|   |   |  Еуро-2016: Португалия ма, әлде Хорватия ма?

Еуро-2016: Португалия ма, әлде Хорватия ма?

Еуро-2016: Португалия ма, әлде Хорватия ма?
Еуро-2016. Журналистер болжам-бәйгесі

1/8-финал аясындағы Хорватия – Португалия кездесуіне Ермек Төрениязов пен Рауан Оқас болжам жасайды.

Бүгін ширек финал жолдамасы үшін Еуропа чемпионатында Хорватия мен Португалия құрамаласы таласады. Бірі «D» тобынан үздік шыққан, екіншісі «F» тобынан іркіліп, әзер өткен. Дегенмен, плей-офф кезеңі – мүлдем басқа. Бір ғана қателік, бітті, додадан шықтым дей бер. Біздің «Болжам-бәйгемізде» де сол сияқты. Ермек Төрениязов хорваттардың жеңісіне сенімді болса, Рауан Оқас Криштиану бастаған Португалия жігіттеріне үміт артуда.

"Болжам-бәйгенің" плей-офф кезеңіндегі ережесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар:

Ермек Төрениязов, «ҚазСпорт» телеарнасы: Хорваттар үшін бар қауіп Роналдудан келеді

Ермек Төрениязов

Хорватия – Португалия 3:1

«D» тобынан сурылып шыққан хорваттардың қарқыны күшті. Топтық кезеңде ұпайдан шашау шығармай, 100% нәтиже көрсететін мүмкіндік болды оларда. Чехиямен болған ойында жанкүйерлермен қоса футболшылардың да жүйкелері сыр берген сияқты. Десек те, Испанияға қарсы өткен кездесуде хорваттар бар қырынан танылды деуге болады. Әдетте «қызыл фурияға» қарсы шығу үшін допсыз да ойнап үйрену керек. Ол Анте Чачич шәкірттерінің қолынан келді. Ал Португалия олар үшін аса қауіпті қарсылас емес.  

Португалия плей-офф сатысына ілініп-салынып шыққан құрама. Шабуылы қанша мықты болғанымен, қорғанысы сонша сылбыр. Оған топтық турнирдегі ойындары дәлел. 24 құраманың арасында ең көп соққы жасаған Португалия құрамасы екен. 69 соққының 22-сі қақпаға дәл бағытталған. Соның 4-уі ғана голға айналды. Хорваттар үшін бар қауіп Роналдудан келеді. Аяғы допқа тисе болды рекорд орнататын КриРо бұл жолы тағы қандай нәтиже жаңартар екен?

Енді ойынға ойыссақ: Бірден айтайын матч екі тайммен аяқталады. Үзіліске дейін 1 гол болады және оны хорваттар соғады. Шамамен 30-минуттан кейін. (Осы Еурода 31-45 минуттар аралығында  қақпаға 13 доп еніпті). Хорватия құрамасы ұрған 5 голдың 4-уі 37-60 минуттар аралығында соғылған. Демек, екінші голды да үзілістен кейін хорваттар соғуы тиіс. 70-минутқа жетпей есеп 2:0 болады. Оған Криштиану 80-минуттарда жалғыз доппен жауап қатады. Сөйтіп Португалия сұрмергені Еуродағы голдар саны бойынша Платиниді қуып жетуі керек. Бірақ, рекорд жаңарта алмайды деген ойдамын. Кездесу соңында тайлы-тұяғымен шабуылға шығатын португалиялық футболшыларда әйтеуір бір қателіктің болуы тиіс. Бұл мүмкіндікті хорваттар мүлт жібермейді. Модрич пен Манджукич қатарға оралса қарсыластарына тіпті қиын болары түсінікті.

Қорытынды есеп – 3:1

Бірінші таймның есебі – 1:0

Экстра тайм – болмайды

Гол соғуы мүмкін 3 ойыншы – Ракитич, Перишич, Срна – Роналду, Нани, Куарежма

Пенальти – жоқ

Қызыл қағаз – болмайды

Сары қағаз есебі – 2-3

Рауан Оқас, «Аламан.кз» сайты: Жеңімпаз экстра-таймда анықталады

Рауан Оқас

Хорватия – Португалия 2:3

Хорватия мен Португалия негізгі уақытта 2:2 есебімен тең түсіп, қосымша экстра-тайм көреміз деп есептеймін. Және де экстра-таймда Португалия тағы бір гол соғып, жеңіске жетеді. Бірінші тайм Хорватияның пайдасына 1:0 есебімен шешілуі тиіс. Екінші тайм Португалияның пайдасына шешіледі –1:2. Португалиядан Криштиану Роналду, Луиш Нани гол соғады деп есептеймін. Хорватияда Лука Модрич пен Дарио Срна гол соғуы мүмкін. Екі құраманың ойыншылары бесеуден кем емес ескерту алып, алаңнан ойыншы қуылады. Ойынның негізгі уақытында пенальти болады деп ойлаймын.

Қорытынды есеп – 2:3

Бірінші таймның есебі – 1:0

Экстра тайм – 2:2 (0:1)

Гол соғуы мүмкін 3 ойыншы – Лука Модрич, Дарио Срна – Криштиану Роналду, Луиш Нани

Пенальти – 1

Қызыл қағаз – 1

Сары қағаз – 5

Тізімге қайта оралу