Главная страница
 |   |   |  «Астананың» рекордына «Вильярреал» нүкте қойды

«Астананың» рекордына «Вильярреал» нүкте қойды

«Астананың» рекордына «Вильярреал» нүкте қойды
«Астана» – «Вильярреал» – 2:3. Фото: fca.kz

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі бесінші ойынын өз алаңында өткізіп, Испанияның «Вильярреал» клубынан ұтылып қалды.

«Астана-Арена» стадионы көрерменге лық толды. Ішке кіре алмай, сыртта қалғандары қаншама... Енді ше, қазақ топырағына Испанияның өткен маусымдағы бесінші командасы келді. Алдына тек «Реал», «Барселона», «Атлетико» және «Севилья» сынды айбынды командаларды салған – «Вильяреал»...

Матч қарсаңында «Вильяреалдың» бас бапкері Хавьер Кальеха «алаңға барлық үздіктерімізді шығарамыз» дегенімен, бір саусағын бүгіп қалды. Қазан айында Испания «Ла лигасының» ең үздік ойыншысы атанған Седрик Бакамбуді, сондай-ақ Марио Гаспар, Хауме Коста сынды тәжірибелі ойыншыларын алаңға шығарған жоқ.

Ол түсінікті, Хавьер Кальеха алдағы жексенбіде «Севилья» клубымен өтетін ойынды да ойлайды. Әрі қарамағындағы шәкірттері бірін-бірі жоқтатпай, алмастыра алады. Қалғандарына да мүмкіндік беру керек. Ойыншыларының деңгейлері шынымен де – өте жоғары.

Станимир Стойлов та қарсыласының қандай қарымды команда екенін жақсы біледі. Сондақтан алаңға бес қорғаушы шығарды. Сонысы дұрыс болыпты, «Вильяреал» бірінші таймда-ақ атойлап алға шапты. Рас, жасанды алаңға бірден бейімделіп кете алмады. Әйтсе де, алаң иелерін тықсырып, тізгін тартқан жоқ.

Әйтсе де, бірінші голды «Астана» соқты. Қарсы шабуылдардың бірінде Джуниор Кабананга теңбіл допты алыстан доғаша иіп, қақпаға дөп түсірді. Стадион дүр сілкінді. Қонақтардың қақпашысы сәл кешірек секіріп, допқа жете алмай, қапы қалды...

Осы голға дейін де, бұдан кейін де «Вильяреалдың» гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ Ненад Эрич шапшаңдық танытып, тез шешім қабылдап, олардың небір қауіпті соққыларын қайтарды. Қорғаушылар да жанкештілік танытып, бірнешеуін тойтарды.

Әйтсе де, «Астана» бұрыштама соққысын орындау құқығына ие болып, ойыншыларының көбісі алға кетті де, қонақтардың жылдам шабуыл ұйымдастыруларына мүмкіндік беріп қойды. Оң қанатта жалғыз қалған Даниэль Раба өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Шірене теуіп, есепті теңестірді.

«Вильяреал» екінші таймды да жоғары қарқында бастады. Шабуылды үдетіп, «Астананы» кейін қарай тықсырып тастады. Алаң иелері аракідік қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Бірақ Испания клубы жасанды алаңға бейімделіп, көсіле сілтей бастады.

Ойынның басталғанына бір сағат болған кезде, яғни 60-минутта алаңға Седрик Бакамбу шықты. Болашағы зор шабуылшы сияқты. Көп ұзамай, біздің қорғаушылардан сытылып кетіп, өз командасын алға шығарды. Ұстараның жүзіндей лыпылдап, қолды-аяққа тұртын емес. Өте шапшаң қимылдайды.

Ойын аяғында «Астана» қорғаушыларының қателігін пайдаланып, Бакамбу тағы бір гол соқты. «Астана» футболшыларының көңіл-күйлері түсіп, ойындары жүрмей қойды. «Вильяреалдың» алаң талғамайтын қас шеберлері адымдарын аштырмады. Өте шапшаң қимылдайды, допты ұршықша үйіреді.

Матч соңында Станимир Стойлов орталық қорғаушысы Юрий Логвиненконың орнына екінші шабуылшысын (Джордже Деспотовичті) шығарып, тактикасын өзгертіп көрді. Әрі қонақтар да «бәрі осымен бітті» дегендей, қарқындарын сәл бәсеңдеткендей болды.

Осыны пайдаланып, Патрик Твумаси есепті қысқартты. Сол-ақ екен, көрермендер қиқу салып, «Астана» футболшыларын жігерлендіріп, қамшылаумен болды. Ойын мейілінше қыза түсті. Өкінішке қарай, таразы басын теңестірудің сәті түспеді. Қазақстан чемпионының Испания клубына азуы батпады...

Жалпы, «Вильярреал» Қазақстан чемпионы үшін қолайсыз қарсылас болып шықты. «Астананың» үш жыл үш айға созылған үйдегі рекорды үзілді. Яғни Еурокубок додасында 17 ойын бойы жеңілмеген ел чемпионы бүгін ұтылды. Бір қызығы, 2014 жылғы 21 тамызда да, бүгін де «Вильярреал» клубына есе жіберді...  

«Астана» – «Вильярреал» – 2:3 (1:1)

Голдар: Кабананга, 22 (1:0). Раба, 40 (1:1). Бакамбу, 65 (1:2). Бакамбу, 83 (1:3). Твумаси, 88 (2:3).

Ескертулер: Шомко, 53. Маевский, 70. Граховац, 90+3. Кабананга, 90+4 – Марин, 63. Сансоне, 76.

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко (Деспотович, 83), Постников, Шитов, Бейсебеков (Граховац, 68), Маевский, Мұжықов (Томасов, 71), Твумаси, Кабананга.

«Вильярреал»: Барбоcа, Марин, Руис, Бонера, Рукавина, Эрнандес, Тригерос, Раба (Гуэрра, 77), Форнальс (Бакамбу, 60), Бакка (Сориано, 67), Сансонe.

Төрешілер: Мажейка, Шимкус, Казлаускас (бәрі де – Литва)

23 қараша. Астана. «Астана Арена». 29 800 көрермен.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 13 – 19
Тура соққы: 4 – 9
Қиыс кеткені: 4 – 4
Тойтарылғаны: 5 – 6
Бұрыштама соққылар: 6 – 8
Офсайдтар: 5 – 2
Доп иелену: 38% – 62%
Пастар дәлдігі: 76% – 87%
Пастар: 301 – 671
Дәл пастар: 229 – 587
Ескерту (сары қағаз): 4 – 2
Ереже бұзу: 14 – 12 

Тізімге қайта оралу