Главная страница
 |   |   |  Қазақ додасында «қайта жүктеу» керек команда бар

Қазақ додасында «қайта жүктеу» керек команда бар

Қазақ додасында «қайта жүктеу» керек команда бар
"Жалын атқан" жасыл алаңда – «Оқжетпес» пен «Ақтөбе». Фото: okzhetpes.kz

Футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы 12 команданың биылғы ойын өрнектері мен қазіргі жағдайларына қысқаша тоқталып өтуді одан әрі жалғастырамыз...


«Оқжетпес» – премьер-лигаға әлі дайын емес команда. Екі жыл бойы көктемде үй-күйсіз, стадионсыз дегеніміз ғой, көшіп-қонып жүрді. Облысқа керегі футбол ма, әлде хоккей ме? Спорттық ойындар түрінің біразынан бір командадан ұстау оңай емес, әрине. Енді «көрпесіне қарай көсілуді» ойлап, бірінші лигаға қайтуды “ойлап” жүрген де сияқты...

«Ақтөбе» – ел футболындағы сыры мен жыры көп команданың бірі. Өздеріңіз білесіздер, компьютерді “қайта жүктеу” деген болады (перезагрузка). Қайта жүктеп алмасаңыз, бүкіл ғаламды көз алдыңызға әкелетін компьютеріңіз дұрыс және жылдам жұмыс жасамайды. «Ақтөбеге» де “қайта жүктелу” керек сияқты. Бірінші лигаға барып, қарыздарынан құтылып келмесе болмайтындай...

«Бұрынғы футболшыларының бірнешеуі жалақыларын толық ала алмай, сотқа бермек» деген сөздер әлі де басылмай тұр, желдей еседі. Егер бұл сыбыстың шынымен де тұзы татитын болса, онда ерте ме, кеш пе, жасырып жүрген «сыры» командаға абырой әпермейді. Қасықтап жиған ұпайларынан айырылып қалуы да мүмкін.

Негізі, дәл қазір «Ақтөбенің» құрама осал емес. Тәжірибелі футболшылары жетерлік. Бас бапкері де – Қазақстан чемпионатына төселіп алған маман. Алайда, соңғы кезде ел чемпионаты кестесінің соңғы орындарын айналсоқтап жүріп алды. Жеңілістері көбейді. Түсіну қиын...


«Ақжайық» – көктемі әрекет, күзі берекет команда. Көктемде, жазғытұрым ілініп-салынып жүреді. Күзге салым, сары күзде қамшыны басады. Былтыр да ел чемпионатының соңғы бөлігінде қарқынын жан-жақты үдетіп, премьер-лигада қалған. Биыл да тура солай тыраштанып жатыр.

Қазақстан премьер-лигасындағы қалтасы бәрінен – жұқа да, жұпыны клуб. Әйтсе де, жоқтан бар жасап жүр. Ең бастысы, «жылтырағанның бәрі алтын» деп, шетелдік “білікті” және “сиқыршы” жаттықтырушыларға қызықпайды. Тығырықтан өз мамандарымызбен шығуға тырысады.

Басы мына сілтемеде. Жалғасы бар…


Тізімге қайта оралу