Главная страница
 |   |   |  Екінші кезеңнің көшбасшысы – “Ақжайық”, аутсайдері – “Ертіс”...

Екінші кезеңнің көшбасшысы – “Ақжайық”, аутсайдері – “Ертіс”...

Екінші кезеңнің көшбасшысы – “Ақжайық”, аутсайдері – “Ертіс”...
"Ертіс" әлі ойынды бастаған жоқ... Фото: fcirtysh.kz

Қазақстан премьер-лигасында екінші кезеңнің бірінші айналымы тәмамдалды. Алдағы демалыс күндері екінші айналымы басталады. Осыған орай, сәл үзіліс алған әзіл-оспақ рейтингімізді қайта сабақтасақ деп едік.

1-6 орындар

1-орын. Қайрат (Алматы) – 12 ұпай

«Қайрат» екінші кезеңнің бірінші айналымындағы бес ойынның төртеуінде жеңіске жетіп, тек «Ордабасы» командасынан ұтылды (+4, –1). Яғни 12 ұпай олжалады. Доп айырмасы: 13-6. Бауыржан Исламхан төрт, ал Жерар Гоу үш гол соқты.

2-орын. Ордабасы (Шымкент) – 10 ұпай

«Ордабасы» үш ойында ұтып, «Ақтөбемен» тең түсті де, «Астанадан» ұтылып қалды (+3, =1, –1). Сонда 10 ұпай еншіледі. Доп айырмасы: 9-8. Гейнрих осы бес ойынның төртеуінде жеті гол соқты. Бір хет-трик («Ақтөбеге»), бір дубль («Ертіске») жасап, екі ойында бір голдан соқты. Тек «Астананың» қақпасына Өзбекстан шабуылшысы да, Шымкент клубы да гол соға аламады (0:2).

3-орын. Астана– 9 ұпай

«Астана» алғашқы алтылықтағы үш команданы ұтып, «Қайраттан» күйрей ұтылып қалды (+3, –1). Ал ХХV турдағы «Оқжетпестен» болатын ойыны Еуропа лигасының плей-офф сатысындағы қарымта матчымен қабаттасып қалғандықтан, кейінге (нақтырақ айтқанда, 26 қазанға) шегерілді. Сөйтіп, өткен маусымдағы чемпионымыз екінші кезеңнің бірінші айналымында қоржынына тоғыз ұпай ғана салды. Доп айырмасы: 8-5.

4-орын. Ақтөбе– 7 ұпай

«Ақтөбе» үшінші орыннан дәмелі екі команданы ұтып, «Ордабасымен» тең түсті. Тек көш басындағы «Астана» мен «Қайраттан» ғана ұтылды. Бұл – жеті ұпай. Доп айырмасы: 10-9. Алексей Щеткин төрт ойында алаңға шығып, бес гол соқты. ХХV турдағы «Астанамен» өткен матчта ажасыл алаңға шыққан жоқ. Мұның арты әжептәуір дауға ұласты.

5-орын. Оқжетпес (Көкшетау) – 3 ұпай

«Оқжетпес» түзде «Ертісті» ғана жеңіп, үш рет ұтылды. Екінші кезеңнің бірінші айналымында бұйырғаны – үш қана ұпай. ХХV турдағы «Астанамен» өтетін ойыны кейінге, жоғарыда жазғанымыздай, 26 қазанға шегерілді. Доп айырмасы: 3-7.

6-орын. Ертіс (Павлодар) – 0 ұпай

«Ертіс» екінші кезеңнің бірінші айналымындағы бес ойында да ұтылды. Павлодар клубына соқыр ұпай да тимеді. Доп айырмасы: 2-10. Сергей Малый «Астанаға» ауысып кеткелі қорғанысының топсасы “босап” қалғандай. Команда басшылары ауысты. Бас бапкері әрбір тур сайын төрешілердің шешімдеріне наразы екендігін бүкпесіз айтып келеді. Бірақ тыңдап, ескеріп жатқан ешкім жоқ сияқты...  

7-12 орындар

1-орын. Ақжайық (Орал) – 15 ұпай

«Ақжайық» үй демей, түз демей екінші алтылықтағы командаларды “қоғадай” жапырып келеді. Тіпті «Тобыл» мен «Атырауды» да жеңіп, бес ойында 15 ұпай олжалады. Доп айырмасы: 7-1. Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтындағы хаттамалық деректерге сүйенер болсақ, Вахид Масудов – ХХІІІ турдан бері «Ақжайықтың» бас бапкері. Орал командасы жаңа бапкерімен әлі ұпай жоғалтқан жоқ. Оңды-солды жайпап келеді.

Осы ретте айта кетейік, В.Масудов – 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері. Енді жас таланттарымызбен де осылай барлық қарсыластарын үй демей, түз демей жеңе бастаса, нұр үстіне нұр болар еді...

2-орын. Шахтер (Қарағанды) – 9 ұпай

Кеншілер клубы ел біріншілігінің екінші жартысындағы бірінші айналымда тек «Ақжайық» пен «Тобылдан» ғана ұтылды. Қалған үш қарсыласын ұтып, 9-орынға көтерілді. Екінші кезеңдегі бес ойында тоғыз ұпай еншіледі. Доп айырмасы: 6-4.

3-орын. Тобыл (Қостанай) – 7 ұпай

«Тобыл» Қостанайда «Атыраумен» тең түсіп, «Шахтер» мен «Тараздан» екі доп айырмасымен басым түсті. «Жетісу» мен «Ақжайықтан» ұтылды. Екінші алтылық додасының бірінші бөлігінде жеті ұпай жинап, 7-орынға жайғасты. Доп айырмасы: 5-4

4-орын. Тараз– 6 ұпай

«Тараз» өз алаңында «Атырау» мен «Жетісуды» ұтып, түздегі ойындарының үшеуінде де жеңілістің кермек дәмін татты. Қоржынына алты ұпай салды. Доп айырмасы: 5-8. Осы бес голдың төртеуін Малик Мане соқты. Тіпті Талдықорған клубымен болған ойында хет-трик жасады.

5-орын. Жетісу (Талдықорған) – 4 ұпай

«Жетісу» өз алаңында «Тобылды» ғана жеңді. Іле-шала «Атыраумен» түзде тең түсті. Ел чемпионатының бірінші кезеңі аяқталғанда өзінен төмен орналасқан үш аутсайдерден де ұтылып, солардың біреуіне (атап айтқанда, «Шахтерге») 9-орынды беріп қойды да, бір саты төмен ығысты. Бес ойында төрт ұпайды қанағат тұтты. Доп айырмасы: 8-9.   

6-орын.Атырау– 2 ұпай

«Атырау» түзде «Тобылмен», өз алаңында «Жетісумен» тең түсіп, қалған үш ойында бірінші кезеңнің аутсайдерлеріне есе жіберді. Екі-ақ ұпай еншілеп, қазір 8-9 орындарды «Шахтермен» бөлісіп тұр. Доп айырмасы: 4-9. Қонысбаев, Балтаев, Коробкин, Кузьмин сынды тәжірибелі ойыншылары жарақаттанып, қатардан шығып қалған.

Тізімге қайта оралу