|   |   |  "Бұзық" бапкер, "Бауырсақ бала" және Златан Зенькович

"Бұзық" бапкер, "Бауырсақ бала" және Златан Зенькович

"Бұзық" бапкер, "Бауырсақ бала" және Златан Зенькович
Фото pflk.kz сайтынан

Қазақстан премьер-лигасының әр туры қарсаңында әзіл-оспақ рейтінгісін түзуді дәстүрге айналдырмақпыз. Бүгін үшінші турға дейінгі 12 команданың жалпы жағдайлары негізінде түзілген тізімімізді ұсынамыз.

1-орын. «Ордабасы» (Шымкент)

«Ордабасы» командасы мен «Барыс» хоккей клубының арасында қандай ұқсастық бар дейсіздер ме? Аталған екі клубтың да бойтұмары – теңбіл барыс. Сондай-ақ екі клубтың да бас бапкерлері – қызу қанды, шәкірттерінің қателіктері мен төрешілердің дүдәмал шешімдеріне сабырлылықпен қарай алмайтын мамандар. Екеуі де федерацияның (лиганың) құзыретті комитеттері тарапынан жазаға тартылып, қомақты көлемде айыпұл төлеуге мәжбүр болды.

2-орын. «Ақтөбе»

«Ақтөбе» футбол клубы мен «Бауырсақ бала» мейрамханалар желісі серіктес бола алмады. Келіссөздер шешуші кезеңіне жеткен сәтте «Босс» ЖШС Қазақстанның бес дүркін чемпионына демеуші болудан бас тартқан. Клубтың бүгінгі таңдағы қиын-қыстау кезеңде облыстық бюджетке телміріп қарап отырмай, қосымша қаржы көзін тауып алмақ болған әрекеті аяқсыз қалып, 80 миллионнан 120 миллион теңгеге дейінгі кірістен қағылды.

3-орын. «Қайрат» (Алматы)

«Қайрат» футбол клубының биылғы маусымды сүреңсіз ойындарымен бастағаны қайсыбір ойыншылардың халықаралық аренадағы беделдеріне де нұқсан келтіргендей. Атап айтқанда, қайсыбір Украина басылымдары «енді Анатолий Тимощукті ұлттық құрама сапына шақыртудың қажеті бар ма» деп мәселені төтесінен қойған.

Әрі «Қайраттың» маусым басында «Тараздан» ұтылып, «Оқжетпеспен» тең түскендігін де айрықша атап өткен. «Деңгейі – төмен чемпионат, ойыншыларға қойылатын талап та – төмен. Тимощук қандай кәсіби тұлға болса да, спортық бабының төмендеуіне орта да әсер етпей қоймайды» деген мағынада өз тұжырымдарын да көлденең тартқан.

4-орын. «Тараз»

Сұрмергендер – Златан Зенькович және Игорь Ибрагимович. Жоқ, кешіріңіздер, Златан Ибрагимович және Игорь Зенькович. Біреуі алыстағы – ПСЖ, екіншісі – іргедегі «Тараз» клубтарының шабуылшылары. Екеуінің де міндеті – гол соғу. Екі команда да әрбір ойында осы мергендеріне доп жеткізіп беріп отыруға тырысады.

5-орын. «Тобыл» (Қостанай)

«Тобылдың» бағы бар екен. Бағы ма, әлде қолдаушысы ма, белгісіз? Қалай десек те, «Атырау» клубының ҚФФ Тәртіптік-бақылау комитетіне берген шағымы қанағаттандырылмады. Өздеріңіз білесіздер, екінші турда «Тобыл» Атырауға бармай, бекітілген күнтізбедегі бір ойын өтпей қалған. Қостанай клубы бар кінәні ауа-райының қолайсыздығына аударып, мұнайлы өлкеге ұшақпен жете алмағындығын дәлелдеп бақты.

Иә, «Тобылдың» бағы бар екен. Әйтеуір ҚФФ Тәртіптік-бақылау комитеті тарапынан ешқандай да жазаға тартылған жоқ. Техникалық жеңіліс те жазылмады, айыппұл да салынбады. Екінші турдағы «Тобыл» – «Атырау» матчы кейінге шегерілді.

6-орын. «Астана»

Бюджет әлі бекітілмеген. Маусым аралығында негізгі құрамда ойнайтын бес ойыншы басқа командаларға кетіп, олардың орнына 2-3 ойыншы ғана алынды. Бас бапкері «қазіргі құраммен Чемпиондар лигасы тұрмақ, Қазақстан чемпионатында нәтижелі ойын өрнегін көрсету қиын болады» деп шырылдап жүр. Жақында команда құрамы тағы бір легионермен толықты. Үш тілді Қазақ еліне үш елдің азаматы болып саналатын албан футболшысы келді.

7-орын. «Оқжетпес» (Көкшетау)

Екінші турда Әлібек Бөлешев Ресейден келген, бір тайм бос далақтап жүгірген Александр Алхазовтың орнына шығып, таразы басын теңестірді. Осы гол «Оқжетпес» ойыншыларын жігерлендіре түсті. Ойын соңында Жасұлан Молдақараев екеуі тағы бір гол соғып, «Қайратты» қайраңда қалдыра жаздады. Көкше клубы «Қайратқа» жылтырағанның бәрі алтын емес екендігін меңзеп, «қолда барда алтынның қадірін білу» керектігіне өздері де көз жеткізгендей болды.

8-орын. «Шахтер» (Қарағанды)

Кеншілер клубының қорғаушысы, армян Роберт Арзуманян енді өз отанының ұлттық құрамасы сапына шақыртылмайтын болды. Армения футбол федерациясының президенті Рубен Айрапетян өзі басшы болып тұрғанда, кеншілер клубының қазіргі қорғаушысын ұлттық құрамалары сапына маңайлатпайтындығын айтты. Себеп – қорғаушы кейінші жылдары өз елі үшін бар күш-жігерін салып ойнамаған. Енді тек «Шахтердің» намысын қорғап, аянбай тер төгетін болады...

9-орын. «Атырау»

19 наурыз күні «Тобыл» клубы Атырауға келмей қалып, Жайық жағасында маусымашар ойын өтпей қалды. Сол күні «Атырау» футбол клубы өз алаңындағы алғашқы ойынға біршама дайындалып, жергілікті билік пен қызмет көрсету мекемелерінің бәрін (құқық қорғау және өрттен қорғау күштерін) жұмылдырған еді. Қарсыласы келмей қалса да, стадионға жанкүйерлер үшін «Атырау» клубы екіге бөлініп ойнап, көрермендерінің көңілін аулауға тырысқан.

Бірақ зая кеткен сол еңбектің де, азды-көпті шығын атаулысының да орны толмайтын болды. Тіпті ҚФФ Тәртіптік-бақылау комитеті «Тобылға» техникалық жеңіліс жазып, үш ұпайды қоржындарына салып бере қоймады...

10-орын. «Ертіс» (Павлодар)

Әзірше «Ертістің» маңдайынан жел есіп тұр. Ел чемпионатын жоғары қарқында бастады. Екі турдан соң көш бастап келеді. Қақпашысы мен екі қорғаушысы Қазақстан ұлтық құрамасы сапында ойнап, клубтың беделін өсіріп қайтты. Талантты екі жас футболшысы Қазақстан U-21 құрамасы сапында өнер көрсетті. Біреуі орталық қорғаушы міндетін атқарып шықты. Тағы бір қорғаушысы Литва құрамасы сапында бір ойын өткізді.

Әрі екінші және үшінші тур арасындағы үзіліс кезінде қорғанысын тағы да нығайта түсті. Команда сапына өткен жылы жарты маусым Өзбекстанда доп тепкен Александр Киров қосылды. Ол да бұрын Қазақстан ұлтық құрамасы сапында ойнаған.

11-орын. «Ақжайық» (Орал)

Премьер-лигаға оралған «Ақжайықтың» алғашқы екі турда кежегесі кейін тартып, жеңіліске ұшырады. Деңгейі жоғары, құрамдары тәжірибелі ойыншылармен бәсекелесу оңай болмай тұр. Бірақ бас бапкері Қазақстан ұлттық құрамасына уақытша бекітілген жаттықтырушылар құрамына жетекші болып, жолдастық екі кездесуді аса жоғары деңгейде өткізіп келді. Бұл да болса, құлазыған көңілге медеу, жанға дауа емес пе?!

Айтпақшы, осы үзіліс кезінде команда сапына «Ертіс» клубынан шабуылшы Қуаныш Бегалин жалға алынды. Әрине, әлеуеті зор Бегалинді Қазақстан премьер-лигасының дәл қазіргі сұрмергендері Деспотович, Юнузович және Зенькович сияқты шабуылшылармен салыстыруға болмайды. Десек те, жолы жеңіл болып, екі турда бірде-бір гол соқпаған «Ақжайыққа» көмектесуі мүмкін ғой. Ең бастысы, команда құрамын нығайту және толықтыру істері басталды.

12-орын. «Жетісу» (Талдықорған)

Талдықорған клубы қысқа үзіліс кезінде жаттығу жұмыстарына мән беріп, бір жолдастық кездесу өткізді. «Жетісу» футбол клубына қарасты Футбол орталығының 9-11 жастағы жеткіншектерімен додаға түсті. Бір қызығы, «Жетісу» сапында 11 ойыншы, ал Футбол орталығы өрендері құрамында 22 жеткіншек алаңға шықты.

20 минуттық екі таймға созылған кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. «Жетісу» голды алыстан соқса, жас өрендер есепті пенальтидің көмегімен теңестірді. Осы ойынның (бәлкім, шеберлік сабағының деген дұрыс болар) жеңімпазын анықтау үшін кездесу соңында пенальтилер соғылды. Мұнда жас жеткіншектер қайсарлық танытып, 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші тур қарсаңында құрастырылған әзіл-оспақ рейтінгісімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Тізімге қайта оралу