Главная страница
 |   |   |   |  Дат, Смақов мырза! Қателесесіз...

Дат, Смақов мырза! Қателесесіз...

Дат, Смақов мырза! Қателесесіз...
Дат, Смақов мырза! Қателесесіз...

Самат Қабірұлының мәлімдеуінше, Ақтөбеден басқа еш жерде «Оқушылар лигасы» («Школьная лига») біріншілігі жоқ көрінеді...

Ақтөбеде алты мектептің қатысуымен облыс тарихында алғаш рет футболдан Оқушылар лигасы (орысша – «Школьная лига» додасы) басталған екен. «Ақтөбе» футбол клубының директоры Самат Смақов «Менің білуімше, бұл Қазақстанда мектеп арасында өтіп жатқан алғашқы чемпионат, бұндай жарыс еш жерде жоқ» депті. Орысша (түпнұсұасы осы болар) «Насколько я знаю, это первый чемпионат среди школ в Казахстане, такого нет нигде», – деп салған...

Оқып отырып, селт ете қалдық. Тілімізді тістедік. О, тоба! Бұл қалай? Қалай еш жерде жоқ! Смақов мырза, шынымен де, өзі осылай деп салды ме екен?! Бір жағынан күмән де келтіреміз. «Самат Қабірұлы дәл осылай кесіп айтпаған да болар» деп те ойлаймыз. Шыны керек, жаман атаққа қимаймыз...

Бәлкім, бұл клубтың баспасөз қызметіндегі әріптестеріміздің оның «аузына салып бергені» болар. Өзімізді «солай шығар» деп жұбатамыз да. Мұндай бояма-мәлімдемелердің қазақ футболы мақтанышының бірі болып саналатын Самат Смақовтың беделіне нұқсан келтірерін PR қызметі білмей ме екен?!

Айтпағымыз, «Дат, Смақов мырза! Мұндай доп додасы, яғни «Оқушылар лигасы» біріншілігі Астанада 2012 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сол себепті, Самат Қабірұлы, сізді елордаға қонаққа шақырамыз. Келіңіздер, көріңіздер, көз жеткізіңіздер! Дәл қазір Астанадағы «Оқушылар лигасына» 6 емес, 60 мектеп қатысып жатыр.


Әлбетте, балалар футболын дамытуға бағытталған кез-келген жобаға қуанасың ғой. «Оқушылар лигасының» Ақтөбеде қолға алынуы облыстың балалар аяқдобына үлкен серпін берері де сөзсіз. Айта кетейік, қаланың алты орта мектебінде «Футбол пәні» жобасы сабақтар кестесіне енгізіліп, енді осы мектептер арасында футзалдан өзара біріншілік басталыпты.

Соның ашылу салтанатында «Ақтөбе» футбол клубының директоры Самат Смақов, жоғарыда жазғанымыздай, «Балалар үшін бұл мереке. Менің білуімше, бұл Қазақстанда мектеп арасында өтіп жатқан алғашқы чемпионат, бұндай жарыс еш жерде жоқ» деген екен. Оның бұл сөздерін клубтың ресми сайты жариялады.

Шамасы, Самат Смақов (әлде ашылу салтанатының сценарийін дайындаған жауапты адамдар) орта мектептер арасындағы «Оқушылар лигасы» додасының Астанада өтіп жатқанына жеті жылдай болып қалғанын білмесе керек. Ендеше бірер мәлімет бізден болсын.

Елордамызда Астана футбол федерациясы және «Шығыс» балалар-жасөспірімдер спорт орталығының ұйымдастыруымен Оқушылар лигасы 2012 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді. Қыста спорт залдарда ойнаса, жазда жасыл алаңдарда доп тебеді. Бір емес, төрт жас аралығын қамтыған. Яғни, 9-10 жас өз алдына жеңімпаздарды анықтаса, дәл осылай біріншілік 11-12, 13-14 және 15-16 жас аралығында да өтеді.

Ең бастысы, кіші топтағы балалар арасында жеңімпаз атанған мектепке Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы шетелге екі апталық лагерьдің жолдамасын береді. Осылайша елордалық кішкентай футболшылар кәсіпқой клубтардан кем қалмай, жыл сайын Түркияның Анталиясына барып тұрады.


Әрі жай ғана саяхаттап қайтпайды. Тынығып, демалып, жаттығу өткізіп, сол жақтағы жергілікті футбол мектептерімен жолдастық кездесулер ұйымдастырып, толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайтады. 2014 жылы осы лигадағы жеңімпазымыз Испанияға барып, Висенте Дель Боскемен кездескен. Ал 2015 жылы Астана оқушыларының ойындарына Түркияда Самуэль Это’о баға берген.

Енді цифрларға көшсек. Ақтөбеде Оқушылар лигасы енді басталып жатқанда Астанада Мектеп лигасының кезекті қысқы маусымы қызып тұр. Дәл қазір 15-16 жастағы бозбалалар додаға түсіп жатыр. Барлығы – 60 команда. Яғни бас жүлдені осынша мектеп сарапқа салады. Әрқайсысында 12-15 ойыншыдан бар. Есептеп көріңіз. Орта есеппен – 800 бала.

Жоғарыда жазғанымыздай, дәл сол осындай тағы төрт топ бар екенін ескерсек, Астана мектептерінде 3 мыңнан астам жеткіншек «Оқушылар лигасында» доп тебеді.

Иә, осылай. Оқушылар лигасында Ақтөбеде 6 мектеп болса, Астанада 60 команда қатысып жатыр. Бұл – бір ғана жас шамасындағы додамыз. Сондықтан, батыл мәлімдеме жасамас бұрын, өзге аймақтардағы жағдайды да бір шолып шыққаны дұрыс болар еді-ау. Тым болмаса, «гуглды» ашып, «Оқушылар лигасы» немесе «Школьная лига Казахстана» деп теріп көрер болсаңыздар, Астанадағы Мектеп лигасы жайлы ақпараттар мен суреттер самсап шыға келер де еді...

Возврат к списку