|   |   |   |  «Самұрық-Қазына» 2015-Жаз футбол лигасының жеңімпазы анықталды

«Самұрық-Қазына» 2015-Жаз футбол лигасының жеңімпазы анықталды

«Самұрық-Қазына» 2015-Жаз футбол лигасының жеңімпазы анықталды

2015 жылғы 13 қыркүйек күні «Жас Батыр» стадионында шағын футболдан «Самұрық-Қазына» футбол лигасының жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

2015 жылдың жазғы маусымында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компаниялар тобының қызметкерлерінен жасақталған 10 команда бес ай бойы чемптондық атаққа таласты. Олар: «ҚазМұнайГаз Қайта өңдеу және маркетинг», «Қазақтелеком», «Әскерилендірілген темір жол күзеті – ҚТЖ», «Астана халықаралық аэропорты», «ҚазПошта», «ҚазТрансГаз», «Астана-СК», «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ, «Бірлескен химиялық компания», «Қазақстан авиация индустриясы».

Ойындар жылдағыдай екі айналымдық жүйемен өтті. Биылғы дода шектен тыс тартысты өтіп, көшбасшылар жиі ауысып отырды. Осылайша, соңғы турға дейін бәсекелестік қызу болды.

Сенбі-жексенбі күндері шешуші ойындар өтіп, жеңімпаз команда мен жүлдегерлер анықталды.

Тартысты доданың қорытындысы бойынша биыл да «ӘТЖК -ҚТЖ» командасы бірінші орынға ие болды. Олар 16 рет жеңіске жетіп, екі ойынды тең аяқтады. Сөйтіп, басты бәсекелестерінен алты ұпай ұзап кетті. «Самұрық-Қазына» лига» кубогын жеңіп алып, 1,5 миллион теңгенің чегіне де қол жеткізді. Әрі ойыншыларына алтын медаль және құрмет грамотасы тапсырылды.

Күміс жүлдені «Қазақтелеком» командасы иеленді. Оларға 1 миллион теңге бұйырды. Олар шешуші ойында «ҚазМұнайГаз ҚМ» командасын 2:1 есебімен ұтып, екінші орынды жеңіп алды.

Ал «ҚазМұнайГаз ҚМ» үшінші орынды қанағат тұтып, қола жүлдемен қатар 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар, бес номинация бойынша биылғы доданың үздік ойыншылары анықталды:

Үздік қақпашы – Еркеш Шұғай («Қазақтелеком»)

Үздік қорғаушы – Диас Мұқашев («Астана халықаралық аэропорты»)

Үздік шабуылшы – Дархан Жүсіпов («ӘТЖК -ҚТЖ»)

Үздік сұрмерген – Ерболат Қожабаев («ҚазМұнайГаз ҚМ»)

Ең үздік ойыншы – Алмат Әлімов («Астана-СК»).

Марапаттау рәсімі өте көңілді өтті. Жүлдегерлер мен үздіктер өз сыйлықтарын алып болған соң дастархан жайылып, бүлдіршін жанкүйерлерге балалар алаңында асыр салып ойнауға мүмкіндік берілді.

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Қазына» футбол лигасы 2014 жылы басталған. Содан бері үш біріншілік немесе 500 ойын өткізілді. Осы додалар мен ойындарға 16 команда, шамамен 550 ойыншы қатысты. Жүлде қоры – 3 миллион теңге.

Өздеріңіз де білесіздер, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры елімізде спортты дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асруға қолдау көрсетеді. Қор Астана футбол лигасының «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорындары арасында доп додасын өткізу жайлы ұсынысын қабыл алды. Жоба мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау, корпоративтік рухты нығайту, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамындағы компаниялар тобындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын күшейту.

«Самұрық-Қазына» футбол лигасының жеңімпаздары:

2014 жылғы жазғы маусым – «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ

2015 жылғы қысқы маусым – «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» АҚ

2015 жылғы жазғы маусым – «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ

Тізімге қайта оралу