|   |   |  Әділбек Жақанов – "Ақтөбенің" үздік алтылықтан көрінуі "тылсым күштің" арқасы

Әділбек Жақанов – "Ақтөбенің" үздік алтылықтан көрінуі "тылсым күштің" арқасы

Әділбек Жақанов – "Ақтөбенің" үздік алтылықтан көрінуі "тылсым күштің" арқасы
Әділбек Жақанов Премьер-лиганың 13-турына өз болжамын жасады

Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлер үшін де пайдалы.

Ертең Қазақстан Премьер-лигасы ХІІІ тур ойындары басталады. Матчтардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын Сыр елінің спорт журналисі Әділбек Жақанов ұсынады.

Оқжетпес – Тараз 2:0

Ел біріншілігінде үздік үштіктен түспей келген Көкшенің командасы өткен турда оңбай сүрінді. Алматының «Қайратынан» жауапсыз 6 гол жіберіп, биылғы чемпионаттағы әзірге ең ірі есеп тіркелген болатын. Енді Владимир Муханов шәкірттері өз жанкүйерлері алдында абыройын сақтап қалу үшін «Таразды» қайтсе де жеңуі тиіс. Өйткені, шегінерге жол жоқ. Жамбылдықтар да «оңай шағыла қоятын жаңғақ емес» екендіктерін Ақтөбеде көрсетті. Дегенмен, бұл матчта алаң иелерінің қарқынды шабуылдарына қонақтар ойын соңына дейін тойтарыс бере алады дегенге сену қиын.

Қайрат – Ақжайық 3:0

Бұл ойында алматылық жанкүйерлер сүйікті командасынан кемінде 3 гол күтеді. Бірақ біріншіліктің аутсайдері атанған «Ақжайықтың» қорғанысы азулы «Ертіспен» өткен кездесуде сыр бермегенін білеміз. Десек те Талғат Байсуфинов футболшылары екі матч қатарынан мұндай жанқиярлық ерлік көрсетуі екіталай. Ал бабына енген «Қайрат» чемпиондықтан әлі де үміті болса, дәл осындай матчтарда ұпай жоғалтпауы тиіс.     

Атырау – Ертіс 1:1

13-турдағы ең тартысты кездесу Атырауда өтетініне ешкім дау келтіре қоймайтын шығар. Мұндай матчтарға болжам жасаудың өзі қиын. Екі команданың сапында да ойынның тағдырын шешіп кететін мықты футболшылар жетерлік. Дәл қазір керекуліктердің ойынын Фонсекасыз елестету қиын. Ал мұнайшылар алдыңғы шепте Трытькоға үміт артатыны белгілі. Негізі үш ұпай қос қарсыласқа да ауадай қажет болғанымен, таблода тең нәтиже тіркелетін секілді.

Шахтер – Тобыл 1:2

Қазақ футболының тарихында алтын әріптермен жазылған Қарағандының «Шахтері» тур өткен сайын төменге құлдырап барады. Неге екені белгісіз, команда сапына көз жүгіртсек тым жақсы ойыншылар жиналған. Бірақ, әдемі ойын-өрнегі мен нәтиже жоқ. Мүмкін бас бапкерді ауыстыратын кез келген шығар. Бұл кездесуге Нұрбол Жұмасқалиев бастаған Қостанайдың «Тобылы» үш ұпай еншілеуге келетіні анық. Сондықтан, қонақтардың мерейі үстем болып жатса, таңданатын ештеңесі жоқ деп есептеймін.

Ордабасы – Жетісу 1:0

Аптап ыстықта футбол ойнау оңай емес әрине. Бірақ алаң иелерінің мұндай ауа-райына әбден еті үйренген. Жетісулықтар шоққа піскен кәуаптай ысылып, футболдан гөрі ойынның тезірек аяқталуын тілейтіні анық. «Ордабасыға» да керегі осы. Күннен энергия алатын шымкенттік футболшылар Қажымұқан стадионында есе жіберуі екіталай. Бақтияр Байсейітов шәкірттері бір гол соғып алса, соның өзі жеңіске жетуге жеткілікті болатын сияқты.

Ақтөбе – Астана 0:1

Биылғы «Ақтөбенің» дәл қазіргі ойынымен үздік алтылықтан көрінуі «тылсым күштің» арқасы екенін футболдан хабары бар адамдардың бәрі іштей сезеді. Бір-екі матч қатарынан пенальти арқылы гол соғу сәйкестік болуы мүмкін, бірақ әр кездесу сайын қарсыластың қақпасына 11-метрлік айып добының белгілене беруі заңдылық деп айта алмайсыз. Бірақ, бұл жолы ақтөбеліктерге «тылсым күш» те көмектесе алмайтын сияқты. Себебі, «Астанаға» қарсы қанша пенальти белгіленсе де, бәрібір елордалықтар жеңіске жетеді. Өйткені, шын мықтыға тұсау жоқ.

Ал өткен жолы ел чемпионатының 11-тур ойындарына спорт журналисі Арай Ізбай болжам жасаған. Алты кездесудің нәтижесі бойынша еншісіне 5 ұпай жазды.

Арай Ізбайдың ХІІ-турға жасаған болжамдарының қорытындысы

Ойындар

А. Ізбайдың болжамы

Ұпай

Ақтөбе – Тараз 2:2

2:0

0

Тобыл – Атырау 1:2

1:0

0

Жетісу – Шахтер 2:0

1:0

1

Ертіс – Ақжайық 0:0

2:0

0

Қайрат – Оқжетпес 6:0

1:0

1

Астана – Ордабасы 3:1

3:1

3


«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі

Орын

Журналист

Ұпай

Тур

1

Ермұхамед Мәулен

11

VI

2

Сәкен Сыбанбай

6

Х

3-4

Арай Ізбай

5

ХІІ

3-4

Рауан Оқасов

5

ІХ

5

Ермек Төрениязов

4

VIII

6-7

Ғабит Сапарбеков

3

VII

6-7

Төлеубек Әділбекұлы

3

V

8

Нұржан Туғанбай

2

ХІ

9

Есей Жеңісұлы

1

IV

«Болжам-бұрыш» айдарының ережесімен мына сілтемебойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу