|   |   |  Еуро-2016: Швейцарияға дес бермеген Албания Францияға төтеп бере ала ма

Еуро-2016: Швейцарияға дес бермеген Албания Францияға төтеп бере ала ма

Еуро-2016: Швейцарияға дес бермеген Албания Францияға төтеп бере ала ма
Еуро-2016. Журналистер "болжам-бәйгесі"

«Еуро-2016» чемпионатында «А» тобының ойындарына Амангелді Сейітхан, Дастан Кенжалин, Руслан Меделбек және Роза Әрен сынды журналистер болжам жасайды.

«Еуро-2016» додасының бірінші туры аяқталды. Енді ертең екінші тур. Алдымен «А» тобы. Алаңға Франция мен Албания және Румыния мен Швейцария құрамалары шығады. «Болжам-бәйге» бәсекесінде бұл топта бірінші турдан кейін «хабарлық» Амангелді Сейітхан суырылып алға шыққан. Бұл жолы қалай болар екен.

Амангелді Сейітхан («Хабар» телеарнасы)

Амангелді Сейітхан

Франция – Албания 3:0

...Бәйгенің басында озған... Күмілжу керек шығар. Өйткені, ә дегенде топ бастағандар жүлде алмай жатады. Жә, әшейін сөз бастауға себеп іздеу ғой. Әйтпесе... Енді екінші тур. Франция Албаниямен ойнайды. Швейцарияға қайрат көрсеткен команда. Бір ойыншысы кем болса да таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен, ұтылып қалды. Енді алаң иелеріне қарсы шығады. Шамасы келе ме? Қайдам. Тым күмәнді. Баяғыда Дидье Дешам доп тебеді. Ойыншы кезі. Өткен ғасырдың тоқсан сегізінші жылында ма екен. Дидье Эме Жакенің нағыз шәкірті дегенді айттық. Және тұздық ретінде оның қағып алғыштығы, елгезектігі және ақылды екендігін екшедік. Тұжырым түзілген еді. Шешім біреу. Дидье – ертеңгі бапкер. Міне, сол кезең де туды. Дешам – Францияның үміті. Болжамға келсек, «үш жолақтылар» Албания құрамасын тас-талқан ұтады. Жауапсыз үш гол соғуы мүмкін. Есеп – 3:0.

Румыния – Швейцария 1:0

Ангел Йорданеску. Ескінің көзі. Футболдың қаны жерге тамбай тұрған кездегі маман. Білгені көп. Ілгені де аз емес. Қазақта «не бел, не белбеу» дейді. Шегінер жер қалмағанда. Енді ұтылса Румыния футбол тойынан шет қалады. Сондықтан, барын салатын кез келді. Бағын шабуылдан іздейді. Гол соғуы тиіс. Қорғанысы да сыр алдырмайтын шығар. Швейцарияны 1:0 есебімен ұтатын ұтатын шығар.

Дастан Кенжалин («Егемен Қазақстан» газеті)

Дастан Кенжалин

Румыния – Швейцария 1:0

Осы чемпионатта командалар үшін екінші тур маңызды болады. Ол үшінші турдан да тартысты өтеді. Мысалы, ұпай алмаған құрамалар енді бір ұпай үшін емес, жеңіс үшін ойнайды. Сондай команданың бірі – «А» тобындағы Румыния жасағы. Бұл елдің аяқдоп шеберлері алаң иелеріне қарсы жақсы ойнады. Енді екінші ойында Швейцарияны ұту үшін барын салады. Бұл кездесу румындарға не бүк не шік түсетін ойын болады. Олардың Швейцарияны жеңуге шамасы жетеді. Сондықтан матч 1:0 есебімен Карпат тауының етегінде жатқан елдің пайдасына шешіледі деп ойлаймын. Дегенмен ойын тең есеппен немесе Швейцарияның жеңісімен аяқталуы да мүмкін. Кездесуде екі голдан артық доп соғылмайды. Командалар бір деңгейде болған соң солай деуге негіз бар. Сосын екі жақта да құраманы соңынан ертіп əкететін лидерлер жоқ. Осы жағдай да жасақтардың жасыл алаңда иық теңістіріп ойнауына əсер етеді. Жалпы айтқанда, матч ойыншылардың бір-бірінің қателігін аңдуымен, содан пайда табуымен өтеді.

Франция – Албания 2:0

Ал Франция мен Албания кездесуінде алаң иелері жеңіске жетеді. Олар жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырысады. Ойын 2:0 есебімен аяқталады. Осы жерде Франция келесі айналымға шығу үшін қалың нүкте қояды. Топтың аутсайдері Албания осылайша чемпионатты бəрінен бұрын ерте аяқтайды. Албандар үшін Румынияға қарсы матч маңызды болмайды.

Руслан Меделбек ("Аламан" спорттық порталы)

Руслан Меделбек

Румыния – Швейцария 1:1

Бұл матч қос команда үшін шешуші болмақ. Ойында екі команда көп шабуылдар, бірақ аз  гол соғылады. Бірінші турда Румынияның Францияға қарсы лайықты ойын көрсеткенін ескерсек бұл матчта олар Швейцариядан ұтылмауы тиіс. Деңгейі мен дәрежесі тең қос команда арасындағы ойын да итжығыс есеппен аяқталады. Бұл ойында Румыния ұтылса, онда плей офф кезеңіне шығу мүмкіндігі қиындайды. Сондықтан бұл жайтты да олар жақсы түсінетіні анық.

Франция – Албания 2:0

Француздар үшін Албания топтағы ең әлсіз қарсылас. Сондықтан алаң иелері бұл ойында плей офф мәселесін толық шешуі тиіс. Және оған Францияның толық қауқары жететініне сенемін. Албания үшін бұл матч аса қиын болары анық. Еуропа чемпионатының дебютанттары үшін екі гол айырмашылығымен жеңілудің өзі үлкен абырой болмақ. Бұған қоса бұл ойын Албания үшін үлкен тәжірибе.

Роза Әрен (el.kz интернет жобасы)

Роза Әрен

Румыния – Швейцария 1:1

Беташар ойында алаң иелеріне айтарлықтай қарсылық көрсеткен румындар Швейцариямен болатын ойынға тыңғылықты дайындалып отыр. Себебі, енді Шакири бастаған жігіттерге есе жіберсе, бұл чемпионатпен қоштасты дей беріңіз. Өз кезегінде Албанияны басып озған швейцариялықтардың ойын деңгейі көз қуантарлық. Есеп 1:1. Тең есеп тіркелуі де ғажап емес.

Франция – Албания 2:0

Румындардың тас қамал қорғанысын бұзып өтіп, маңызды жеңіске қол жеткізген француздарға Албания аладопшылары қандай мінез көрсетер екен? Қақпашы Бериша тағы да адам айтқысыз сейвтерімен «үш жолақтылардың» бірнеше соққысын сәтті қайтарды дегеннің өзінде Франция екі доп айырмасымен жеңіске жетеді деп ойлаймын. Есеп 2:0.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» топтық кезеңіндегі толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу

Ұқсас мақалалар: