|   |   |   |  Нұрлан Тәженов: Инфрақұрылымды қолға алмай футболды дамыта алмаймыз

Нұрлан Тәженов: Инфрақұрылымды қолға алмай футболды дамыта алмаймыз

Нұрлан Тәженов: Инфрақұрылымды қолға алмай футболды дамыта алмаймыз
Нұрлан Тәженов

Жақында ғана аяқталған Оқушылар лигасы туралы пікірін білу үшін осы турнирді ұйымдастырушылардың бірі болған «Шығыс» балалар-жасөспірімдер спорт клубының директоры Нұрлан Тәженовті сұхбатқа шақырған едік.

– Былтыр күзде Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, қалалық оқу басқармасы және Астана футбол федерациясы үш жақты ынтымақтастық меморандумға қол қойған болатын, – деп бастады Нұрлан Ескендірұлы. – Меморандум аясында балалар футболын бірлесе дамытуға байланысты мәмілеге келгенбіз. Міне, соның нәтижесінде елордамыздың елуден астам мектебінің басын қосып, Оқушылар лигасын ұйымдастырдық. Осы балалардың арасынан болашақта қаламыздың ғана емес, еліміздің намысын халықаралық аренада абыроймен қорғайтын футболшылар өсіп шығады деп сенеміз. Өйткені, үлкен футболдың бастауы мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан, жаны сау ұрпақты тәрбиелеуді осы жастан бастау қажет. Мейлі олар болашақта кәсіпқой деңгейде доп теуіп кетпей-ақ қойсын. Ең бастысы, мұндай турнирлер баланы компьютерден аулақ ұстап, уақытын тиімді пайдалануға баулыйды. Осы орайда Оқушылар лигасын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, мектептерді доп, форма сынды материалдық жабдықтармен қамтамасыз еткені үшін Астана футбол федерациясына айрықша алғыс білдіргім келеді.

– Оқушылар лигасының ұйымдастырылып келе жатқаны бірінші жыл емес. Биылғы доданың бұған дейінгілерден қандай айырмашылығы болды?

– Бұған дейін мектептер арасындағы турнирлерді шағын футболдан ұйымдастыратынбыз. Футзалды қолымызға алып отырғанымыз бірінші рет. Өзіме «Алау» кешенінде өткен 2001/02 жылғы жеткіншектердің ойындары қатты ұнады. Доп тебістерін көріп, таңғалдым. Өзім олардан ондай ойынды күтпеп едім. Кәнігі футболшылар секілді, икемдері әжептеуір екен. Қарап отырып көзің сүйсінеді. 2003/04 жылғы балалар келесі жылдары осылардың ізін басады деп ойлаймын.

– Осы Оқушылар лигасын одан әрі дамыту үшін не істеу қажет?

– Біз мұндай турнирлерді ұйымдастыруға атсалысып келе жатқанымызға 10 жылдай болып қалды. «Coca-Cola – Былғары доп» додасын білетін шығарсыздар. Сол секілді, Оқушылар лигасы да үш жас тобы арасында өтсе жақсы болар еді. Сонда балалар буын-буынымен дамып, сатылай өрлей беретін еді. Ал сол «Былғары доптың» алғашқы түлектері қазір Қазақстан ұлттық құрамасында ойнап жүр. Кім біледі, бәлкім болашақта Оқушылар лигасының да өрендері халықаралық аренада доп қуып жүретін болар.

– Оқушылар турнирлеріне байланысты тағы қандай жоспарлар бар?

– Сәуір айында Оқушылар спартакиадасы басталады. Соның аясында тағы да футзал додасын өткізсек дейміз. Одан кейін мамыр мен маусым айларында далада 2004/05 жылғы балалар арасында үлкен футболдан турнир ұйымдастырамыз. Одан кейін футзалдан Оқушылар лигасының күзгі маусымын ұйымдастыру жоспарда бар. Ол кезде екі жасты ғана емес, үш жасты қамту туралы ұсыныс тастасам ба деймін.

– Соңғы сұрақ. Футболды дамытудың жолдары көп. Сіз бастысы ретінде қайсысын айтар едіңіз?

– Ең бірінші материалдық-техникалық базаны күшейту керек. Онсыз болмайды. Әлбетте, қазір Астананың мектептерінде футбол алаңдары жоқ деп айтуға болмайды. Дегенмен, кейбірінің сапасы көңілден шықпайды. Кейбірі стандартқа сай болмай жатады. Бізде көбінесе алаңдар футзал немесе шағын футболға арналған ғой. Мәселен, Астана қаласының Білім басқармасына қарасты мектептердің екеуінде ғана үлкен футболға арналған алаң бар. Қалғандары негізінен шағын футболға лайықталған. Сондықтан, үлкен футбол алаңдарына көбірек көңіл бөлу керек. Сондай-ақ, балаларды жаттықтыратын мамандарды да көптеп дайындау қажет. Әсіресе, тәжірибе жүзінде жас жаттықтырушыларды алаңда көбірек үйретсе, олар сол жерде түйгендерін мектептерде балаларды баулуға арнайды.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Тізімге қайта оралу