|   |   |   |  Мәди Сансызбай: Қазақстанның атын әлемге танытсам деймін

Мәди Сансызбай: Қазақстанның атын әлемге танытсам деймін

Мәди Сансызбай: Қазақстанның атын әлемге танытсам деймін
Мәди Сансызбай

№61 орта-мектептің шабуылшысы Мәди Сансызбай Оқушылар лигасының бірінші күнінен бастап-ақ көрерменнің көзайымына айналды.

Өзінің қарқындылығы және жанкештілігінің арқасында командасын финалға дейін жеткізген кішкентай сұрмерген турнирдің чемпионы атанбаса да, ұйымдастырушылар алқасы бірауыздан үздік шабуылшы таныған болатын. Оқушылар лигасы аяқталған соң өзінің әсерімен бөліскен Мәди өзінің футболдағы арманын айтып берді.

– Мәди, футболмен кәсіпқой түрде айналысасың ба?

– Иә, №8 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде футбол үйірмесіне қатысамын. Жаттықтырушым Владимир Николаевич Коновалов. Ол да мені шабуыл шебіне қояды. Дегенмен, оңай емес. Үнемі гол соғуың керек, қорғаушыларды да алдап өту оңайға түспейді.

– Өскенде кім сияқты болғың келеді?

– Криштиану Роналду және Лионель Месси сияқты шебер футболшы болғым келеді. Әлбетте, олар тума таланттар. Дегенмен, ерінбей еңбек етсең, мақсатыңа жетуге болады.

– Сонда Месси мен Роналдудың ойындары ұнай ма?

– Жоқ, маған Неймар ұнайды. Менің сүйікті ойыншым.

– Неймар? Оны бәрі өтірік құлай береді дейді ғой...

– Жоқ, олай емес. Оның техникасы әбден жетілген. Бір өзі бір команданы алдап кете алатын шамасы бар. Бірақ қарсыластары оны тоқтата алмай, құлата береді. Негізі, өмірде шын мықтылардың аяғынан шалады ғой. Неймарды да мен бәрінен мықты деп есептеймін.

– Ал Қазақстанда қай команданың жанкүйерісің?

– Өзімнің туған қаламның командасы – «Астана». Былтыр Чемпиондар лигасында ерлік жасап, топтық кезеңге дейін жетті. Биыл да сол белестен көрінеді деп ойлаймын. Шабуылы өте мықты. Кез-келген қорғанысыңды бұзып жара алады. Қақпашысы да тасқамал. Өкінішке қарай, қорғаныс кішкене әлсіздеу. Егер мықты қорғаушылар алса, онда «Астана» биыл Еуропада ойран салады.

– Мәди, футболдан басқа спорт түрлеріне қатысқан ба едің?

– Кішкентайымда әкем мені жетектеп күрес үйірмесіне апарды. Өзіме де бозкілемге шығып белдескен ұнайтын еді. Бірақ кейін күрес жабылып қалды. Сөйтіп, футболды таңдадым. Әке-шешем де қарсы болған жоқ. Қазір міне, доп теуіп, футбол ойнап жүрмін.

– Мәди, осы футболдағы арманың не?

– Болашақта Неймар сияқты шебер футболшы болып, әлемнің үздік ойыншысы атану. Еуропаның ең еңселі командаларында ойнап, Қазақстанның атын әлемге танытсам деймін. Қазақстан құрамасында ойнап, өз елімді әлем чемпионы дәрежесіне жеткізсем, арманым болмас еді.

– Ендеше, арманыңа жет, Мәди!

Тізімге қайта оралу