|   |   |  Қазақстан премьер-лигасының әзіл-оспақ рейтингісі

Қазақстан премьер-лигасының әзіл-оспақ рейтингісі

Қазақстан премьер-лигасының әзіл-оспақ рейтингісі
Фото fckairat.kz сайтынан

Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында екінші турдың ойындары өтеді. Сенбі күнгі төрт матч қарсаңында бірінші турдан кейінгі 12 команданың қазіргі жағдайларына саралап, әзіл-оспақ рейтінгісін түзіп едік. Енді соған назар аударыңыздар.

1-орын. "Қайрат" (Алматы)

Аршавин бұрынғыдай ойнай алмаса да, команда жоғары нәтиже көрсетпесе де, жанкүйерлеріміз көбейеді. Енді Ресейде де фанаттарымыз болады. Яғни тек «народная» команда» емес, «всенародная команда» боламыз...

2-орын. "Тараз"

Тараздан талай тарланбоз түлеп ұшқан. Бұрын тек қазақ футболының жұлдыздарын баптап шығарушы едік. Енді «Қайрат» секілді азулы клубтардың шет елден қалап әкелген мақтаулы бапкерінің өзін тақырға отырғызып кететін жас жаттықтырушылар шығарамыз. Танысып қойыңыздар, Александр Бородюкті білгенінен жаңылдырған – Нұрмат Мырзабаев.

3-орын. "Ақжайық" (Орал)

Премьер-лигаға не үшін шыққанбыз?! Жаңа форма (киім-кешек), деңгейі жоғары лигаға сай тәжірибелі футболшылар керек екен ғой. Жанкүйерлеріміз де соншалықты қуанышты болмай жүр. Өйткені Орал стадионына сатылатын билеттеріміз де бәрінен қымбат. Премьер-лигада «ұлтан» болғанша, бірінші лигада «Сұлтан» болғанымыз артық еді...

4-орын. "Атырау"

Бірінші турдағы түздегі ойынымыздан соң екі адамымыз ұлттық құрама сапына ілікті. Бірі – футболшы Ұлан Қонысбаев, екіншісі – физиотерапевт Сергей Бибиков. «Іш ауырса, тіс ауырса, "Атырау" дәрі береді»...

5-орын. "Астана"

Жаңа заман талабына тез бейімделдік. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, қыруар қаржы таптық. Шетелдік ардагер футболшылардың бұрынғы әйгілі есімдеріне қызықпаймыз. Өйткені, жылтырағанның бәрі алтын емес! Максимович сияқты болашақ жұлдыздарды іздейміз...

Ал билет сатқанда, оқушы дәптерінің бір бетін 11-ге немесе 22-ге бөліп, оған қол қойып, жанкүйерлерді стадионға кіргізе береміз. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген, бұл – бизнес, халайық, бизнес...

6-орын. "Ордабасы" (Шымкент)

Самат Отарбаев неге «Ақтөбеге» кетті дейсіздер ме? Өйткені оның тегі «Б» қаріпінен басталмайды. Ал біздің бас бапкеріміздің де, қақпашыларымыздың да бәрінің де тегі «Б» әріпінен басталады: Байсейітов, Бекбаев, Бойченко, Бондаренко.

7-орын. "Жетісу" (Талдықорған)

Біз үшін ел чемпионаты маусым соңында басталады. Жылдағыдай қамшыны қоңыр күзде басамыз. Әліптің артын тосамыз. Асықпаған «арбамен» премьер-лигада қалады...

8-орын. "Оқжетпес" (Көкшетау)

Облыс әкімі бізді «Арлан» деген «мәртебеге» көтеріп, хоккей ойнатқысы келеді. Бірақ біздің сексен көлдің саясында, Оқжетпестің аясында доп тепкіміз келеді.

9-орын. "Ақтөбе"

Неғұрлым азырақ жалақыға келісетін футболшылар керек. Дағдарыс бізді формаға да (спорттық киім-кешекке де) ақша үнемдеуге үйретті. Ал біздің қақпамызға пенальти белгілеген төрешінің сазайын клуб директоры Дмитрий Васильев жалғыз өзі береді.

10-орын. "Шахтер" (Қарағанды)

Бізде нақты қандай да бір орын алуымыз керек деген мақсат жоқ. Біз жаңадан команда жасақтап жатырмыз. Әрбір ойын сайын жетіле түсуіміз керек. Нәтиже? Орын? Олар туралы кейін сөйлесеміз...

11-орын. "Ертіс" (Павлодар)

«Қайрат» пен «Астанаға» қажет емес футболшылар бізге керек. Лория, Малый, Ахметов секілді қас шеберлер мен Гетериев сынды тәжірибелі ойыншылар бола берсін, көп мейлі, олар «Ертіске» ешқашан көптік етпейді!

12-орын. "Тобыл" (Қостанай)

Огай келді, енді ойранды саламыз. «Ертіс», қарап отыр, Н'Диайе мен Дудченко келді, енді голды соғамыз...

Тізімге қайта оралу