Главная страница
 |   |   |   |  «Вильярреал» – «Астана»: Тізенің дірілі басыла қоймапты...

«Вильярреал» – «Астана»: Тізенің дірілі басыла қоймапты...

«Вильярреал» – «Астана»: Тізенің дірілі басыла қоймапты...
«Вильярреал» – «Астана» – 3:1. Фото: fca.kz

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңін Испанияда бастап, «Вильярреал» клубынан 1:3 есебімен ұтылып қалды.

«Вильярреал» биылғы маусымды көңілге қонымды нәтижемен бастай алмады. Испания чемпионатының алғашқы екі турында жеңілістің кермек дәмін татты. Тек үшінші турда, өз алаңында «Бетис» клубын жеңді...

Бүгінгі «Астанамен» болған ойыннан «Вильярреал» клубының спорттық бабына әлі келе қоймағанына көз жеткіздік. Жылдамдықтары аса жоғары бола қойған жоқ. Қазақстан чемпионын тықсырып, басымдық танытты деп айта алмаймыз.

Иә, «Астана» өз қақпасына үш гол жіберіп алды. Бірақ бәрі де өздерінің қателіктерінен кейін соғылды. Үш қателік – үш гол. Бірінші таймда қорғаушы Постников алдындағы допты теуіп жібермей, жаза басты. Екі көзі өзіне тақау ұшқан допта емес, «Вильярреал» шабуылшысында болғандай.

Никола Сансоне асып-сасқан Постиковтен сытылып кетті де, теңбіл допты шірене теуіп, Ненад Эричті де қапы қалдырды. «Астананың» қақпашысы аяғының астынан еніп кеткен допты тойтара алмай, пұшайман болды...

Екінші гол соғылғанда, Юрий Логвиненко екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылмауды ойлағандай. Әйтсе де, Седрик Бакамбюді құлатқан. Бірақ ол атып тұрып, допты қақпаға доғаша ие тепті. Қалған қорғаушыларымыз да бөгет жасай алмады. Қақпашы ышқына секірсе де, допқа жете алмай, жерге аунады...

«Эстадио-де-ла-Керамика» стадионында Джуниор Кабананганың гол соғатын жөні бар еді. Бірақ ол өз елінің ұлттық құрамасы сапынан шаршап келіп, Испанияға жете алмады. Ал оның отандасы, Конго ДР құрамасының соңғы екі ойынында да алаңға шыққан, тіпті Тунис қақпасына гол соққан Бакамбю «Астананың» қақпасын дәл көздеді. Кабанангаға бір сәлем...   

Үшінші гол соғылғанда да, «Астана» футболшылары қателесті. Әуелі алаңнын орта тұсында үшеулеп жүріп, доптан айырылып қалды. Содан соң, сол қанатта алға ентелеген Родриго Эрнандесті ешқайсысы тоқтата да, алдына ұзатып алған добын тартып та, ала алмай жаңылысты. Ол көлбеулете пас беріп, алаңға шыққанынан шықпайтыны көп Черышевтің бағы жанды...

Негізі, «Астана» қандай әдемі гол соғып еді. Твумаси бұрыштама соққысын орындап, допты әуелете асырған. Ал Юрий Логвиненко ышқына атылып, алаң иелерінің қорғаушыларын сан соқтырып, басымен гол соққан болатын. Алайда, Қазақстан чемпионы тең ойынды уысынан шығарып алды.

«Астана» клубына бұл ойында орталық шабуылшы жетіскен жоқ. «Вильярреал» қорғаушыларының екі аяқтарын бір етікке (бутсыға) тығатын бесаспап ойыншы болмады. Әрине, Испания клубы – өте азулы, ойыншыларының деңгейі – біршама жоғары. Десек те, бүгін олар айқын басымдық танытты деп айта алмаймыз. «Астана» ойыншылары олармен түзде тең түсуге болатынына сенбегендей ме, қалай?!

«Вильярреал» – «Астана» – 3:1 (1:0)

Голдар: Сансоне, 16 (1:0). Логвиненко, 68 (1:1). Бакамбю, 75 (2:1). Черышев, 77 (3:1).

Ескертулер: Гаспар, 88 – Логвиненко, 57. Аничич, 71.

«Вильярреал»: Барбоcа, Коста, Семеду, Бонера, Гаспар, Тригерос, Эрнандес, Форнальс (Черышев, 74), Кастильехо (Суарес, 87), Юнал, Сансонe (Бакамбю, 70).

«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Постников, Бейсебеков (Тағыберген, 87), Граховац, Маевский, Мұжықов (Шитов, 83), Твумаси, Муртазаев (Томасов, 67).

Төрешілер: Йованович, Стойкович, Михайлович (бәрі де – Сербия).

14 қыркүйек. Вильярреаль. «Эстадио-де-ла-Керамика».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 16 – 12
Тура соққы: 6 – 5
Қиыс кеткені: 4 – 7
Тойтарылғаны: 6 – 0
Бұрыштама соққылар: 3 – 6
Офсайдтар: 2 – 3
Доп иелену: 54% – 46%
Пастар дәлдігі: 85% – 83%
Пастар: 521 – 405
Дәл пастар: 441 – 336
Ескерту (сары қағаз): 1 – 2
Ереже бұзу: 6 – 16

Возврат к списку