Главная страница
 |   |   |   |  «Астананың» үйдегі рекорды «Вильярреалдан» кейін басталған...

«Астананың» үйдегі рекорды «Вильярреалдан» кейін басталған...

«Астананың» үйдегі рекорды «Вильярреалдан» кейін басталған...
«Астана» мен «Вильярреал»... Фото: fca.kz

«Астана» бейсенбі күні Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында Испанияның «Вильярреал» клубын қабылдайды.

Бұл – «Астана» клубының биылғы маусымда өз алаңында өткізетін соңғы ойыны. Әрі өте маңызды матч. «Астанаға» жеңіс ауадай қажет. Алайда қалған екі қарсыласы да – азулы командалар. Ал Қазақстан чемпионы өз алаңында жақсы ойнайды. Сондықтан «Астана-Арена» стадионында жанкүйерлерін арқалана отырып, қамшыны басу керек.

Өздеріңіз білесіздер, «Астана» клубының Еурокубок додаларындағы қарсыластарын жоғарыда аталған стадионның жасанды желегі үстінде шыр айналдырып, ұтылмай келе жатқанына біраз уақыт болды. Соңғы рет 2014 жылы 21 тамыз күні дәл осы «Вильярреал» клубынан ұтылған (0:3).

Содан бері, уақыт белдеуі әсер етіп, алыстан шаршап-шалдығып келген қарсыластарына есе жібермей келеді. Содан бері, «Астана» өз алаңында 17 ойын өткізіп, тоғыз рет жеңіске жетіп, сегіз ойынды тең аяқтады. Содан бері, жеңілістің кермек дәмін әлі татқан жоқ...

Содан бері, бірнеше команда «Қазақстан чемпионының үйдегі рекордына нүкте қоямыз» деп лепіріп келіп, есеңгіреп қайтқан. Құдды, кәсіпқой бокс рингіндегі жекпе-жекке дейін, отқа май құя түсетін боксшылардай бірнеше команда «семіз сөйлеп, арық шыққан».

Бұл ретте АПОЭЛ, «Легия», «Селтик», «Маккаби» (Тель-Авив), тіпті «Олимпиакос», «Янг Бойз», «Славия» клубтарын атап өтуге болады. Енді «Астананы» өз стадионындағы жасанды желек үстінде ойсырата жеңген «Вильяреалдың» өзі келеді...

Қалай болар екен, ә?! Тағы да Испания клубы жеңіп кетіп, Астананың үйдегі рекорды үзіліп, оған «Вильярреалдан» «Вильярреалға» дейін деп, айдар тағып жүрмейміз бе? Жоқ әлде, «Астана» «сары сүңгуірлерден» есесін қайтарып, үйдегі рекордын одан әрі сабақтай түсе ме?..  

Возврат к списку