|   |   |  “Ертіске” есе жіберсе, етпетінен түскені...

“Ертіске” есе жіберсе, етпетінен түскені...

“Ертіске” есе жіберсе, етпетінен түскені...
Фото fckairat.kz сайтынан

Қазақстан премьер-лигасында – бірінші айналымның соңғы туры. Бүгін екі ойын, ал ертең төрт кездесу өтеді. Осыған орай, біз де әрбір тур қарсаңындағы әзіл-оспақ рейтингімізді ұсынамыз.

1-орын. Қайрат (Алматы)

«Қайрат» ертең өз алаңында «Ертісті» қабылдайды. Павлодар командасын ұта алмаса, жағдайы мүлде қиындайды. Онда алтын медаль мен чемпиондық атақ сағымдай бұлдырап, алыстай береді. Дәл қазір «Ертіс» те – «Астана» сияқты, алматылықтардың басты бәсекелесі. Өздеріңіз білесіздер, «Қайрат» түзде «Астанадан» ұтылып қалған. Енді «Ертіске» есе жіберсе, онда “етпетінен” түскені. Яғни ертеңгі ойын да – үш ұпай үшін емес, «алты» ұпай үшін шайқасатын дүлей дода. Бәрі де – «Қайраттың» өз қолында. «Ертістің» аптығын баса ма, жоқ әлде тасқамал қорғанысына азуы батпай, абдырап қала ма, көреміз.

2-орын. Ертіс (Павлодар)

«Ертіс» былтырдан бері әр түрлі себептермен «Қайратпен» өтетін матчтарда үздік ойыншыларының бәрін алаңға шығара алмай жүр. Былтыр төрт рет кездесіп, үшеуінде ұтылып қалды да, біреуінде тең түсті. Биыл екі бірдей белді ойыншысы жарақат алып қалғанда, Алматыға жол жүруге тура келіп отыр. Гогита Гогуа мен Казбек Гетериев ертеңгі ойында жасыл алаңға шыға ма, жоқ па – белгісіз. Грузин футболшысы – «Ертістің» ойын өрнегін жандандырып жүрген сенімді саңлақтарының бірі. Әрине, «Ертіске» алматылықтармен бірінші айналымның соңында емес, басында кездескен қолайлы еді. Қалай десек те, ертең – екі команда үшін де үлкен сынақ.

3-орын. Астана

«Астана» өткен турда «Ақжайықтан» 2:0 есебімен басым түскен болатын. Бұл Станимир Стойловтың елорда командасымен бірге қол жеткізген 50-інші жеңісі болды. Болгар маманы «Астананың» бас бапкері ретінде алғашқы ойынын 2014 жылы 27 маусымда Ақтөбеде өткізген. Содан бері премьер-лигадағы, ел кубогындағы және Еурокубоктардағы жеңістерінің жалпы саны 50-ге жетіп отыр. Осы бетінен таймаса, 2018 жылғы маусым басында немесе келесі жылдың аяғында 100-інші жеңісін де «тойлай» жатар.

4-орын. Ақтөбе

«Ақтөбе» тағы да – көпшілік назарында. Әуелі Қазақстан футбол федерациясының сайтында Төрешілер және нұсқаушылар департаменті ХІ-турдағы «Шахтер» мен «Актобе» арасындағы матчтың бас төрешісі ауысқандығын жариялады. Акмалхан Холматов жарақат алып қалғандықтан, бұл ойынға Болат Қарлыбаев (Орал) қазылық ететін болыпты. Содан соң «Ақтөбенің» бас директоры Қазақстан мен Қытай құрамасы арасындағы жолдастық кездесуге байланысты «дау-дамайда» еліміздің футбол федерациясын қолдайтындығын білдірді.

5-орын. Шахтер (Қарағанды)

Биылғы маусымда кеншілер клубы өз алаңында жеңіске жетіп көрген жоқ, әлі. Рас, екі ойында жеңіске жетті. Бірақ екеуінде де түзде басым түсті. Орал мен Таразда айдарынан жел ескен. Жеңіс былай тұрсын, «Шахтер» өз алаңында тіпті бірде-бір гол соға алмай, салы суға кетіп жүр. Бірінші айналымның соңғы турында жанкүйерлерін, тым болмаса, гол соғып қуантпаса, мүлде ұят болайын деп тұр. Бесінші ойын, бесінші мүмкіндік... Қалай болар екен, ә?

6-орын. Ордабасы (Шымкент)

«Ордабасы» әзірше өзінен жоғары тұрған үш командадан ғана ұтылды: «Астана», «Ертіс» және «Оқжетпес». «Таразбен» былтыр екі рет кездесіп, үйде де, түзде де 1:0 есебімен жеңген. Екі голды да Тұңғышбаев соққан болатын. Еркебұлан биыл да ойнақ салып жүр, спорттық бабына енді келе бастаған сияқты. Шымкент клубы шабуылында бәсекелестік өте жоғары болса да, алаңға шығып, өз қабілетін көрсетіп жүр. Соңғы ойында «Шахтердің» қақпасына бір гол соқты. Ендігі кезекте – өзінің «сүйікті» тараздықтары...

7-орын. Тараз

«Тараз» өткен турда соқыр ұпай ала алмаса да, бас бапкері орнында қалды. Яғни бұған дейінгі «енді ұтылса, Нұрмат Мырзабаевтың орнына өзбек М.Қасымов келуі мүмкін» деген, ғаламтор арқылы тараған сөздер шындыққа жанаспады. Қызық, осы «Тараздың» бір артықшылығы бар. Бұл команда өзімен деңгейлес командаларға есе жіберумен жүрсе де, көшбасшыларға қарсы жақсы ойнайды. «Қайраты» тіпті тізе бүктірген. «Астана» мен «Ертіс» өз алаңдарында 2:1 есебімен ғана жеңіске жеткен. Ендігі кезекте – «Ордабасы». Алайда, қазір тарадықтардың бірнеше ойыншысы жарақатанып қалып, негізінен жастарына сенім артып жүр.

8-орын. Оқжетпес (Көкшетау)

Білесіз бе, ХІ-тур қарсаңында «Оқжетпес» премьер-лигадағы ең дөрекі команда болып тұр. Бұл Владимир Мухановтың шәкірттері алғаш рет бұл «мәртебеге» сегізінші турда, яғни «Ақтөбе» командасымен өткен, ойын тағдырын күмәнді пенальти шешкен матчтан соң ие болған. Сол ойында Көкше клубының бес ойыншысы ескерту алған болатын. Сонымен, дәл қазір «Оқжетпестің» 14 ойыншысы 25 рет ескерту алып, «көш бастап» тұр. Төрт ойыншысы үш мәрте, үшеуі екі қайта, жеті футболшысы бір рет сары қағаз алды. Бірақ біз Көкше командасының ойыншылары шектен тыс дөрекі ойнайды деп айта алмаймыз. Олар тек аяқтарын тартпай, айылдарын жимай, аянбай ойнайды. Әзірше ешбір ойыншысықызыл қағаз алып, алаңнан қуылған жоқ.

9-орын. Атырау

«Атырау» Х-турдан кейін бас бапкерін отставкаға жіберген. Әзірше жаңа бас бапкер тағайындаған жоқ. Бас бапкердің міндетін атқару уақытша Никитенконың көмекшісі болған Юрий Коньковқа жүктелген. Ертең азулы «Астананы» қабылдайды. Елорда клубынан ұпай алу тұрмақ, ойын барысында доп алудың өзі – қиямет-қайым. Десек те, бұл ойын қызықты болуы керек. Қонысбаев пен Коробкин бар күш-жігерлерін салатын шығар. Эссаме де қарап қалмас. Олардың алты аласы, бес бересі жоқ болса да, Стойловқа дәлелдегісі келетін ішкі есептері болуы керек.

10-орын. Тобыл (Қостанай)

«Тобыл» бас бапкері Огайды отставкаға жіберсе де, көсіле сілтей алмай келеді. Үш ойыннан үш-ақ ұпай алды. Ұтыла берсе, үздік алтылықтан үмітін үзуі де мүмкін. Айтпақшы, Қостанай клубы «Оқжетпеспен» түзде, яғни Щучьеде өтетін ойынға жанкүйерлерін 2000 теңгеге апарады екен. «Тобылдың» ресми сайтындағы мәліметке сенсек, арлы-берлі жол ақысы мен стадионға кіру бағасы екі есе арзандаған.

11-орын. Ақжайық (Орал)

10 ойында үш-ақ гол соққан «Ақжайық» өз қақпасына 19 доп жіберіп алған «Жетісуды» қабылдайды. Бірі – премьер-лигадағы ең аз гол соққан, ал екіншісі – ең көп доп жіберген команда. Екеуі де – көш соңында, тек «Тараздан» ғана жоғары тұр. Талғат Байсуфинов шабуылшыларын қамшыламаса болмайды. Бірінші айналымды жеңіспен аяқтау мүмкіндігі туындап тұрғандай.

12-орын. Жетісу (Талдықорған)

«Жетісу» өз алаңында голды көп жібереді. Қақпасынан қармаған 19 доптың 12-ісін өз алаңында жіберіп алған. Яғни түзде Талдықорған командасының қақпасына доп енгізу тым оңай емес. Әрі «Жетісу» сырт алаңда гол соғу да біледі. Он ойында соққан тоғыз голының жартысына жуығын, яғни төртеуін қонақта жүріп «тоғытқан». Оралға жеңілу үшін бармайтыны анық.

Тізімге қайта оралу