|   |   |  Еуро-2016. "Өлім тобында" кім артық?

Еуро-2016. "Өлім тобында" кім артық?

Еуро-2016. "Өлім тобында" кім артық?
Еуро-2016. Журналистер "болжам-бәйгесі"

«Еуро-2016» чемпионатында «Е» тобының ойындарына Сәкен Сыбанбай, Ермұхамед Мәулен, Рауан Оқас және Асқар Ағатаев сынды журналистер болжам жасайды.

«Өлім тобындағы» болжамшыларымыз үшін «Е» тобының бірінші тур ойындары шынымен де «өлім» болған еді. Төрт қатысушымыздың біреуі де ұпай ала алмаған. Ал ертең Италия мен Швеция алаңға шықса, арғы күні Бельния – Ирландия кездесуін тамашалаймыз. Болжамшыларымыздың пікірлері әркелкі. Алғашқы ұпайларын алуға дайын. Бірақ төрт журналистің қайсысы артық?

Сәкен СЫБАНБАЙ («Алматы ақшамы» газеті)

Сәкен Сыбанбай

Италия – Швеция 2:1

Бірінші турдағы тамаша жеңістен кейін «Скуадра адзурраның» ерік-жігері еселене түскені анық. Топтағы ең қауіпті қарсыласты сүріндіріп, үш ұпай олжалаған соң, басқаша болуы да мүмкін емес. Алайда Антонио Конте қандай жағдайда да команданы өз уысында және қажетті көңіл-күйде ұстай алатынын байқатып жүр. Италия швед құрамасымен ойынға да тас-түйін боп сақадай сай кіріспек. Златан Ибрагимович болса алғашқы матчта аса артылып көзге түсе алмады. «А» сериясында әбден тәжірибе жинақтаған шебер қорғаушылар да оған гол соғуға мүмкіндікті оңайлықпен бере қоймас. Дегенмен, Италияның қос голына шведтер бір доппен жауап қайтара алатын шығар деп ойлаймын.

Бельгия – Ирландия 2:0

Ирландия шведтерге қарсы жақсы ойнады. Құдай сәтін салғанда ұтып кетуі де мүмкін еді. Қарсыластарынан шеберлік деңгейі төмен түсіп жатса да, бас-көз жоқ баса-көктеп ойнайтын жігерлі қимылымен разы етеді. Дегенмен, бірінші турда ұтылып қалып, ашу-ызаға берілген бельгиялықтардың қозған жынын басуға ирландықтардың шамасы келе қояр ма екен? Күмәнім зор. Жұлдызды құрамына екі-үш жылдан бері талай жұрт тамсанып жүрген, жүлделі орыннан дәмелі деп сипатталатын мақтаулы Бельгия енді ұпай жоғалта қоймас деген ойдамын. Ирландияны ұта алмаса, Францияға келіп несі бар?

Ермұхамед МӘУЛЕН («ҚазСпорт» телеарнасы)

Ермұхамед Мәулен

Италия – Швеция 2:1

Деңгейдің аты деңгей дегендей өткен жолы Италия Бельгияны ұтты. Бұл жолы «скуадра адзурра» екінші жеңісіне жетіп, топтан шығуды ойластырады. Грациано Пелле бастаған шабуылшылар Швеция қорғанысын бұзады. Бельгияға соққандай 2 шабуылмен 2 гол соғу қиындық тудырмас. Ал Швециядан Златан Ибрагимович осы ойында гол соғады. Златан өткен матчта гол соққан жоқ. Осының өзі Ибрагимовичтің Буффон қақпасын торуылдайтынын білдіртеді.

Бельгия – Ирландия 2:0

Құрамы күшті Бельгия осы жолы жеңіске жетеді. Әйтпесе, Вильмотстың командасы топтан шығатын мүмкіндіктен айырылады. Ал тең нәтиже Азар бастаған жігіттерді қанағаттандырмайды. Сондықтан да, Ирландия қызу қолға түсіп қалайын деп тұр. Лукаку мен Ориги, Де Брейне мен Азар төрттігі кем дегенде 2 гол соғары анық.

Рауан Оқас («Аламан.кз» сайты)


Италия – Швеция 1:1

Италия алғашқы турда Бельгияны жеңген соң, маңызды үш ұпайды еншілеп алды. Енді бір ұпай алса да, топтан шығуы бек мүмкін. Менің ойымша олар шведтермен болатын кездесуде ақырын жүріп, анық баспақ. Шведтердің шабуылшысы Ибрагимовичтен әлі де үміттімін. Ол Буффон қақпасының кілтін табуы тиіс. Менің болжамым 1:1

Бельгия – Ирландия 2:1

Италиямен болған кездесуде Бельгия жарқылдайды деп күткенмін. Бірақ олай болмады. Осы жолы Азар бастаған жігіттер жеңеді. Ирландияның бір гол соғуға ғана шамасы бар.

Асқар Ағатаев («aktausport.kz» порталы)

Асқар Ағатаев

Италия – Швеция 1:0

Биылғы Еуроның тұсаукесер ойындары күтпеген нәтижелермен қызықты болып жатыр. Көп мақтаған шведтерім бірінші ойындарын Ирландия құрамасына ұтылып қала жаздады. Бірінші ойындары болғасын ба, әйтеуір Златан бастаған жігіттер көңілден шықпады. Керісінше Италия биылғы Евроның фаворитерінің бірі Бельгияны өте керемет ойынымен 2:0 есебімен жеңіп кетті. Антонио Конте өзінің мықты-тактик бапкері екенін тағы бір көрсетті. Менің ойымша бұл ойынның тағдыры орталық аланда шешіледі яғни қорғанысқа тірек болар ойыншылардың рөлі алда болады. Кеше Де Росси осы рөлді тамаша орындады. Онын орнына шыққан ардагер Мотта да бапкер сенімін ақтады, тартысты өтетін ойында Италия 1:0 есебімен ұтып турнирдің 1/4-финалына шығады, ал шведтер болса Франциядағы Евромен қош айтысады деп ойлаймын.

Бельгия – Ирландия 2:0

Қазіргі таңда Бельгия құрама командасының жұлдызды кезеңі осы Евроға келді. Командадағы ойыншыларды қараңызшы, қақпашыдан бастап, шабуылшыға дейін кілен жұлдызды ойыншылар, Европа чемпионаттарында топ жарып жүрген футболшылар. Бірақ Италиямен өткен ойында жұлдыздарымыз өшіп қалды. Әсіресе шабуылдың дирижерлары Азар мен Де Брейне Италия қорғанысынан айлаларын асыра алмады. Ирландия болса керісінше, Швецияны әбден састырды, командаға сәл сәттілік жетіспеді. Бельгияның аты Бельгия, Италияммен өткен ойыннан соң бір қорытынды шығарып, кеткен қателіктерімен дұрыс жұмыс жасап, Марк Вильмотс бір амалын тапқан болар. Сондықтан осы жолы Бельгия Ирландияны ұтуы қажет және ұтады деп сенем

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойыншатанысуға болады.

Тізімге қайта оралу