|   |   |  Еуро-2016: "С" квартетінің сырттаны кім?

Еуро-2016: "С" квартетінің сырттаны кім?

Еуро-2016: "С" квартетінің сырттаны кім?
Еуро-2016. Журналистер болжам-бәйгесі

«Еуро-2016» чемпионатында «С» тобының ойындарына Есей Жеңісұлы, Еркін Шәкір, Шалқар Естен және Әділбек Жақанов сынды журналистер болжам жасайды.

Ертең Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының «С» тобында үшінші тур ойындары өтеді. Алаңға Украина мен Польша және Германия мен Солтүстік Ирландия құрамалары шығады. Украиналықтардан басқалардың бәрінде плей-оффқа шығуға мүмкіндіктері бар. Ал «Болжам-бәйге» бәсекесінде төрт қатысушының да 1/8-финалдан үміттері үзілген жоқ. Сондықтан, бәрі ертеңгі екі ойында шешіледі.

Есей Жеңісұлы («Айқын» газеті)

Есей Жеңісұлы

Украина – Польша 1:1

Украина кетерде бір жақсы нәтижемен есте қалуға тырысады. Бірақ Польшаға жеңіс болмаса да тең ойын керек. Сондықтан алаңда таза қырқыс болуға тиіс. 0:0 деп те болжауға болар еді. Бірақ Украина гол соқпай кетсе обал ғой деп ойладым. Ал Польша сұрмергені Роберт Левандовски топтық турнирде өз атағы үшін де бір гол соғуға тиіс. Жалпы біздің топ – голға мейлінше кедей топ. Осыған дейінгі 4 кездесуде 5 рет қана қақпа кілтін тауыппыз. Бұл жолы да сол екі доппен алдап қоярмыз.

Солтүстік Ирландия – Германия 1:0

Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа... Командалардың өзі жасамаса да, мен қағаз жүзінде бір сенсация жасайыншы! Солтүстік Ирландияның Украинамен ойыны ұнады. Бетпе-бет тұрысып бере алатын команда екен! Ал Германия топта бір ұтылса ештеңе етпейді. Мұндай жағдайда алмандар өз тобында үшінші орын алып қалады (менің болжамым бойынша). Сонда 1/8 финалда басқа топтың мықтысымен ойнап, өзінің сәтсіздігі кездейсоқ екенін дәлелдесін, мархабат!

Еркін Шәкір («Қазақстан» телеарнасы)

Еркін Шәкір

Украина – Польша 2:1

Украина, Польша, Германия... Балтық жағалауы және шекаралас мемлекеттер. Қанша жылдан бері УЕФА дейтін тудың астында өнер көрсетіп келеді. Үйреніскен жау атыспаққа жақсы демекші бір-бірінің сырын білетін қарсыластар ашық дәрежеде яғни қорғанысқа жатып алмай өнер көрсетеді. Осы топтағы шешуші ойындардың бірі болғандықтан барын салады. Мен жеңісті Украинаға беремін.

Солтүстік Ирландия – Германия 1:3

Солтүстік Ирландия дебюттік Еуропа чемпионатында барлық ойындарын да жеңіліп, соңғы орынды алады деп ойлағам. Бірақ Украинаны ұтып, таңғалдырды. Осы жолы Германия аралдан келген жігіттерге еш мүмкіндік бере қоймс. Алайда соңғы ойын болғандықтан Германия екінші құраммен шығы мүмкін. Сол үшін Солтүстік Ирландия Нойер қақпасына бір гол салады. Менің болжамым осындай.

Шалқар Естен («ҚазСпорт» телеарнасы)

Шалқар Естен

Украина – Польша 1:1

Дәл осы бәсекеге болжам айту қиын. Украина құрамасы үшін плей-офф есігі тарс жабық. Бұл ойында 10:0 есебімен жеңсе де, бәрібір Киевті бетке алады. Дегенмен осы ұжымның жартылай қорғаушысы Руслан Ротань намыс үшін барын сала ойнайтындарына сендіреді. Поляктар да қарап қалмайды. Бұл елдердің арасында әлімсақтан бері бәсеке барын ескерсек, екі жақ та ойынға шындап беріледі. Тартысты кездесуде әділетті есеп тіркеледі деп ойлаймын және соны қалаймын.

Германия – Солтүстік Ирландия 2:0

Немістер бұл жолы да қарсыласын екі доп айырмасымен ұтады деп ойлаймын. Жалпы голға сараң біріншілік болғасын ірі есептен күдер үздім. Бірақ кім білсін, немістер осы жолы голды топырлатып болжамымды жоққа шығаруы да мүмкін. Дегенмен солтүстікирландиялықтардың жеңілетіні анық. Бұл кездесуде немістер нағыз өздеріне тән өнер көрсететін шығар.

Әділбек Жақанов («Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы)

Әділ Жақанов

Украина – Польша 1:1

Албания жасаған ерлікті неге Украинаға қайталамасқа? Өткен ойыннан сабақ алса, «сары жейделілер» бұл жолы Польшаға қайткенде тойтарыс беруі керек. Украинаға қайтуға ұялып жүрген Ярмоленколарға жағдайды сәл түзеуге соңғы мүмкіндік туып тұр. Ал топтан шығу мәселесін 90 пайызға шешіп тастаған поляктар асықпай, аптықпай тең нәтижені қанағат қылары анық. Қос қарсылас нәтижелі тең есеппен тарқассады деген ойдамын.

Германия – Солтүстік Ирландия 2:0

«Неміс машинасына» оталатын кез келді. Намысты қолдан бермейтін Швайнштайгер негізгі құрамға шығып қалуы әбден мүмкін. Германия әр таймда бір-бір голдан соғып, матч 2:0 есебімен немістердің пайдасына шешіледі деген болжамым бар. Оны енді ойын көрсетеді. Біздікі жәй болжам ғой.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойыншатанысуға болады.

Тізімге қайта оралу

Ұқсас мақалалар: