|   |   |  Еуро-2016: Ресейге ешкім сенбейді

Еуро-2016: Ресейге ешкім сенбейді

Еуро-2016: Ресейге ешкім сенбейді
"Еуро-2016" – журналистердің "Болжам-бәйгесі"

«Еуро-2016» чемпионатында «В» тобының ойындарына Ардақ Тоғымов, Еламан Қоңыр, Олжас Оқасов және Ришад Тұрғанбаев сынды журналистер болжам жасайды.

Бүгін Францияда Еуропа чемпионаты басталады. Кеше басталған «Болжам-бәйге» бәсекесінде «А» тобының алғашқы ойындарына Амангелді Сейітхан, Дастан Кенжалин, Руслан Меделбек және Роза Әрен өз жорамалдарын жасаған.

Ал ертең Англия – Ресей, Уэльс – Словакия ойындары өтеді. «В» тобының матчтарына Ардақ Тоғымов, Еламан Қоңыр, Олжас Оқасов және Ришад Тұрғанбаев топшылауларын жасап көрді. Олардың ойынша «В» тобында бірінші тур мынадай сценарий бойынша өрбімек:

Ардақ Тоғымов (Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының баспасөз қызметі)

Ардақ Тоғымов

Англия – Ресей 3:1

Ойын Марсельде өтеді. 1988 жылы КСРО командасы сол жылғы Еурододасында 3:1 есебімен Линекер бастаған топты тасталқан етіп ұтқан  еді! Англия сонда мүлдем топтан да шығалмаған еді. Ал қазір болса "туманды альбионнан" келген жігіттер тіпті Еуро-2016-ны женеміз деп тұр. Ресей болса соңғы дүбірлі жарыстарда топтарынан да шығалмай жүр. Слуцкий-бапкер бастаған ұжым әлі толығымен піспеген, ешкім танымайтын жастар да көп, еш нарсе ұтпаған "шалдары" да жеткілікті. Есеп 3:1 - осы жолы Руни-капитанның жолы болады. Александр Кокорин болса бір доппен ғана жауап қайтарады.

Уэльс – Словакия 2:1

Екі команда да Еуропада ортанқолды ұжым болып еспетеледі. Бірақ финалдық кезенге шыққанның өзі қайда жатыр... Ойын Бордо қаласында өтеді. Жағрафия жағынан ол қала Уэльске жақын. Бұл да әсерің тигізуі мүмкін. Менің ойымша Гаррэт Бэйл бастаған Уэльс құрамасы Райан Гиггздің жеңістерін жалғастырады. Владимир Вайсстың ұлы тек қана бір гол соғып қанжығасын майлайды. Есеп 2:1 – Уэльс пайдасына ойын тағдыры шешіледі.

Еламан Қоңыр («Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі)

Еламан Қоңыр

Англия – Ресей 2:0

Көпшіліктің бұл жұптың жеңімпазы ретінде Англияны атайтыны сөзсіз. Мен де ағылшындардың жеңісіне сенім білдіремін. Тіпті, орыстардың ірі есеппен жеңілуі де ғажап емес. Себебі, Франция жерінде өтетін бұл сайысқа Англия құрамасының бас жаттықтырушысы Рой Ходжсон бес бірдей шабуылшымен келді. Олардың әрқайсысы шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтар. Атап айтқанда, МЮ-дің үздігі Уэйн Руниден бастап, екі маусым қатарынан Ағылшын премьер-лигасының сұрмергені атанған «Тоттенхэмнің» тарланы Гарри Кэйн, «Лестерді» төрге сүйреп, чемпион болуына сүбелі үлес қосқан Джейми Варди, «Ливерпульдің» шабуылшысы Даниэль Старридж және МЮ-дің тағы бір талантты ойыншысы, жас шабуылшы Маркус Рэшфорд осы қатарда.

Әрине, ағайынды Березуцкийлер бастаған Ресей құрамасының қорғанысы мұндай шабуыл шебіне төтеп беру үшін барын салады. Десек те, екі елдің ұлттық чемпионаттарындағы деңгейдің қандай екенін ескеріп, бұл кездесуде солтүстіктегі көршіміздің осал екенін мойындаймыз.

Оның үстіне, іріктеу сынында Англия барлық ойында жеңіске жетіп, мүмкін болған 30 ұпайға қол жеткізді. Сондай-ақ, сол 10 матчта ағылшындар қарсыластар қақпасына 31 гол соғып, шабуылда шебер ойнайтындарын көрсетті.

Меніңше аталған ойында Англия жеңіске жетеді. Есеп 2:0.

Уэльс – Словакия 1:2

Бұл екі команда – Еуропа чемпионатының дебютанттары. Соған қарамастан, кездесу аса тартысты өтеді деп ойлаймын. Тіпті, аталған қос құрама топтың фавориті саналатын Англия мен өздеріне қарағанда тәжірибелі Ресейге де айтарлықтай қарсылық көрсетуге қауқарлы. Сондықтан бұл ойында міндетті түрде гол соғылады деген ойдамын.

Ал қай тарап басымдық танытады дегенге келер болсақ, бұл ретте мүмкіндіктің бірдей екенін айтқым келеді. Уэльс сапында «Реалдың» (Мадрид) негізгі ойыншысының бірі Гарет Бэйлдің ойнайтыны белгілі. Бұл команданың Еуропа чемпионатына жолдама алуы да осы футболшының есімімен тығыз байланысты. Сол себепті, Бэйл мен оның командасы тұсаукесер ойында жеңіске жету үшін аянып қалмайтыны анық.

Өз кезегінде Словакия құрамасы да жанкүйерлерге таныс әлемдік деңгейдегі ойыншыларымен мақтана алады. Мысал ретінде Италияның «Наполи» клубында доп тебетін Марек Гамщик пен Англияның «Ливерпуль» командасында тәуір ойынымен көзге түсіп жүрген Мартин Шкртелді айтсақ жеткілікті. Одан бөлек, бұл құрамада Бундеслига (Германия), А сериясы (Италия) сынды топ-чемпионаттарда өнер көрсететін футболшылар жетерлік. Соған қарап, Словакияны оңай шағылар жаңғақ дей алмаймыз.

Тағы бір ескере кететін жайт, қалай десек те, Англия мен Ресейдің бұл екі құрамадан мысы басым. Сондықтан Уэльс пен Словакия ойыншылары бірінші кезекте өзара кездесуден ұпай олжалауды көздеп, негізгі күшті осы матчқа жұмсайды.

Менің болжамым бойынша, аталған ойында Словакия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетеді.

Олжас Оқас, (prosportkz.kz/kz спорттық сайты)

Олжас Оқасов 

Уэльс – Словакия 1:2

Словакияны плей-оффте көреміз. Әрине, ол үшін словактар бірінші матчта Уэльсті ұтады. Букмекерлер Ян Козак шәкірттерін аудсайдер деп санайды. Меніңше, бұл топта аутсайдерлер үшеу – Ресей, Словакия және Уэльс. Соның арасындағы ең әлсізі Ресей деп санаймын. Уэльстің жалғыз қаруы - Гарет Бэйл. Саксофоншы Серік Ибрагимовтан аумайтын шабуылшы валлиялықтарды Еуроға алып шықты. Әрине, Крис Коулманның тізімінде мықты ойыншылар көп. Бірақ, олар "Реал" ойыншысының көлеңкесінде қалып қояды. Футболда "нейтрализация" деген тамаша әдіс бар. Жалпақ тілмей айтқанда "жауып тастау", "өшіру" деп аударылады. Шаш байлауыш тағатын шапшаң жігітті Словакия мен Англияның қорғаушылары қос-қостап "ұстаса", Уэльс құрамасы топтық кезеңнен кейін үйге қайтады. Словакияның құрамы - біркелкі. Лидері – Марек Гамшик. Жалпы словакиялықтар сапында 12 футболшы іріктеу кезеңінде көзге түскен. Бұл тамаша нәтиже. Команданың рухы мықты. Соның арқасында маусымның 11-інде олар жеңіске жетеді.

Англия – Ресей 4:0

Англия Росейден көп соғады. Рой Ходжсоннның командасы дәл қазір бабында. Сондықтан бірінші ойында олар Ресейді қиындықсыз ұтады деген болжам жасадым. Еуро-2016-ның іріктеу сындарында ағылшындар ең көп гол соққан командалар қатарында болды. 10 ойында 31 гол. Яғни, бір матчта 3,1 доп – керемет статистика. Ресейліктертер іріктеу сындағы 10 кездесуде 21 рет көзге түсті. Голдардың жартысынан көбі Лихтенштейн қақпасына кірген. Харри Кейн мен Джейми Варди Артём Дзюба мен Александр Кокориннен несімен мықты екенін түсіндірмей-ақ қояйын. Себебі АПЛ-ды РПЛ-мен салыстыруға келмейді. Айтпақшы Вардиге шабуыл шебінде Уэйн Руни көмектесетінін ұмытпайық. Ағылшындардың потенциалы қарсыластарынан минимум екі есеге артық. Болжам: Англияның ірі жеңісі.

Ришад Тұрғанбаев («Жетісу» газеті)

Ришад Тұрғанбаев спорт журналисі

Англия – Россия 3:1

Ағылшын командасы мен Ресей футболшыларының арасындағы ойын қызықты өтеді. Ағылшын құрамасы Еуропа чемпионатының басты фавориттерінің бірі деуге болады. Рунидей мықтысы бар бұл құрама жасыл алаңда текке жүрмейді. Орыстар болса, қанша тырысқанымен ақсүйектерді айналып өте алмайды. Соңғы төрт жылда жаңа таланттармен жасақталмаған командадан әлдебір сыйды күту қиын. Сондықтан олар бұл ойында ағылшындардан оңбай ұтылады. Руни кемінде екі гол салуы ықтимал.

Уэльс – Словакия 1:1

Екі команданың арасындағы кездесуде тең нәтиже тіркеледі. Еуроға алғаш рет аяқ басқан екі команда пәлендей тартысты ойын көрсетеді деп айта алмаймын. Десе де, Словакия Марек Гамшикке үлкен сенім артады. Ойындағы голдың авторы болып осы ойыншы атана ма, деген үміт басым. Уэльс командасында азуын айға білеген «Реал Мадрид», «Арсеналдың» қырандары өз командасын жеңілістен құтқарады. Алға озбаса да, таразы басын теңестіреді.

Естеріңізге сала кетейік, топтық кезеңде ойын нәтижесін дәл тапқан қатысушыға 3 ұпай, доп айырмашылығын тапқанға 2 ұпай және матч қорытындысын дәл болжағанға 1 ұпай беріледі.

«Болжам-бәйгенің» толық ережесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу