Главная страница
 |   |   |  Ғажап – «Астана» “жерұйықта” «Маккабиді» жеңіп кетті

Ғажап – «Астана» “жерұйықта” «Маккабиді» жеңіп кетті

Ғажап – «Астана» “жерұйықта” «Маккабиді» жеңіп кетті
«Маккаби» (Тель-Авив) – «Астана» – 0:1

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі төртінші ойынын Израильдің Нетания қаласында өткізіп, «Маккаби» (Тель-Авив) клубын екі аптаның ішінде екінші рет тізе бүктірді.

«Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов жексенбі күні өтетін Қазақстан чемпионатындағы соңғы ойынды қаперінен шығармапты. «Ақжайықты» қайтсе де, жеңу керек. Сондықтан Нетанияда негізгі құрамдағы футболшыларының бәрін бірдей алаңға шығармады. Бір «саусағын» бүгіп қалды...

Марин Аничич пен Серікжан Мұжықовты қосалқы құрам орындығында «тұсаулап» ұстап отырды. Сондай-ақ Роман Муртазаевты әу баста да алаңға шығармады. Ал Срджан Граховац тіпті ойын хаттамасына енгізілмеді. Әрі бес қорғаушымен ойнады.

Қорғаныстың бел ортасын Сергей Малыйға сеніп тапсырды. Оның екі жағына Евгений Постников пен Игорь Шитов орналасты. Ал қапталдағы қорғаушылар міндетін Дмитрий Шомко мен Абзал Бейсебеков атқарды. Қорғанысқа тірек болар шепте Асхат Тағыберген мен Иван Маевский ойқастады.

Қазақстан чемпионы бірінші таймда тек қорғанумен болды. «Маккаби» қанша шүйілсе де, «Астананың» қорғанысын бұзып өте алмады. Сондықтан олар қақпаны алыстан нысанаға алып та көрді. Бірақ Ненад Эрич бәрін де қалт жібермей, тойтарып отырды. Тіпті ышқына секіріп, қақпа тоғыздығына бағытталған соққыларды да дарытпады.

Қорғаушыларымыз да өте мұқият ойнауға тырысты. Бір-біріне көмектесіп, тізе қоса қимылдады, Мұнымен шектелмей, Станимир Стойловтың шәкірттері қорғана жүріп, қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Бірақ ойынның бірінші жартысында алаң иелерін сан соқтырып кетудің сәті түспеді.

Екінші таймда да «Маккаби» атойлап алға шапты. Алайда Ненад Эрич олардың небір қауіпті соққыларын қайтарып, Малый бастаған қорғаушылар құйындай орап соққан шабуылдарын тойтарып, «Астана» сыр берген жоқ. Йорди Кройфф ойыншыларын ауыстырып, қандай тактика қолданса да, Қазақстан чемпионы алдырмады. Тіпті жылдам шабуылдар ұйымдастырып, алаң иелерінің қорғанысын піспектей бастады.

Екінші таймның басында, айналасы 20 секундтың ішінде Патрик Твумаси алаң иелерінің қақпасына екі гол соқты. Бірақ қапталдағы төреші қырағы екен, “микроскоппен” қарағандай, «Астананың» шабуылшысы «офсайдта болды» деп, алғашқысын есепке алмады. Алайда Гана құрамасының шабуылшысы бәрібір есеп ашып тынды.

Осы ойын сәтінен кейін, «Маккаби» сол қапталмен бірден шабуылға шыққан. Бірақ допты Абзал Бейсебеков тартып алды да, алға қарай құстай ұшты. Айып алаңының ішіне кірген бетте көлбеулете теуіп, допты Твумасидің аяғына салып берді. Патрик мүлт кеткен жоқ. Қақпашы оң жағына қарай қозғалғанда, қақпаның сол жақ бұрышын дәл көздеді. Гол!

Осы голдан кейін «Маккаби» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Қарқынын үдетті, шабуылды жиілетті. «Астана» тек допты алға қарай тебе салып, уақыт оздыруға тырысты. Ойын аяғына қарай Стойлов шаршаңқырап қалған ойыншыларын ауыстырып, тың күш қосты. Мақсат осы есепті уыстан шығармау болды.

«Маккаби» допты өздерінде көп ұстап, шабуылды үдете түскендерімен таразы басын теңестіре алмады. Олардың бірлі-жарым мүмкіндіктері болған жоқ та емес. Болды. Бірақ «Астананың» қорғанысы мейілінше мұқият ойнады. Десек те, қателескен сәттері де болды. Әйтсе де, алаң иелері гол соға алмай, діңкелері құрыды.

Сөйтіп, «Астана» түзде жеңіске жетті. Қоржынына үш ұпай салып, былтыр "Қайрат" жеңіліске ұшыраған "Нетания" стадионынан олжалы қайтты. Қақпашысы Ненад Эрич бар шеберлігін паш етіп, көпшілікті сүйсіндірді. Ойыншылардың бәрі де аянбай, жанкештілік танытты. Енді жексенбі күні «Ақжайықпен» додаға түседі...

«Маккаби» (Тель-Авив) – «Астана» – 0:1

Гол: Твумаси, 57.

Ескерту: Шенфельд, 66 – Тағыберген, 39.

«Маккаби»: Райкович, Давидзаде, Тиби, Бабен, Йейни, Рикан, Баттокьо, Блэкмен (Ацили, 77), Даса (Миха, 65), Атар (Шенфельд, 65), Кьяртанссон.

«Астана»: Эрич, Шомко, Постников, Малый, Шитов (Аничич, 88), Бейсебеков, Тағыберген (Мұжықов, 72), Маевский, Томасов (Муртазаев, 74), Твумаси, Кабананга.

Төрешілер: Рачковски, Обукович, Листкевич (бәрі де – Польша)

2 қараша. Нетания. «Нетания».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 23 – 7
Тура соққы: 5 – 2
Қиыс кеткені: 11 – 3
Тойтарылғаны: 7 – 2
Бұрыштама соққылар: 12 – 4
Офсайдтар: 3 – 5
Доп иелену: 68% – 32%
Пастар дәлдігі: 87% – 71%
Пастар: 624 – 252
Дәл пастар: 540 – 179
Ескерту (сары қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 4 – 10

Тізімге қайта оралу