|   |   |  Есей Жеңісұлы: "Атырау" – "Қайраттың" ең ыңғайсыз қарсыласы

Есей Жеңісұлы: "Атырау" – "Қайраттың" ең ыңғайсыз қарсыласы

Есей Жеңісұлы: "Атырау" – "Қайраттың" ең ыңғайсыз қарсыласы
Спорт шолушы Есей Жеңісұлы

Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Спорт шолушысы Есей Жеңісұлы Қазақстан Премьер-лигасының 4-тур ойындарына жасаған өз болжамын ұсынып отыр.

Қазақстан Премьер-лигасы 4-тур (09.04.2016 ж.)

«Ордабасы» - «Тобыл» - 2:1.

Шымкенттіктер өз алаңында «Астанадан» ұтылып, жанкүйерлерін жерге қаратқан соң, енді кім қарсы келсе де аянып қалмайды. Өткен турда сырт алаңда «Жетісуды» ұтып, биылғы біріншілікте «дәмесінің зор» екенін дәлелдеп берді. Оның үстіне, шабуыл шебіндегі Е.Юнузович те, ойынды ұйымдастырушы А.Нұрғалиев те маусымға үлкен қарқынмен кірісті, үш-үш голдан соғып үлгерді. Сондықтан Б.Байсейітов шәкірттері «Тобылды» бір доп айырмасымен ұтуға тиіс. «Тобылдың» шабуыл шебінде қазір А.Н’Диайе, К.Дудченко, С.Хижниченко арасында негізгі құрам үшін егес жүріп жатыр, осы үштіктің бірі есеп айырмасын қысқартуы мүмкін.

«Шахтер» - «Ертіс» - 1:1.

«Ертіс» осыған дейінгі үш турда да жеңді, Д.Лория әлі қақпасына «тірі тышқан» өткізген жоқ. Алайда Қарағандыда осы 100 пайыздық нәтижеге аздап өзгеріс енеді. Өйткені, Й.Вукушич жаттықтыратын кеншілер турнир кестесінің соңында тұр. Енді серпілмесе, шетелдік бапкерге шекара сызығы көрсетілуі бек мүмкін. Кеншілердің құрамы жақсы, ақырындап еңсе түзейтін сәттер жақын болуға тиіс.

«Атырау» - «Қайрат» - 2:2.

Мұнайшылар – «Қайраттың» ең ыңғайсыз қарсыластарының бірі. Бірақ алматылықтар дәстүрлі түрде Атырауда жақсы ойнайды. Оның үстіне, «Қайраттың» ойыншылары жаңа бас бапкер К.Цхададзеге өзін жақсы көрсету үшін барын салып, «айды аспанға шығаруға» тырысатыны түсінікті. Бірақ «Атыраудың» да шегінер жері жоқ. Енді ұтылса, В.Никитенконың басына бұлт үйірілуі ғажап емес. Сондықтан екі команда ашық шайқасады, жақсы да өте нәтижелі футбол көреміз деп үміттенемін.

«Астана» - «Тараз» - 3:1.

«Астана» күмәнсіз ұтуға тиіс. «Тараз» ойыншылары әлі бір-бірімен толық түсінісе қойған жоқ. Жас ойыншылар көп, былтырғыдай бойшаң Пищурге доп асырып, «бірдеңе шығарар» дейтін тактика іске аспайды.

«Ақжайық» - «Оқжетпес» - 1:0.

«Қайратты» ұтқан соң, оралдықтардың өзіне сенімі арта түсті. Бірақ бұл командада мерген шабуылшы жоқ, сондықтан маусымдағы жеңістерінің басым бөлігіне 1:0 есебімен жетіп жатса, таңданбас едім. С.Гридин, О.Хромцовтар аяқ асты дүр сілкінбесе, негізгі күш жартылай қорғаныстағы Ф.Коронелге түсетін сияқты. «Оқжетпес» сырт алаңда жақсы ойнай алатынын өткен турда Таразда көрсетті, бірақ бұл жолы олардың дегені бола қоймайтындай көрінеді.

«Ақтөбе» - «Жетісу» - 1:1.

Тең ойын болады. «Ақтөбенің» өткен турдағы ойынын көрдім. Шабуылға нүкте қоятын шешуші соққы жоқ. Сондықтан стандартты жағдайлардың бірін сәтті пайдалануы мүмкін шығар. Ал «Жетісу» өз алаңында ұтылған соң, Астанада барын салады. Бірақ Д.Савич әлі бабына енген жоқ, Б.Демель жаңа келді. Б.Тұрысбек І турдағыдай ойнаса, кемі тең нәтиже болуға тиіс.

"Болжам-бұрыш" айдарының ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу