екі команда арасында өтеді деп сенеміз.

«Челси» – «Барселона»

Сөз жоқ, бір-біріне жақсы таныс қарсыластар. Бұған дейін 16 рет кездесіп, бірін-бірі 5 рет сүріндірген. Қалған 6 ойында тең тарқасыпты. Міне, нәтиже. Қазақстанда да фанаттары көп «Барселона» сапында «ақсүйектермен» ойын тәжірибесіне ие болған Луис Суарес, Ракитич және Пике ойнайтын болса, «Челси» сапында Блаугрананың бұрыңғы екі ойыншысы, яғни Педро Родригес пен Сеск Фабрегас тер төгіп жүр. Олардың да алаңға шығатындары анық. Осы орайда отқа май құя түсу үшін, немістің transfermarkt.de порталының мәліметтеріне кезек берейік. «Барселона»  690 млн, еуроға, ал «Челси» 632 млн. еуроға бағалаған екен. Яғни, бұл текетіресте бәрі тең екенін анық байқап отырмыз.  Ал қайсысының бағы жанары келер жылдың 20 ақпаны күні белгілі болады.

«Шахтер» – «Рома»

Дәл осы жұптағы командалар біз сіздерге бірінші ұсынатын деректі теріске шығарады. Таратып айтар болсақ, Украинаның бетке ұстары саналатын «Шахтердің» жалпы құны – 103 млн. еуро. «Рома» 327 млн. еуродан асып түседі. Ал «теріске шығарады» деген сөздерімізге келсек, 2006-2011 жылдар аралығында екі ұжымның жолы Чемпиондар лигасында төрт рет түйісіпті. Ал соның 3-еуінде «Шахтер» басым түссе, тек бір ойында «қасқырлар» жеңген. Яғни, футболда бәрін де ақша шешпейді. Бірінші орынға командалық рух пен жеңіске деген жігер шығады дегенді аңғартса керек.  Алайда, «Ромаға» сол бір жеңістің өзі (4:0) 2006 жылы Еурододаны әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік берген. Осылайша, плей-оффта үшінші рет кездескелі отырған клубтардың арасындағы ойындар қызық болатын секілді.

«Бавария» – «Бешикташ»

Бұл кезеңнен «Бавария» сүрінбеуі керек секілді. Қай жағынан алып қарасаңызда, Юпп Хайнкес келгелі адымы шираған немістер сөзімізді қуаттайды. Бұл жұптағы командалар 1997 жылы Чемпиондар лигасының бір тобында ойнағанда, «Бавария» екі ойында да 2:0 есебімен жеңіске жеткен. Мұны бір деңіз. Бір қызығы, өз отандастарының басымдығын transfermarkt.de  сайты да айқындайды. Оларға сенсек, «Бавария» 600 млн. еуро, ал «Бешикташ» 114 млн. еуродан жоғары тұратын көрінеді. Демек, бавариялықтар бұл кезеңнен өтуі керек, әрі ширек финалды ойлай берсе де болатындай.

Тізімге қайта оралу