|   |   |  Смақовтан басқасы Васильевке жалтақтай ма?..

Смақовтан басқасы Васильевке жалтақтай ма?..

Смақовтан басқасы Васильевке жалтақтай ма?..
Фото "Ақтөбе" клубының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Әр тур қарсаңындағы дәстүрлі рейтингімізді одан әрі жалғастырамыз. Бұл жолы Қазақстан премьер-лигасының төртінші туры алдында түзген тізімімізбен таныс болыңыздар.

1-орын. «Қайрат» (Алматы)

Қазекем «атың шықпаса, жер өрте» демекші, атыңды шығарамын десең, бас бапкерлік қызметке Бородюкті шақыру керек екен. Ол ардагер Аршавинді шақыртты. Оның «Қайрат» клубымен келісімшартқа қол қоюының өзі ұзын-шұбақ жыр болды. Ел біріншілігінің басында Алматы клубының кежегесі кейін тартып, бір-ақ ұпай еншіледі. Ал Александр Бородюк бәріне өзін кінәлап, үш тур, төрт ойыннан кейін кете барды...

2-орын. «Ақжайық» (Орал)

Тіл-көзіміз тасқа, «Ақжайық» Қарт Каспийдей толқып әрі бұлқынып, «асау» Жайықтай тасып әрі жұлқынып тұр. Бас бапкері Қазақстан ұлттық құрамасымен Әзірбайжанды тізе бүктіріп, Грузияны жүрелетіп келді. Талғат Байсуфинов қол жеткізген осы жетістіктер оның командасын да рухтандырып жібергендей. Енді ше, өткен турда азуы алты қарыс «Қайраттың» өзін қайраңда қалдырды. Оралға енді «Оқжетпес» келеді. Көкше клубы күрсініп кете ме, күліп қайта ма...

3-орын. «Ақтөбе»

Бұл командада бәрі де клубтың Бас директоры Дмитрий Васильевтің рұқсатымен орындалатындай. Мәселен, ойыннан кейін микс-аймақта футболшылардан сұхбат алу үшін де Бас директордың лұқсаты керек екен. Сөзге тартсаң, ойыншылары жалтақтап, басшысына ұрлана қарайды. Тек Самат Смақов қана именшектемейтін...

4-орын. «Атырау»

«Атырау» өз алаңындағы алғашқы ойынын тек төртінші турда өткізбек. Балықшы ауылында бас бапкері ауысқан «Қайратты» қабылдайды. Өткен маусымда «Қайратты» алтынсыз қалдырған «Астана» емес, дәл осы «Атырау» болатын. ХХІХ-турда Алматы клубы өз алаңында мұнайлы өлкенің футболшыларын ұта алмай, екі ұпай жоғалтқан (0:0). Былтыр Вайссты жылы орнынан «жылыстатқан» Никитенко енді Цхададзеден емтихан қабылдайды

5-орын. «Астана»

Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті бұл жолы Астана клубына «шүйлікті». Екінші турдан кейін «Ордабасы» клубына ұзын-ырғасы 1 400 000 (бір миллион төрт жүз мың) теңге айыппұл салынса, бұл жолы елорда командасының бапкері Аркадий Бакулин 350 000 (үш жүз елу мың) теңге төлейтін болды.

6-орын. «Ордабасы» (Шымкент)

«Ордабасы» клубы алғашқы үш ойында алты гол соқты. Жаман көрсеткіш емес. Орта есеппен – әр ойында екі голдан. Бір қызығы, осы алты голды екі-ақ футболшы соққан. Азат Нұрғалиев пен Эдин Юнузович өз клубтарының ғана емес, Қазақстан премьер-лигасының көшбасшылар тізімінде үш голмен үзеңгі қағыстырып келеді. Әзірше үш гол соққан бас ешкім жоқ.

7-орын. «Ертіс» (Павлодар)

«Ертістің» қақпашысы Давид Лория үш турда да, яғни үш ойында да өз қақпасына гол жіберген жоқ. 270 минут бойы Дато қорғаған қақпаның «мұрты» да бұзылған жоқ. «Тоғыздықтарында» «шаң басып қалған» өрмекшінің өрмектері де – сол күйі. «Оқжетпес» те Лорияның қақпасына доп жеткізе алмады, «Ақжайық» пен «Атырау» да айлаларын асыра алмай пұшайман болды.

8-орын. «Жетісу» (Талдықорған)

«Жетісу» төртінші турда «Ақтөбемен» додаға түседі. Қарсыластырының Бас директоры былтыр Талдықорғанда төрт айдан астам басшы болған. Ең қызығы, бұл кездесуде ағайынды Азовскийлердің бір-біріне қарсы ойнаулары мүмкін. Иван Азовский қазір Талдықорған клубының – директоры, оның кіші ұлы Максим – «Жетісудың» қорғаушысы. Ал үлкені Егор «Ақтөбеде» ойнайды.

9-орын. «Тараз»

«Тараз» бірінші турда қаһарлы «Қайратты» қапы қалдырып, көпшілікті қайран қалдырса, өткен жексенбіде өз алаңында «Оқжетпестен» ұтылып қалып, тағы да елді елең еткізді. Әрі үш ойынды да өз алаңында өткізді. Биылғы маусымда алғаш рет түзде ойнайды. Қарсыласы – азулы «Астана». Елорда клубы сақ болмаса, алматылықтар секілді сан соғып қалулары әбден мүмкін. «Тараз» – тосын нәтижеге әуес команда.

10-орын. «Тобыл» (Қостанай)

«Тобыл» да – «Ертіс» сияқты әлі қақпасына бірде-бір гол жібермеген команда. Бірақ Қостанай клубы екі-ақ ойын өткізді. «Тобыл» да әлі түзге шығып көрген жоқ. Екінші турда Атырауға бармай қалған. Төртінші турда «Ордабасы» клубымен ойнайды. Шымкентке бармай қалудың реті келмес. Оңтүстік Қазақстанға ұшақ ағылып жатыр.

11-орын. «Оқжетпес» (Көкшетау)

Көкше клубы көктемгі трансфер кезеңінің соңғы сәтінде құрамын едәуір нығайтып алды. Қақпашы Саша Стаменкович пен жартылай қорғаушы Ристо Ристович – екеуі де Сербия футболшылары, екеуі де Әзірбайжанда ойнаған. Жалпы, «Оқжетпес» әзірше ойын сайын «бауырын» жазып келеді.

12-орын. «Шахтер» (Қарағанды)

Кеншілер клубы алғашқы екі турда тәп-тәуір ойнағандарымен, үшінші турда «Тобылдан» оңбай таяқ жеді. Қазір жалқы ұпаймен көш соңында тұр. Енді екпінді «Ертіспен» додаға түседі. Теміртауда Лорияның қақпасының кілтін тауып, құлыпын аша алар ма екен...

Тізімге қайта оралу