|   |   |  Ермек Төрениязов – Қазақ тілі кері тартқан "Тобылдан" көңілім қалды

Ермек Төрениязов – Қазақ тілі кері тартқан "Тобылдан" көңілім қалды

Ермек Төрениязов – Қазақ тілі кері тартқан "Тобылдан" көңілім қалды
Ермек Төрениязов 8-тур ойындарына өз болжамын жасады

Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Ертең Қазақстан Премьер-лигасы 8-туры. Ойындардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын «KazSport» телеарнасының спорт комментаторы Ермек Төрениязов ұсынады.

«Астана» (Астана) – «Қайрат» (Алматы) 1:1

8-турдың шымылдығы «Астана» - «Қайрат» матчымен ашылады. Турдың орталық ойыны да осы. «Қазақстан» Ұлттық арнасынан тікелей эфирде көрсетілетін кездесу тең аяқталады. Соңғы екі жылда қос команда арасындағы бәсекелестік күшейген. Мәселен, былтыр Астана мен Алматы клубтары өз алыңында да, қонақта да алма-кезек жеңіске жетті. Жыл басында суперкубокты сарапқа салып, пенальтиде «Қайраттың» асығы алшысынан тұрғанын білесіздер. Демек, кезек елордалықтарда. Алайда, кеше ғана Қазақстан кубогының 1/8 финалдық ойындары өтіп,  Станимир Стойловтың шәкірттері «Каспийді» 1:0 есебімен әрең ұтса, Кахабер Цхададзенің «сарбаздары» «Шахтерді» 4:0 есебімен тас талқан етті. Алматылықтар қатарынан екі ойында ірі жеңіске жетті. Бірақ, екеуін де өз алаңында өткізгенін ескерген жөн. Қысқасы, бір ұпай қос команданың да тақиясына тар келмес.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Ақжайық» (Орал) 2:1

«Ордабасы» ала-құла ойын көрсетіп жүр. Маусымды қарқынды бастаған Эдин Юнузович пен Азат Нұрғалиевтің де қарқыны басылған сияқты. Ал, «Ақжайық» ел кубогынан үмітін үзді. Енді тек ҚПЛ-ға білек түріп кіріседі. Ойынның есебін қонақтар ашуы тиіс. Алаңның «ой-шұқыры» жақсы таныс шымкенттік футболшылар жеңісті жұлып алады. Жеңіс голы 90 минут түгесер тұста соғылады.

«Тобыл» (Қостанай) – «Тараз» (Тараз) 1:1

Қазақ тілі кері тартқан қостанайлық клубтан (басқалары да оңып тұрған жоқ) өз басым көңілім қалды. («Тобылдың» заң жүзінде тіркелген атауы – «Тобол» екен.) Нұрбол Жұмасқалиев бастаған жігіттерге 1 ұпай да қимай отырғаным рас.  Ел кубогындағы сәтсіздіктен кейін Дмитрий Огай қызметінен кетті. Бапкерсіз қалған «Тобылдың» жағдайы қиын.  Айтпақшы, «Тараз» да Қзақстан кубогынан шет қалды. Ендеше екі ұжым үшін тең есеп әділ нәтиже болар еді.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Ертіс» (Павлодар) 0:1 

8-турдан кейін «Ертіс» көш бастауы мүмкін. Биылғы маусымда «Ертісті» «еңкейтетін» ұжым табылмай тұр.  Чемпион «Астананы» өзіне алдырқан жоқ. «Жетісудың» қорғаныс арқылы ойнайтыны мәлім. Сондықтан қонақтарға қақпасын айқара ашып бермесі түсінікті. Тым сәтсіз ойнады дегеннің өзінде Димитар Димитровтың командасы 1 гол соғуы тиіс. Ал, керекулік клуб қақпашысы Давид Лория 7 турда 3 ғана доп жіберді. Осы жолы да қақпасын «құрғақ» ұстайды.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Атырау» (Атырау) 2:2

«Атыраудың» былтырғы қарқыны байқалмайды. «Шахтердің» шамасы да белгілі. Көмірлі өлке футболшылары бір ойында бір голдан артық соқпаған. Осы жылы қос доп салып, жанкүйерлерін қуантады деп ойлайм.  Шау тартқан Андрей Финонченко мен ұлттық құрамаға қайта оралған Мақсат Байжановтың мергендік танытуға қауқары жетеді. Бірақ, алаң иелерінің жеңіске жетуі екіталай.

«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 0:2

Қызықты матчтардың бірі Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадионда өтеді. Ел Кубогындағы сәтсіздікті капитан ретінде өз мойнына алған Самат Смақов енді командаластарын жеңіске қалай жетелер екен? «Оқжетпестің» бас бапкері Владимир Мұқанов үшін де бұл матчтың маңызы зор. Марат Хайруллин де көзге түсуге тырысады. Көкшелік клуб әзірге көшбасшылардан қалысар емес.       

Ал өткен жолы ел чемпионатының 7-тур ойындарына спорт сарапшысы Ғабит Сапарбеков болжам жасаған. Алты кездесудің үшеуінде матч кездесуінің қорытындысын дәл тауып, еншісіне үш ұпай жазды.

«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі

Орын

Журналист

Ұпай

Тур

1

Ермұхамед Мәулен

11

6

2-3

Ғабит Сапарбеков

3

7

2-3

Төлеубек Әділбекұлы

3

5

3

Есей Жеңісұлы

1

4

Тізімге қайта оралу