|   |   |  Еуро-2016: Солтүстік Ирландия "С" тобының басты аутсайдері ма?

Еуро-2016: Солтүстік Ирландия "С" тобының басты аутсайдері ма?

Еуро-2016: Солтүстік Ирландия "С" тобының басты аутсайдері ма?
"Болжам-бәйгеде" "С" тобының қатысушылары

«Еуро-2016» чемпионатында «С» тобының ойындарына Есей Жеңісұлы, Еркін Шәкір, Шалқар Естен және Әділбек Жақанов сынды журналистер болжам жасайды.

Францияда Еуропаның футбол тойы басталып кетті. Кеше түнде алаң иелері мен Румыния құрамасы кездесіп, Димитри Пайе соққан голдың арқасында «Үш жолақтылар» жеңісті есепті жұлып алды. Ал бұл ойынға болжам жасаған қатысушыларымыз Амангелді Сейітхан ойын 3:1 нәтижесімен аяқталады деп, еншісіне бір ұпай жазса, Дастан Кенжалин тең есеп тіркеледі деп, ұпайсыз қалды. Матч 2:0 есебімен аяқталады деп, кездесудің қорытындысын тапқан Руслан Меделбектің де еншісінде бір ұпай бар. Ал бәрінен де Роза Әрен аруымыз озды. Ол 2:1 есебімен француздар жеңіске жетеді деп болжам жасаған еді. «А» тобындағы қатысушылардың турнир кестесін бүгін кешкісін өтетін Швейцария – Албания кездесуінен кейін түземіз.

Ал ертең өтетін «С» тобының алғашқы ойындарына Есей Жеңісұлы, Еркін Шәкір, Шалқар Естен және Әділбек Жақанов өз жорамалдарын жасап көрді.

Есей Жеңісұлы («Айқын» қоғамдық-саяси, ақпараттық газеті)


Польша – Солтүстік Ирландия 2:1

Польша құрамасы аймаңдай команда емес, бірақ бұл қарсыласын ұтуға шамасы жетеді. Левандовски тұлға ретінде ұлттық құрамасын алға сүйрейтін кез жетті. 2012 жылы өз елінде өткен құрлық додасында Польша тіпті топтан шыға алмады. Бұл жолы өздерінің өскенін алғашқы ойында-ақ танытуға тиіс. Ал Солтүстік Ирландия финалдық кезеңге тұңғыш рет шығып отыр, соның өзін олжа көруі ғажап емес. Дегенмен бұл құрама міндетті түрде қарсыластың қақпасына гол соғып кете алады, бірақ Польшаны тұқыртуға шамасы жетпейді деп ойлаймын.

Германия – Украина 1:1

Германия бұл турнирге сәл ауырлау кірісетін сияқты. Бірте-бірте оталуы да мүмкін. Украина жеңілмейді, сенімім солай дейді. Тең нәтижеге қол қоямын. Украина сапынан Евгений Коноплянка бірінші болып есеп ашатын сияқты.

Еркін Шәкір («Қазақстан» ұлттық телеарнасы)

 

Польша – Сролтүстік Ирландия 2:1

Германияны бәрі «С» тобының фавориті дейді. Бірақ Украинамен Польшаның әлеуетін білмей бұлай айтуға болмайды. Алғашқы ойын Польша мен Солтүстік Ирландия арасында өтеді. Солтүстік Ирландияның бұл Еуро дебюті. Алайда тұңғыш рет жолдама алса да өз тобында бірінші болып шықты. Қорғанысы мықты деген румындарды артқа тастады. Польша бір ғана Левандовскийдің күшімен жеңіске жете алады деген ойдамын. Болжамды осылай жасап отырмын.

Германия – Украина 2:2

Ехх... Керемет спектакль болғалы тұр. Украина үшін өзін көрсететін ойын. Германия әзірге әлем чемпионы. Бірақ даңқты Блохин мен Шевченконың ізбасарлары қазір алпауыт командаларға да қауқар көрсететін дәрежеде. Топта Германия егер тең түсетін болса осы Украина құрамасымен тең ойнауы мүмкін.

Шалқар Естен («ҚазСпорт» телеарнасы)


Польша – Солтүстік Ирландия 2:1

Бұл кездесуде Левандовски, Пищек, Блащиковски сияқты шеберлер аянып қалмас. Поляктар үшін Еуропа біріншіліктері сәтсіз аяқталып жүр. Әсіресе өз елінде ұйымдастырылған құрлық додасында Польша құрамасының екі ұпай ғана еншілегені есімізде. Сол олқылықтың орнын поляктар биыл толтыруға тиіс. Жеребе де поляктар үшін сәтті түсті деп айта алам. Әрине поляктардың Украина құрамасымен өтетін ойыны сақтық шараларын күшейтуді талап етеді. Бірақ ол бөлек әңгіме. Ал Солтүстік Ирландиямен бәсекеде поляктарды тоқтату қиын болады деп ойлаймын. Іріктеу ойындарында поляк қорғанысы мақтауға лайық болды. Алайда алғашқы турда ирландиялықтар да гол соғады дегенге сенем.

Германия – Украина 3:0

Немістер қандай жарыс болмасын фаворит саналады. Бұл команданың қатысуымен өткен бәсекелердің дені нәтижелі аяқталып жатады. Германия құрамасының 2014 жылғы әлем біріншілігінде алаң иелері Бразилияны 7:1 есебімен ойсырата ұтқаны ойыма оралады. Сол кездегі шабуылшылар әлі де құрамда. Бас бапкер Йоахим Левтің де ойын тактикасын өзгерте қоярына сенгім келмейді. Ал Украина құрамасы әдеттегідей намысқа тырысып ойнайтын болар. Бірақ азулы қарсыласына төтеп беру қиын. Жарыс басталған тұста нәтижелі есеп көбірек тіркеледі деп ойлаймын. Менің болжамым бойынша Германия – Украина 3:0.

Әділбек Жақанов («Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы)


Польша – Солтүстік Ирландия 1:0

«С» тобының шымылдығын Польша мен Солтүстік Ирландия кездесуі ашпақ. Бұл ойында топырлаған гол көреміз деп айта алмаймын. «Өліспей беріспейтін» ирландықтар физикалық жағынан мықты, олардың қорғанысын бұзып-жару қай командаға болса да қиынға соғады. Бірақ, қазіргі таңда Әлемнің үздік шабуылшыларының бірі Роберт Левандовский бастаған Польша құрамасы бұл матчта кемінде бір мәрте болса да қарсылас қақпасынан саңылау табуы тиіс. Менің болжамым бойынша 1:0 есебі тіркелуі мүмкін.

Германия – Украина 3:1

Германия құрамасы биылғы Еуропа біріншілігінің басты фовариттерінің бірі екені даусыз. Жарақатына байланысты Ройс, Гюндоган, Рюдигер секілді мықтылар «Кәрі құрлық» додасынан тыс қалса да, немістерде талантты футболшылар жетерлік. Украина да осал қарсылас емес. Сары жейделілердің басты шабуылдаушы күші Ярмоленко мен Коноплянка да дәл қазір нағыз бабында. Бірақ, неміс машинасына украиналықтардың қорғанысы төтеп бере алмайтын секілді. Әлем чемпиондары бұл матчта кемінде екі гол айырмасымен жеңіске жетеді. Ал Фоменко шәкірттері Нойер қақпасына бір доп дарытуы әбден мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу