|   |   |  Еуро-2016: "Өлім тобындағы" шиеленіс

Еуро-2016: "Өлім тобындағы" шиеленіс

Еуро-2016: "Өлім тобындағы" шиеленіс
Еуро-2016. Журналистер болжам-бәйгесі

«Еуро-2016» чемпионатында «Е» тобының ойындарына Сәкен Сыбанбай, Ермұхамед Мәулен, Рауан Оқас және Асқар Ағатаев сынды журналистер болжам жасайды.

Бүгін Еуропа чемпионатында «Е» тобы да қорытындыланбақ. Ниццада Швеция мен Бельгия кездессе, Лилль қаласында Италия мен Ирландия құрамалары өзара үздікті анықтамақ. Италия плей-офф кезеңіне жолдама алып қойған. Қалған үш құраманың тағдыры бүгін шешілмек.

Ал журналистер «Болжам-бәйгесінде» бұл топта ақтаулық Асқар Ағатаев көш бастап келеді. Дегенмен, төрт қатысушымыздың да плей-оффтан үміттері бар. Қайсысының жолы болатынын осы ойындардан кейін білетін боламыз.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін тура тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойыншатанысуға болады.

Сәкен СЫБАНБАЙ («Алматы ақшамы» газеті)

Сәкен Сыбанбай

Италия – Ирландия – 1:0

Үшінші тур ойындары қалай аяқталса да, Италия өзі мықтап жайғасқан бірінші орыннан еш мызғымайды. Демек Ирландиямен ойында «Скуадра адзурраның» бас бапкері Антонио Конте нәтижеге мүлде алаңдамастан негізгі жігіттердің кейбірін демалдырып, кезегін күтіп отырған қосалқы құрам футболшыларының біразын жасыл алаңға шығаруы мүмкін. «Бапкер қос жеңіске мол үлес қосқан жетекші 8 ойыншысына демалыс бермек» деген ақпараттың тарағанына да екі-үш күн болды. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Ал Ирландияға тек қана жеңіс қажет. Бірақ сол мақсатына Мартин О’Ниллдің командасы қол жеткізе ала ма? Күмәнім бар. Италияның қосалқы құрамының өзі осал емес. Қорғанысты тастай ғып бекітетін олар қарымта шабуылда қалайда бір гол соғады деген ойдамын.  

Швеция – Бельгия – 1:3

Шведтердің турнир кестесіндегі жағдайы да ирландиялықтардың халімен шамалас. Плей-офф кезеңіне шығу үшін оларға да қалайда жеңу керек. 180 минут бойы гол енгізбек түгілі, қарсы қақпаға бірде-бір тура соққы бағыттай алмаған Златан Ибрагимович пен оның серіктері үшінші турда күрт құбылып, қарсыласын бет қаратпай ұтады дей алмаймын. Және кімді десеңізші? Өткен ойында ірі жеңіске қол жеткізіп, аяғындағы шідері шешіліп, иығынан ауыр жүк түскендей болған Бельгияны ма? Қайдам. Жарайды, бір гол соғар, бірақ одан арғыға шамасы келмес. Есесіне, тайлы-таяғы қалмай алға ұмтылып жүріп, Эден Азар мен Кевин де Брейне секілді жүйрік ойыншылардың жылдам шабуылын өткізіп алып, пұшайман жеп тынар. Бұл топтағы үшінші команда 1/8 финалға шыға алмайды деп есептеймін.

Ермұхамед МӘУЛЕН («ҚазСпорт» телеарнасы)

Ермұхамед Мәулен

Италия – Ирландия 1:0

Буффон гол жібермеуге тырысады. Қорғанысы мықты Италия топтан шығып қойған. Бұл ойында өте сабырлы ойын өткізуге тырысады. Ал Ирландияның өзі гол соға алатын командаға ұқсамайды. Демек, бір шабуылдан 1 гол соғатын Италия жеңіске жетеді.

Швеция – Бельгия 1:2

Златан Ибрагимович міндетті түрде гол соғуы керек. Мен соған сенемін. Алайда шведтер сол 1 голдан артық доп соға алмайды-ау. Үшінші тур болғандықтан еш команда аянайын деп жүрген жоқ. Бельгия керемет шабуылымен тағы 2 гол соғады. Демек есеп 1:2.

Рауан Оқас («Аламан.кз» сайты)

Рауан Оқас

Ирландия – Италия 1:0

Италия топтан шығып қоюуына байланысты Ирландиямен болатын ойында аса қиналмайды. Ирландия алғашқы 3 ұпайын еншілеуі тиіс.

Бельгия – Швеция 0:1

Топтың соңғы орнында тұрған соң, нар тәуекелге барып Швецияның жеңісіне қоя салуды ұйғардым. Ибрагимовичтер жеңіске жетеді.

Асқар Ағатаев («aktausport.kz» порталы)

Асқар Ағатаев

Швеция – Бельгия 0:1

Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының топтық ойындары өз мәресіне жетіп қалды. Екі ойында бір доп соққан Швеция мен Ирландия құрамасы соңңы орындарда келе жатыр. Команда лидері Златан Ибрагимович голды қалай соғу керектігін ұмытып қалған секілді. Алғашқы ойында Италиядан жеңілген Бельгия екінші турда Ирландия құрама командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Әрине, қос командаға да жеңіс ауадай қажет. Дегенмен бұл ойында бельгиялықтар басым болады.

Италия – Ирландия 0:0

Италия құрамасы плей-офф мәселен шешіп тастады. Енді Антонио Конте команда лидерлеріне демалыс беріп, алаңға қосалқы ойыншаларға мүмкіндік беретін шығар. Ирландия еңбекқор команда, дегенмен Италия құрамасына гол соғуға қауқары жетпейтін сияқты. Италиялықтар жағдайды ушықтырмай, футболшыларға жарақат алғызбай, осы ойынды тең нәтижемен аяқтайды.

Тізімге қайта оралу