|   |   |  Батырға да жан керек, пақырға да жан керек...

Батырға да жан керек, пақырға да жан керек...

Батырға да жан керек, пақырға да жан керек...
Фото fcordabasy.kz сайтынан

Қазақстан премьер-лигасындағы доп додасы бірінші айналымның бел ортасына да жетті. Ал біз, алтыншы тур қарсаңында да әдеттегідей әзіл-оспақ рейтингімізді жариялаймыз.

1-орын. «Ордабасы» (Шымкент)

«Ордабасы» жыры да көп, жұлдызы да көп «Қайратты» қабылдайды. «Батырға да жан керек, пақырға да жан керек» дегендей, «Қайратқа» да жеңіс керек, «Ордабасы» клубына да ұпай керек. Қайсысы “батыр”, қайсысы “пақыр”, оны ойын көрсетеді. Екеуінің сапында да «шаш ал десе, бас алатын» ойыншылар көп. Екеуінің бапкері де – қызу қанды. Алаңдағы ойын да шектен тыс шиеленісті болуы керек.

2-орын. «Қайрат» (Алматы)

«Қайратқа» жанкүйерлері әлі өкпелі. Өкпелері тіпті қара қазандай болды. Егде буын Бауыржан Исламханның былтыр үйленіп алғанын да хош көрмей жүр. Ал әлеуметтік желілерде және отандық басылымдарда жанкүйерлер мен Бауыржанның арасындағы «сұхбаттың» бейнежазбасы пайда болды. Онда фанаттардың бірі “футболшыларға дұрыстап ойнау керектігін” айтуын білдіріп, дауыстайды. Сонда Иcламхан «тоқта, мен саған қазір түсіндірейін, кейбіреулер Арсенал, Баварияклубтарынан келді, мен оларға не айта аламын» деп таусылады. Яғни аталған клубтардан келген ойыншылардың тәжірибелері мол екендігін, қазіргі жағдайды айтпаса да, түсінетіндіктерін меңзейді.

3-орын. «Ақжайық» (Орал)

«Ақжайықтың» бас бапкері жасыл алаңда тазы болып шалуды қалайтын, тактикаға көп көңіл бөлетін – маман. Есеп-қисабы көп мұндай бапкерлерді аракідік «математик» деп те қоямыз. Сол Талғат Байсуфинов былтыр бірінші лигада ойнаған командасымен биыл премьер-лига додасының көрігін қыздырып жүр. Қалталары жұқа ма, құрамдарын да соншалықты күшейте алмады. Әйтсе де, екі рет жеңіске жетті. «Математик» деп бекер айтпайтын сияқтымыз, «Ақжайықтың» биылғы ойыны синусоида сұлбасына (толқынына) ұқсайды. Әуелі екі рет жеңілді, содан соң «Қайратты» тізе бүктірді. Мұнысы әлгі екі жеңілісінің жігін білдірмей кетті. Төртінші турда ұтылып, өткен жолы жеңіске жетті. Бұл жолы ұтыла ма, әлде алғашқы екі турдағы қос жеңілісінің есесін қайтара ма?..

4-орын. «Ақтөбе»

Өткен жылмен салыстырғанда, құрамы бастан-аяқ өзгерген ұжым бесінші турда көшбасылардың бірін ұтып, еліміздегі футбол мамандары мен жанкүйерлерін таң қалдырды. Команда мүшелері Ақтөбеге ұшып келгенде, жергілікті жанкүйерлер оларды әуежайда тосып алды. Бұл – үлкен құрмет. «Ақтөбе» ойыншылары соңғы екі турда қайсарлық пен жанкештілік танытып, жанкүйерлерін риза қылып, жүректерін жаулап ала бастағандай.

5-орын. «Оқжетпес» (Көкшетау)

Көкше клубы соңғы үш турда жеңіске жетті. Үш ойында жеті гол соғып, өз қақпасына бір ғана гол жіберіп алды. Үшінші турдан бері көкшетаулықтардың қақпасын Саша Стаменкович қорғап келеді. 2008 жылы Сербия құрамасы сапында Олимпиада ойындарына қатысқан қақпашы «Оқжетпестің» қақпасына оңайшылықпен доп өткізер емес. Тіпті қорғаушыларына жетекшілік етіп, командаластарын жігерлендіріп отырады. Ал Көкше клубының жанашырлары Стаменковичті Қазақстан премьер-лигасындағы ең үздік қақпашы деп санайды.

6-орын. «Тобыл» (Қостанай)

Соңғы екі турда үшінші орынды “меншіктеп” алған, бесінші турға дейін жеңілістің кермек дәмін татпай келген «Тобыл» өткен жолы «Ақтөбеден» ұтылып қалды. Ең өкініштісі, өз алаңында жеңіліске ұшырап, бір саты төмен ығысты. Әйтпесе, үшінші орынға орнығып алатын да еді. Негізі, «Тобылдың» бір ойыны кейінге шегерілген. Яғни үш ойыннан 7 ұпай еншілеген қарқыны жақсы еді. Әйтсе де, өз алаңында сүрінді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «командамыздың биылғы мақсаты – кем дегенде 5-6 орындарға ие болу» депті. Ендеше, ұпайлары түгел сияқты...

7-орын. «Жетісу» (Талдықорған)

Талдықорған клубы – биылғы маусымда әлі жеңіске жетпеген үш команданың бірі. «Шахтер» мен «Атырауға қарағанда, «Жетісудың» жағдайы – тым мүшкіл. «Атыраудың» бір ойыны кейінге шегерілген. «Шахтер» өткен турда «Қайратпен» тең түсіп, ойын өрнегі енді үйлесіп келе жатқанын байқатты. Ал «Жетісу» желпіне алмай келеді. Ал осы жолы ұтылса...“өз алаңында ұтыла беретін команда” деген жақсы атақ емес...

8-орын. «Атырау»

Салы суға кетіп, соңғы орыннан бір-ақ шықты. Енді «суға кеткен тал қармайды» дегендей, қалай да ұпай алуы керек. Әйтпесе, басшыларының да шыдамы таусылар. Негізі, команда құрамы жаман емес. Тәжірибелі ойыншылары баршылық. Бірақ бес ойында алғандары – бір-ақ ұпай. Бәлкім, жексенбіде өтетін «Жайық дербиінде» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізер.

9-орын. «Шахтер» (Қарағанды)

“Шахтер” биыл азулы командаларды қара терге түсіріп жүр. Қайсыбірін тіпті өз көрермендері алдында ұятқа қалдырды. Бірінші турда «Астананы» әбден састырды. Өткен маусымдағы чемпионымыз кеншілер клубын әупіріммен әзер жеңген. Ал бесінші турда «Қайраттың» соңғы жылдары қасықтап жинаған абыройын Алматы жанкүйерлері алдында аймандай қылды. Бірақ түзде «Тобылдан» оңбай ұтылып, өз алаңында «Ертіске» де есе жіберіп алып, «Жетісумен» тең түсті. «Шахтер» футболшыларына жасыл алаңның сапасы әсер ете ме, белгісіз?

10-орын. «Ертіс» (Павлодар)

«Ертістің» көктемгі екпіні адам сүйсінерліктей. Бес турда – бес жеңіс. Қақпасына әлі бірде-бір доп жіберген жоқ. Өздері жасыл алаңнан гол соқпай кетпейді. Әзірше барлық шебі іркіліссіз жұмыс жасайтын машинадай тізе қоса қимылдап, қарсыластарын оңды-солды жайпап келеді. Алтыншы турда Ақтөбеде ала доп додасына түседі. Асығы алтыншы рет алшысынан түсе ме, әлде жарқын жеңістеріне Ақтөбеде нүкте қойыла ма?..

11-орын. «Астана»

«Астана» – көп шабуылдайтын командалардың бірі. Бірақ соның жартысында кәдеге асыра алмай жүр. Бес турда тоғыз гол соқты. Көп те емес, аз да емес. Ал өз қақпасына үш гол жіберіп алды. Есесіне, үш қорғаушысы гол соқты. Ал екі шабуылшысының еншісінде – екі голдан. Көп пе, аз ба?..

12-орын. «Тараз»

Биылғы ел чемпионатын тамаша жеңіспен бастап, «Қайратты» тізе бүктірген «Тараз» одан кейін нәтижелі ойын үлгісін көрсете алмай қойды. Содан бері бір ғана ұпай еншілеп, үш рет ұтылды. Әсіресе екі рет өз алаңында жеңіліске ұшарап, жанкүйерлерін жасытты. Енді бірінші турдағы жеңісі кездейсоқтық емес екендігін дәлелдейтін кез жетті.

Алтыншы және алдағы турларда қай командалардың кездесетінін, сондай-ақ өткен бес турдағы ойындар нәтижесін білгіңіз келсе, мына сілтемені басыңыз.

Тізімге қайта оралу