|   |   |  Ермұхамед Мәулен – "Қайрат" Шымкентте тағы да сүрінеді

Ермұхамед Мәулен – "Қайрат" Шымкентте тағы да сүрінеді

Ермұхамед Мәулен – "Қайрат" Шымкентте тағы да сүрінеді
Ермұхамед Мәуленнің Премьер-лиганың 6-турына жасаған болжамы

Бұл айдар оқырмандар үшін ғана емес, букмекерлерге де таптырмас көмекші.

Ертең Қазақстан Премьер-лигасы 6-туры. Ойындардың қалай өтетіндігі жөнінде өз болжамын спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен ұсынады.

«Ордабасы» – «Қайрат» 2:1

Шымкенттегі ойын үнемі қызықты өтеді. «Ордабасы» өз алаңында гол соқпай қоймайтын команда. Оның үстіне соңғы кездері шабуыл өтінің футболшылары тамаша ойнап жүр. Соңғы ойында олар сыртта «Ертіске» жеңілді. Бұл матчқа «Тобылмен» өткен кездесуде қызыл қағаз алған Ғафуржан Сүйімбаев қатыспады. Бір кездеуді жіберген Сүйімбаев енді «Қайратқа» қарсы ойында командасына зор көмек көрсетуі тиіс. Ал алаңнан қуылғандар тақырыбын жалғай кететін болсам, «Қайрат» «Шахтермен» тең түскен кездесуде Бауыржан Исламхан алаңнан қуылды. Демек, «Қайраттың» жеңіске жетуі қиындай түсті деген сөз. Өз басым «Ордабасыны» фаворит санап, шымкенттіктер 2:1 есебімен жеңіске жетеді деп күтемін.

«Шахтер» – «Оқжетпес» 1:1

Қарағандылық команда қашанғы енді жеңіске жете алмай жүрсін? Олар 3 ұпай алуды көздеп жүр. Осы жолы қос команда тең тарқайды дегенге сүйеніп отырмын. «Оқжетпес» сапында Бөлешев алаңға шықпайды. Демек, сұрмерген шабуылшысы жоқ. Ары кетсе бір гол соғар. Ал оған «Шахтердің» бір гол жауап қатары анық. Яғни есеп 1:1 болуы тиіс.

«Жетісу» – «Тараз» 1:0

Жеңіске «Жетісу» жетеді деп ойлаймын. Талдықорғандықтар да жеңіске сусап отыр. «Тараздың» жағдайы қиын. Ойыншыларының көбісі жарақатта. Қосалқы құрамнан келген 18 жасар жігіттер ойнап жүр осы күндері. Зеньковичтің де тізесі жарақат. Байтананың тамағы ауырып қалыпты. Алайда, «Жетісу» көп гол соға алатын команда емес қой. Алмас Құлшынбаев командасы 1:0 есебімен жеңсе жетеді.

«Астана» – «Тобыл» 1:0

Елордалықтардың ойыны нашар. Чемпиондық атаққа түкте лайық емес. Бірақ, олар ұпайдан шашау шығармай келеді. Деңгейдің аты деңгей. Стойлов керекті сәтте командасын тығырықтан алып шығады. Ал Огайдың командасы ықылым заманнан қорғаныс арқылы өнер көрсетеді. Демек, есеп 1:0 «Астананың» пайдасына.

«Ақтөбе» – «Ертіс» 1:1

«Ақтөбе» екі ойын қатарынан ұтып, эмоционалды тұрғыда тамаша жай кешуде. Бірақ, үшінші ойын оңайға соқпасы анық. Қос команда тең түседі-ау деп отырмын. «Ертіс» те қашанға жеңе береді. Ойыны әдемі болғанымен, осы матчта Самат Отарбаев қақпасына көп гол соға алмайды. Есеп 1:1.

«Атырау» — «Ақжайық» 1:0

«Ақжайық» «Таразды» ұтқанына мәз. Ол жай ғана бір қателіктің салдары. «Атырау» өз алаңында оралдық көршілерін жеңетін шығар. Никитенко өте қатал бапкер. Бұл жолы қараптан қарап ұпай бере қоймас. Бір бүйрегім тең нәтижеге бұрып тұр. Алайда, тәуекелге барып «Атыраудың» жеңісін алып көрейінші. 1:0.

Ал өткен жолы ел чемпионатының 5-тур ойындарына спорт сарапшысы Төлеубек Әділбекұлы болжам жасаған. Алты кездесудің біреуінде ойынның нәтижесінің айырмашылығын дәл тауып, екіншісінде қорытындысын тура болжап, еншісіне үш ұпай жазды.

Төлеубек Әділбекұлының 5-турға жасаған болжамдарының қорытындысы

Ойындар

Т.Әділбекұлы болжамы

Ұпай

Жетісу – Астана 0:1

1:1

0

Тобыл – Ақтөбе 1:2

2:0

0

Оқжетпес – Атырау 2:0

3:1

2

Ертіс – Ордабасы 2:0

2:1

1

Тараз – Ақжайық 0:1

1:1

0

Қайрат – Шахтер 0:0

3:0

0

«Болжам-бұрыш» бәйгесіне қатысқан журналистердің рейтиңгі

Орын

Журналист

Ұпай

Тур

1

Төлеубек Әділбекұлы

3

5

2

Есей Жеңісұлы

1

4



Тізімге қайта оралу