|   |   |  Соңғы төрт турда соққан голдары: “Қайрат” – 19, Исламхан – жеті

Соңғы төрт турда соққан голдары: “Қайрат” – 19, Исламхан – жеті

Соңғы төрт турда соққан голдары:  “Қайрат” – 19, Исламхан – жеті
Бауыржан Исламхан соңғы төрт турда жеті гол соқты. Фото: fckairat.kz

Франциядағы Еуропа чемпионатымен қабаттасып, Қазақстан премьер-лигасының ойындары да іркес-тіркес өтуде. Осыған орай, ХVІ-турдың алдында дағдылы рейтингімізді жариялаймыз.

1-орын. Астана

«Астананың» биылғы ел чемпионындағы ойындарының нәтижелеріне үңілер болсақ, Станимир Стойловтың шәкірттері ХV-турда алтыншы рет 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалпы, тоғыз рет бір доп айырмасымен басым түсті. Төрт-ақ рет екі доп айырмасымен үстемдік танытты.

Енді бір ойыны тең аяқталып, жеңілістің кермек дәмін әзірше бір-ақ рет татты. Айтпағымыз, астаналықтар бірде-бір рет ірі есеппен жеңіске жеткен жоқ. Бәлкім, ірі жеңістерін Чемпиондар лигасына сақтап жүрген болар. Солай болғай...

2-орын. Қайрат (Алматы)

«Қайрат» болса, төрт рет қарсыласын күйрете жеңді. Өз алаңында «Ақтөбені» (3:0), «Оқжетпесті» (6:0), «Атырауды» (5:2) және түзде «Шахтерді» (5:0) ойсырата ұтты. Соңғы турларда қарқынын үдетіп, төрт ойында 19 гол соқты.

Бауыржан Исламхан осы төрт ойында жеті рет теңбіл допты қақпа торында тулатты. Бір қызығы, Исламхан бірінші айналымда, яғни 11 тур бойы бірде-бір гол соқпаған болатын. Ал екінші айналым басталғалы, алаңнан гол соқпай кеткен емес. Ертең «Ордабасы» қақпасына да гол соғар ма екен?

3-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

«Оқжетпестің» сапындағы Серж Бандо Нганбе де соңғы турларда қамшыны басты. Соңғы екі ойында үш доп соқты. Оның алдында «Тараз» бен «Қайратқа» Нганбе тұрмақ, «Оқжетпестің» өзі де гол соға алмаған. Ал соған дейінгі екі матчта (Х-шы және ХІ-турларда) бір голдан соққан болатын.

Сонда Камерунның Франциядан келген жартылай қорғаушысы Х-турдан бері, яғни алты ойында бес гол соғыпты. Әрине, Бауыржан Исламханың мергендік қарқынымен салыстыруға келмейді. Десек те, кейінгі кезде көсіле шаба бастағандай. Кім біледі, мүмкін Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионаты әсер еткен де болар?

4-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» белді ойыншыларының біреуінен айырылып қалғанын білесіздер. Гогита Гогуа бас бапкеріне «ренжімеңіз, менің бала-шағам бар, соларды ойлауым керек» деп, ағынан жарылып, жалақыны Павлодардағысынан екі-үш есе көп төлейтін «Ордабасы» командасына кетіп қалған.

Енді тура осындай себеппен тасқамал қорғаушысы Сергей Малыйдың да Алатауды бетке алуы әбден мүмкін сияқты. «Ертістің» бас бапкері Д.Димитров «Ертістің» бюджеті «Қайратпен», тіпті Қазақстан премьер-лигасындағы «Тобыл» секілді басқа командалардың мүмкіндіктерімен салыстыруға келмейтіндігін айтқан. Дәл қазір Павлодар командасына қазіргі құрамын сақтап қалудың өзі мұң болып тұрғандай...

5-орын. Ордабасы (Шымкент)

«Ордабасы» жанкүйерлері өз командаларының қазіргі ойын өрнегіне көңілдері толмайды. ХІ-турға дейін төртінші орынды меншіктеп, «Оқжетпестен» оза алмай қойып еді. Енді тіпті 5-6 орындарда тербеліп жүр. Яғни алға жылжу байқалмайды.

«Ертістің» ең үздік ойыншыларының бірін “тартып” ала алады. Оған жалақыны көбірек төлеуге шамасы жетеді. Бірақ жасыл алаңда қалтасы жұқа командадан асып түсе алмайды...

15 ойында жеті рет жеңіп, алты рет жеңілді (екі рет тең түсті). 19 гол соғып, тура осынша допты өз қақпасынан қармады. Сонда, дәл қазіргі көрсеткіштері бойынша – орта деңгейлі ғана команда. Оңтүстік Қазақстан облыс жанкүйерлері қапаланбаған да қайтсін?

6-орын. Ақтөбе

«Ақтөбе» жеңіске жетпегелі үш тур болды. «Ақтөбе» пенальти соқпағалы да үш тур өтті. Соңғы рет, ХІІ-турда «Таразды» қабылдағанда, Самат Смақов 11-метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірген болатын. Өкінішке қарай, Смақов өткен турда жарақаттанып қалып, ойынның 15-минутында орнына басқа ойыншы шықты...

«Ақтөбе» құрамына «Қайсарда» ойнаған серб футболшысы Вук Митошевичті алатын сияқты. Бұл ойыншы «Ягодина» клубынан Ақтөбеге келіп, сынақтан өтіп жүрген сыңайлы. Негізі, қорғанысқа тірек болар шепте ойнайды. Ал ақтөбеліктердің осы шебінде жас ойыншыларын жігерлендіріп жүрген Смақов кемі бір айдай жасыл алаңға шыға алмайтын сияқты.

7-орын. Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» өткен турда алғаш рет түзде жеңіске жетті. Бұл жерде де биылғы маусымды айтып отырмыз. Әзірше сырт алаңда алты ойын өткізіп, ХV-турда ғана жеңіске жетіп, екі мәрте тең түсіп, үш рет ұтылды. Осы ретте айта кетейік, түздегі бір ойыны («Атыраумен») кейінге шегерілген болатын.

Иә, «Тобыл» бірінші айналымда өз алаңында көбірек ойнады. Нақтырақ айтқанда, сегіз ойын өткізді. Алайда, соның тек тең жартысында ғана жеңіске жетті. Яғни, төрт рет үш ұпайдан олжалап, бір рет тең түсіп, үш мәрте ұтылып қалды. Енді түзде шүмектетіп, тер төгуге тура келеді. Әйтпесе, алғашқы алтылықа ілігуі – екіталай.

8-орын. Тараз

Ал «Тараз» – биылғы маусымда түзде әлі жеңіске жетіп көрмеген жалғыз  команда. Премьер-лигадағы қалған командалардың бәрі де түзде бір рет болсын, жеңіске жетті. Тараз қаласының командасына түзден үш ұпай олжалау былай тұрсын, үйде жеңіске жетудің өзі қиямет-қайым болғалы қашан?! Бірінші турда «Қайратты» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, көпшілікті таңдандырған...

Содан бері он төрт тур өтті, жеңіс дегеннің не екенін ұмытқан. Жалпы, «Тараз» – бірінші айналымда түзде бірде-бір ұпай еншілей алмаған команда. Тек екінші айналымның басында, бас бапкерін ауыстырған соң «Ақтөбе» және «Оқжетпес» командаларымен сырт алаңда ұпай бөліскен болатын.

9-орын. Шахтер (Қарағанды)

«Шахтер» – премьер-лигадағы ең аз гол соққан команда. 15 ойында бес-ақ гол соқты. Ал қалғандарының соққан голдары екі таңбалы санға жетті. Бірінші лигадан келген «Ақжайық» әзірше 10 доп, ал көш соңындағы «Тараз» бен шабуылшылары санаулы «Атырау» 12 голдан соқты. Өзгелерінің бұл көрсеткіштері – 15-тен жоғары.

Бес голдың екеуін шабуылшы Финонченко, ал үшеуін жартылай қорғаушылар Байжанов, Скорых және Уббинк соқты. Қорғаушы Василевичтің жақында ғана қайтып келгенін білесіздер. Енді сол баспен соғып, өзгелерге үлгі болмаса, кеншілер командасының қорғаушылары әлі гол соғып көрген емес.           

10-орын. Ақжайық (Орал)

«Ақжайық» жазғы трансфер кезеңін пайдаланып, құрамын үш бірдей ойыншымен толықтырған болатын. Әрі үшеуін де өткен турда алаңға шығарып, «Таразды» тізе бүктірді. Бірақ солардың біреуі Орал командасы жейдесіндегі алғашқы ойынында алаңнан қуылды. Ол – серб шабуылшысы Мирослав Лечич.

Қызық болғанда, Лечич 2012-2013 жылдары «Тараздың» намысын қорғаған. Енді ертең «Атырау» командасымен өтетін ойында өзіне сенім артып отырған оралдықтарға көмектесе алмайды. Келе салып, екі мәрте ескерту (сары қағаз) алып, алаңнан қуылды. Сонда қалай, «Тараз» басшыларының алдында ерекше көзге түскісі келді ме? Жоқ, әлде жай ғана сәйкестік пе?  

11-орын. Жетісу (Талдықорған)

Көпшілік соңғы турларда «Жетісудың» үй демей, түз демей жеңіске жете бастағандығына сүйсініп жүр. Рас, Талдықорған клубы соңғы екі турда бір-ақ  ұпай еншіледі. «Ақтөбемен» тең түсіп, «Астанадан» ұтылды. Бірақ соған дейін үш рет жеңіске жеткен болатын.

Біз «Жетісудың» соңғы бес турда 10 ұпай олжалағанына емес, соңғы бес ойында үш-ақ гол жібергеніне таңданып отырмыз. Өйткені бұған дейін олар Қазақстан премьер-лигасында өз қақпасына ең көп гол жіберген команда болатын. Ал қазір өз қақпасына ең көп гол жіберген – талдықорғандықтар емес (22 доп), «Тараз» бен «Ақжайық» (23 голдан).   

12-орын.Атырау

«Атырау» өткен турда «Оқжетпесті» ұтып, әлеуетінің зор екендігін көрсете білді. Бәлкім, соңғы турлардағы сәтсіздіктерінің тамырына осы жеңіспен “балта” шабар. Әйтпесе, Алматыда «Қайраттан» оңбай ұтылып, белді ойыншыларының екеуі қатардан шығып қалды. Олар – Ұлан Қонысбаев пен Алдан Балтаев.

Бір қызығы, «Атырау» жазғы трансфер кезеңінде асығар емес. Әлі құрамын ешбір ойыншымен толықтырған жоқ. Негізі, «Атырау» – биылғы маусымда жасыл алаңға ең аз футболшы шығарған команда. 15 турды 18 ойыншымен өткізіп шықты.

Тізімге қайта оралу