|   |   |  Балаларды Бразилияға жіберу мүлдем тиімсіз болып шықты – Арыстанбек Мұхамедиұлы

Балаларды Бразилияға жіберу мүлдем тиімсіз болып шықты – Арыстанбек Мұхамедиұлы

Балаларды Бразилияға жіберу мүлдем тиімсіз болып шықты – Арыстанбек Мұхамедиұлы
Фото mks.gov.kz сайтынан

Балаларды Бразилия футбол академиясына жіберу мүлдем тиімсіз болып шықты. Сондықтан да, алдағы уақытта қазақстандық жастар Германия мен Нидерландыда жаттығуы мүмкін.

Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында депутаттар сауалына жауап берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлім етті.

Жиын барысында депутат Нұртай Сәбильянов 2009 жылдан бастап Қазақстан Бразилия футбол академиясына жасөспірімдерді жіберіп келе жатқанын атап өтті. «Бұған жылына 100 миллион теңге кетеді. Биыл 200 миллион төлейміз, 25 бала 3 жыл бойы оқып келеді. Осы уақытқа дейін елу бала Бразилия академиясын бітіріпті. Алайда, олардың ешқандай да жетістігін көре алмай отырмыз. Бразилиядан келгендерді «Бәйтерек» клубына алып келдік, ол клуб жеңілістен көз ашқан жоқ. Қазақстан жастар құрамасында да бар. Алайда, Санкт Петербордан олар ең соңғы орын алып келді. Бұл қалай?» - деді депутат Н.Сабильянов.

Өз кезегінде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Бразилия футбол академиясының шынымен де Қазақстан жасөспірімдері үшін тиімсіз екенін айтып, депутаттардың сынымен келісетінін білдірді.

«Бұл – үлкен сұрақ. Біраз қаражат шығындалғанымен, шынында да нақты нәтиже жоқ. Шындығын айтуымыз керек, қазір осы мәселені қайта қарап жатырмыз. Өйткені, Бразилияда футболдың әлімдік жұлдыздары шыққанымен, тәжірибе жүзінде оларда оқыту жүйесі мүлдем басқа екен. Жаттықтырушылар допты лақтыра салады, балалар ойнаса да ойнамаса да өз еркі. Байқасақ, ол жердегі әлемдік жұлдыздар жастайынан мектепке бармағандықтан, тәулік бойы футбол ойнап, сонымен күн көрген екен. Сондықтан да, бізге бұл үрдіс келмейді екен», – деді министр.

Оның айтуынша, осыған байланысты Бразилияға жасөспірімдерді жіберу тоқтатылуы мүмкін. Өйткені, ондағы жаттығудан нәтиже шамалы болып отыр.

«Талдау жасалып жатыр. Мәселен, футболдағы жасөспірімдер үшін ең тиімді мектептер Германия мен Нидерландыда екен. Біз қазір осы бағытта жүйелі түрде футболмен айналысатындар үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деді А.Мұхамедиұлы.


www.inform.kz
Тізімге қайта оралу