|   |   |  Атыраудағы әдепсіздік немесе Аршавиннің жалақысы 1,5 миллион еуро ма...

Атыраудағы әдепсіздік немесе Аршавиннің жалақысы 1,5 миллион еуро ма...

Атыраудағы әдепсіздік немесе Аршавиннің жалақысы 1,5 миллион еуро ма...
Фото rfcatyrau.kz сайтынан

Ертең Қазақстан премьер-лигасында бесінші турдың ойындары өтеді. Осыған орай, ендігі әдетке айналған, әр туры қарсаңындағы әзіл-оспақ рейтінгімізді жариялаймыз.

1-орын. "Атырау"

Өткен турда «Атырау» қаһарлы «Қайратты» қабылдаған. Қалыптасқан әдет бойынша ойыншылар алаңға жас бүлдіршендермен қол ұстасып шығуы керек-тін. Әлбетте, мұндай жеткіншектер әр клубтың ізбасарлар мектебінде тәрбиеленіп жүрген балалар болып келетін.

Қызық болғанда, «Атырау» – «Қайрат» кездесуі алдында әлдебір бапкер келіп, Аршавинің қолынан ұстап тұрған жас өренді әлгі жерден шеттетіп, оның орнына басқа баланы қойған. Әу баста Аршавинің жанында тұрған бала алаңға мүлде шықпаған да сияқты. Осы бір келеңсіз көрініс «Қайрат» клубының Твиттердегі ресми парақшасында баяндалды.

Балаларды ауыстырған кім болды екен, ә? Ол кімнің баласын алып келіп, спорттық бабына келе алмай жүрген Аршавиннің қолынан ұстатты. Мұны қалай түсінуге болады? Әділеттілікке жатқыза аламыз ба? Сонда «Атырау» ізбасарларын әлден осылай тәрбиелей ме?

2-орын. "Қайрат" (Алматы)

Кеше орыстың «Комсомольская правда» газетінің ресми сайтында Андрей Аршавин туралы мақала жарық көрді. Онда мақтауы өткен Ресей жұлдызының қазақ додасында екі ойын өткізіп, екеуінде де жарқырап көзге түсе алмағаны жазылған.

Әрі «бейресми деректер бойынша жылдық жалақысы 1,5 миллион еуро болатын, Петербордың сөне бастаған жұлдызы Алматы клубына қажет па» деп сұрақты төтесінен қойған. Тіпті «спорттан уақытында кете білу керек» деп те астарлап өткен.

3-орын. "Ертіс" (Павлодар)

«Ертіс» қарсыластарын үйде де, түзде де ұтып, премьер-лигада көш бастағалы Болгария басылымдары Димитар Димитровқа ерекше көңіл бөле бастады. Тіпті туған еліне қайтып барғанын да теріс көрмейтіндей. Мәселен, «Берое» клубының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін көрінеді. Орнынан алынбаса да, тықыр таянған сияқты.

Осыған орай, болгар журналистері аталған клубқа лайықты бапкерлердің бірі ретінде Димитар Димитровтың есімін атаған. Әрі оның пікірін де білген.

«Екі жылдық келісімшартым бар, "Ертіс" клубынан кету ойымда жоқ. Иә, қайсыбір мәселелер де жоқ емес... Бірақ мен өз ісіме адал адаммын, келісім мерзімі біткенше жұмыс жасауға ниеттімін. Әрине, егер клуб та осыны қаласа», депті Димитров.

Қалай десек те, бұл Болгария маманы Димитар Димитровқа таптырмас пиар болған сияқты. Енді «Ертіс» клубының басшылары алдында бағасы да, беделі де өсіп қалған болар.

4-орын. "Ордабасы" (Шымкент)

Әзірше Қазақстан премьер-лигасындағы ең дөрекі команда «Ордабасы» болып тұр. 10 ойыншысы сары немесе қызыл қағаз алды. Негізгі құрамдағы ойыншыларынан тек Трайкович пен Чатто ғана ескерту алмаған. Мұхтаров, Тұңғышбаев және Сүйінбаев соңғы үш турда алаңнан қуылса, Касалица екі мәрте сары қағаз алып үлгерді. Ол, ол ма... тіпті бас бапкері де жазаға тартылды...

Ал бесінші турда ерке Ертіс жағасында көшбасшымен кездеседі. Көктемгі «ағысы» қатты, арыны екпінді «Ертісті» тоқтата ала ма? Үш немесе бір ұпай еншілеп, олжалы қайта ма, жоқ әлде, сары-қызыл қағаздарының санын одан әрі көбейтіп, «бұзық» команда атанып кете ме...

5-орын. "Жетісу" (Талдықорған)

Ал «Жетісу» – премьер-лигадағы ең «момын» команда. Төрт турда үш ойыншысы ғана ескерту алды. Рас, Боти Демельге екі рет сары қағаз көрсетілді. Бірақ ол – шабуылшы. Енді бір ескертуді жартылай қорғаушысы Ф.Руддик алыпты. Сонда қорғаушыларының біреуі ғана ойын ережесін бір рет (!) бұзған. Яғни, қорғаныста тым «сыпайы» ойнайтындай. Осыдан болар, ескерту алған жалғыз қорғаушысы, чех футболшысы Мартин Кляйн «біз қорғаныста "бала бақшадағыдай" ойнаймыз. Біздің қақпаға соққы бағыттау тым оңай болып кетті. Егер жеңіске жеткіміз келсе, аянбай өжеттілік танытуымыз керек» деп ашынушылық білдірген болатын.

Енді бір көңіл аударарлық дерек, «Жетісудың» капитаны – қақпашы. Бірақ қақпашысы ойын сайын ауысады деуге болады. Бірінші турда Андрей Пасеченкоға мүмкіндік берілді. Екінші және үшінші турда Андрей Шабановқа сенім артылды. Төртінші турда қақпаға қайтадан Пасеченко тұрды. Бесінші турда осы екеуінің қайсысы команданы алаңға бастап шығады екен.

6-орын. "Ақжайық" (Орал)

Өткен турдағы «математиктер» немесе сұңғыла тактиктер «сайысында» Талғат Байсуфинов тәжірибесі өзінен мол Владимир Мухановқа есе жіберіп алды. Яғни «Ақжайық» өз алаңында «Оқжетпестен» ұтылып қалды. Осы ойыннан кейін Талғат Маруанұлы «Ойынымызды жандандыра алар емеспіз, енді жазғы трансфер кезінде құрамымызды күшейтуге тырысамыз» деп қынжылды. Өйткені, қарсыласының сапында қас шебер ойыншылар көп болды. Сонымен, «математиктер» сайысында таразы басын ойыншылардың деңгейі басып кетті.

7-орын. "Тобыл" (Қостанай)

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов ресми сапармен Қостанайда болды. Астықты өлкенің еліміздегі көктемі де, күзі ызғарлы облыстың бірі екенін тілге иек етті. Бес ай бойы орта температурасы нөлден жоғары көтерілмейтін сегіз аймағымыздың бірі екендігі де айтылды. Әрі үш-төрт жылдың ішінде Қостанай облысында төбесі жабық алаң (манеж) болады деп отыр. Осы облыстың әкімі алғашқылардың бірі болып, манеж салатын жер телімін бөліпті. Құтты болсын, «Тобыл».

8-орын. "Ақтөбе"

«Ақтөбе» клубының Бас директоры қазақстандықтарды таңдандыруын одан әрі жалғастырып келеді. Төртінші турда «Ақтөбе» Астанада Талдықорғанның «Жетісу» клубын қабылдаған болатын. Ойын барысында Дмитрий Васильев трибунада тұрып-ақ ойыншыларына қолымен көрсетіп, нұсқау беріп тұрды. Ал ойыннан кейін журналистерге арналған баспасөз жиынын келіп, қайсыбір басылымдардың тілшілері жоқ екендігіне көз жеткізді. Әрі өзі де бас бапкер мен БАҚ өкілдеріне арналған жиынға қатысты.

9-орын. "Оқжетпес" (Көкшетау)

«Сыры кетсе де, сыны кетпейтін» саңлақтың бірі – Әлібек Бөлешев. Өткен турда, тура өзінің туған күні, яғни 35 жасқа толғанында Әлібек Қазақстан чемпионатының жоғары лигаларындағы 296-ыншы ойынын өткізіп, 95-інші голын соқты. Енді, кем дегенде 5 гол соғып, шет елден келген ардагерлерге үлгі бола беруіңе тілектеспіз, Әлібек. Қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөлей бер, Бөлешев.

10-орын. "Астана"

«Астана» дағдарыс кезінде «тазы болып» шалуды жоспарлап отыр. Бас бапкері Станимир Стойлов «деңгейі жоғары футболшылар керек» деп әр тур сайын (баспасөз жиынында) «зар илеп» жүрсе де, клуб басшылары әлі асығар емес. Рас, жақында құрамын екі жартылай қорғаушымен толықтырды. Бірі – Бесарт Абдурахими (Македония), ал екіншісі – Аруна Лукман (Нигерия).

Бірақ екеуі де жалға алынған. Жазғы трансфер кезеңіне дейін команданы алға сүйрер ойыншылар бола алса, елорда клубы сапында қалады. Ал деңгейлері өз футболшыларымыздан аспаса, келген іздерімен кері қайтады. «Астана» өз құрамын Чемпиондар лигасы басталар кезде күшейтуді жоспарлап отыр. Оған дейін «барымен базар» болатын сияқты.

11-орын. "Тараз"

«Тараз» биылғы чемпионатты азулы командалармен бастады. «Қайратты» сан соқтырып кеткенімен, «Ақтөбені» ұта алмай, жер шұқыды. Одан кейін «Оқжетпеске» есе жіберіп алып, өткен турда «Астананы» біраз қара терге түсірді. Ендігі қарсыластары «Қайрат» пен «Астанадай» емес. Ендеше, бауырын жазып, жас бапкерінің ойындағыларын жүзеге асыруға мүмкіндік туатын шығар.

12-орын. "Шахтер" (Қарағанды)

Кеншілер клубы – әлі көш соңында. Бірақ командасы қиын-қыстау кезеңге тап болып, тар жол, тайғақ кешіп жүрсе де, Андрей Финонченко әлі «Шахтердің» намысын қорғап жүр. Өткен турда өз ұжымы сапында 400-інші ойынын өткізді. Өз клубына нағыз адал футболшы.

Тізімге қайта оралу