|   |   |  Еуро-2016: "А" тобында төрт дүлдүлдің қайсысы артық?

Еуро-2016: "А" тобында төрт дүлдүлдің қайсысы артық?

Еуро-2016: "А" тобында төрт дүлдүлдің қайсысы артық?
Еуро-2016. Журналистер болжам-бәйгесі

«Еуро-2016» чемпионатында «А» тобының ойындарына Амангелді Сейітхан, Дастан Кенжалин, Руслан Меделбек және Роза Әрен сынды журналистер болжам жасайды.

Бүгін Еуропа чемпионатында «А» тобының соңғы ойындары. Лилльде Швейцария мен Франция кездессе, Лионда алаңа Румыния мен Албания шығады. Біздің «Болжам-бәйгемізде» 9 ұпаймен Роза Әрен мен Руслан Меделбек көш бастап тұр. Амангелді Сейітханның еншісінде 5 ұпай бар болса, Дастан Кенжалин 4 ұпаймен топты қорытындылап тұр.

Дегенмен, бәрі осы турда шешіледі.

Амангелді Сейітхан («Хабар» телеарнасы)

Амангелді Сейітхан

Швейцария – Франция 0:2

Алғыстан бастайық. Осы болжам бұрышын ашып, біздерге жарыс ұйымдастырғандарға. Алла тағала риза болсын. Кемі бір-бірімізбен сөйлесіп, пікір жарыстырып, шаттандық. Футбол көруге деген ынта пайда болды. Роза Әренге де алғыс айтамыз. Жүйрігің сол екен. Тап бір көзбен көргендей қоя салады, нәтижелерді. Руслан да сол.

Енді ой тарқатып көрейік. Швейцария сөз жоқ, сауатты команда. Өзі жолы болғыш екен. Қашанғы қол жүрер екен. Бәлкім келесі матчта да. Франция негізгі мәселені шешіп алды. Тең түссе де қылы қисаймайды. Дүбірлі дода өткізіп жатқаны бар ғой, бір доп артық соғар. Сонымен Роза мен Русланға ұпай әперетін ойды сақ еткізейік. Франция екі доп айырмасымен жеңеді. Бәлкім ол – 2:0?

Румыния – Албания 2:1

Румынияның жолы ауыр екен. Албания да кілең қиындықты бастан кешіп келеді. Алғашқы матчта команда капитаны алаңнан қуылды. Өткен турда тоқсаныншы минутта гол жіберді. Енді қалай өрбиді, ойын? Румыния гол соғатын шығар. Албандар да бір сілкінер. Есеп 2:1 десек ұпай ала аламыз ба, жігіттер?

Дастан Кенжалин («Егемен Қазақстан» газеті)

Дастан Кенжалин

Франция – Швейцария 0:0

Франция мен Швейцария ойыны тең аяқталуы мүмкін. Бірақ қазір ойынның соңғы минуттарында бір-екі адамның қателігінің кесірінен командалардың жеңіліп жатқанын көріп жүрміз. Швейцария алғашқы екі матчта жақсы ойнады. Бірінші кездесуде Албанияның қарымын байқап көрсе, Румыниямен ашық айқасқа түсіп ойнады. Ал Франциямен матчта жеңілмеуге тырысады. Қазір екі құраманың да 1/8-финалға шығу үшін ұпайлары жеткілікті. Осы кездесуде Швейцарияның қорғаушылары Пайетті ұстап, оны дұрыс ойнатпайды. Пайет алаңға шықпауы да мүмкін. Егер шықса жарақат алмау үшін ойнайды. Швейцарияның командалық ойын көрсетіп жатқаны қуантады. Оның жинақы да жігерлі, шыдамды да шымыр ойыншылары бар. Франция чемпионат өз алаңында өтіп жатқандықтан жеңілмеуге бар күшін салады. Бұл матч 0:0 есебімен тең аяқталады.

Румыния – Албания 0:0

Румыния мен Албания арасындағы кездесуде де таблодағы есеп өзгермейді. Есеп 0:0 болады. Албания голға сараң команда екен. Чемпионатта əлі бірде-бір доп соққан жоқ. Сол күйі елдеріне қайтады. Егер румындарға гол соқса оған əрине, қуанамыз.

Руслан Меделбек («Аламан.кз» сайты)

Руслан Меделбек

Франция – Швейцария 1:1

Әзірге Франция екі матчта да жеңіске жетсе де ұпайларын итжығыс және қиын тартыспен алды. Сондықтан алаң иелері нақты ойындарын әлі тапқан жоқ. Сондықтан, “Франция жеңіске жетеді” деп тәуекелге баруға жасқанып отырмын. Әрине, бұл матчта жеңіске жетуге барын салатыны анық. Швейцария жеңіліп, Румыния Албанияны жеңсе топтан шығу мәселесін біраз қиындатып алмақ. “Барын салады” деп отырғаным сол. Ал Франция қашан да өз жанкүйерлерін қуантуға асығады. Демек бұл матч биылғы біріншіліктегі ең тартысты ойындардың бірі болуы ғажап емес. Менің болжамым, қос команда бір-бір голдан алмасады.

Румыния – Албания 2:0

Албания үшін біріншілік аяқталды. Енді бұл ел өзі қатысқан біріншіліктен голсыз кетпеу амалын ойлауы керек. Еуроның нағыз аутсайдерлері үшін гол соғу бақыты осы Румыниямен матчта орындалуы қиын. Ал Румынияның Франция мен Швейцарияға қарсы нағыз қауқарлық көрсеткен ойыны Албаниядан әлдеқайда жоғары. Румындар өткен қос матчтағы ойынын көрсетсе, Албанияны оңай жеңуі тиіс. Бұдан бөлек Румыния үшінші орынмен плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндікті еселеу үшін Албаниядан гол өткізбеуді де ойлауы қажет. Болжам Румыния жауапсыз екі гол салады, албандар тарихи біріншілікте “ұпай таратушы” ел ретінде отанына оралады.

Роза Әрен («Ел.кз» интернет жобасы)

Роза Әрен

Франция – Швейцария 1:1

Франция бар мәселені екінші турда шешіп тастағанымен, өз жанкүйерлері алдында аянбай тер төгуге әзір. Ал, Швейцарияға ұпай ауадай қажет. Есеп 1:1. Осылайша, «А» тобында соңғы ойын өткізген екі ел құрамаларын 1/8- финалда тамашалаймыз.

Румыния – Албания 2:1

Алғашқы екі турдан соң румындардың жағдайы мәз емес. Келесі айналымға шығамын десе, Албания жігіттерін ұтудың өте маңызды екенін жақсы түсінеді. Олар швейцариялық футболшылардың кезекті ұпайға қол созуына мүмкіндік бермесе деп, француздарға жанкүйерлік ететіні айдан анық. Есеп –2-1.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу

Ұқсас мақалалар: