|   |   |   |  Үздік ойыншы, озат оқушы, болашақ жұлдыз – Мұса Таушев

Үздік ойыншы, озат оқушы, болашақ жұлдыз – Мұса Таушев

Үздік ойыншы, озат оқушы, болашақ жұлдыз – Мұса Таушев
Мұса Таушев

Таяуда ғана аяқталған Астана Оқушылар лигасының үздіктерімен таныстыруды одан әрі жалғастырамыз. Бүгін біз назарларыңызға турнирдің ең жас ойыншысы Мұса Таушев пен оның басты жанкүйері, яғни атасы, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының бірінші шақырылымының депутаты Ахатов Амангелді Қапенұлымен болған сұхбатты ұсынбақпыз.

Оқушылар лигасының 2003/04 жылғы жеткіншектерінің арасында қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанған №37 орта мектептің қорғаушысы бірден көзге түсті. Өзгелерден жасы кіші екені байқалып тұрса да, ешқайсысынан кем түспейді екен. Кейін білдік, Мұса атты бұл балақай 2006 жылы туылған, яки осы доданың ең жас қатысушысы екен. Финалдық ойын аяқталған соң атасы екеуін жеңістерімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық.

– Мұса, өзіңнен үлкен ойыншыларға қарсы ойнау қиын болған жоқ па?

Мұса: – Иә, кішкене қиындау болды. Бір жағынан менен үлкен балалар, екінші жағынан футзал мен футболдың айырмашылықтары көп екен. Бірақ, жаттықтырушылар сенім артып, әріптестерім қолдау көрсетіп отырғаннан кейін намысқа тырыстым. Оның үстіне, алаң жиегінде ойынымды атам қарап отырды. Оны да ұятқа қалдырғым келмеді.

– Ал футболға қашаннан бастап қызығасың?

Мұса: – Ес білгелі футболға ғашықпын. Бұрын аулада достарыммен доп теуіп, үйге қараңғы кіргенде бір-ақ кіретінбіз. Содан атам бір күні жетектеп, футбол үйірмесіне апарып жазып қойды. Міне, бір жарым жылдай уақыт болып қалды. Футбол менің өмірлік серігіме айналды.

Амангелді Қапенұлы: – Үнемі байқап жүремін, Мұса «футбол десе, ішкен асын жерге қояды». Есіл-дерті допта. Аулада достарымен доп қуғанда бәрін алдап, қақпаға гол соғып жүреді. Бір күні формасын, бутсасын сатып алып бердім де, жетектеп, қаладағы №9 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне алып келдім. Балтабаев Виктор Болатович деген бапкер бар екен. «Қәне, Мұса, қақпаға теуіп көрші», - деді алдына допты тастай салды. Мұса солақай ғой, шірене теуіп қалып еді, доп қақпа торында тулап жатты. «Болды, бітті. Бұл бала менікі» деді де, жаттықтырушы немеремді алып қалды. Арада екі апта өткен жоқ, «ата, Екібастұзда жарыс болады. Мені жаттықтырушы құрамаға алды» деп қуаныштан жарылардай мәз болып үйге келіп тұр. Ол жаққа барып қайтқаннан кейін бапкері оны ешбір турнирден қалдырмайтын болды. Осы аралыққа дейін Қарағанды қаласына барып, 1-ші орынды жеңіп қайтты. Тараз қаласына барып, 2-ші орынды иемденді. Өзі үздік жартылай қорғаушы атанды.

Мұса: – Ал қазір «Астана» футбол орталығына қатысамын. Жаттықтырушым Казмирчук Олег Васильевич бізге көп нәрсе үйретеді. Оқушылар лигасында қорғаныста ойнағаныммен үлкен футболда жаттықтырушым мені жартылай қорғанысқа қояды. Оған менің жылдамдығым және соққым ұнайды.


Мұса Таушев пен атасы Амангелді Ахатов

– Өзіңіз, Амангелді Қапенұлы, кезінде футболға қатысқан ба едіңіз?

Амангелді Қапенұлы: – Мен күреспен шұғылданғанмын. Бірақ менің де футболға деген махаббатым ерекше еді. Астана футболының тарихы түгелдей көз алдымда. Алматыда оқуда жүргенімде бес жылдың ішінде «Қайраттың» бірде-бір ойынын жіберген жоқпын. Қазір де Астанада жүргенде стадиондағы ойындардың ешқайсысын қалдырмаймын. Үнемі өзіммен бірге Мұсаны да ертіп жүремін.

– Мұса, «Астана» футбол клубында қай футболшылар ұнайды?

Мұса: – Барлық ойыншы ұнайды. Біз әрдайым командаға жанкүйер болып, жеңісін тілеп отырамыз. Айтпақшы, өткенде «Астана» – «Шахтер» ойынында өмірімде бірінші рет командаға қызмет көрсеттік. Неманья Максимовичтің қолынан ұстап, алаңға шыққанмын. Бүкіл стадион саған қарап тұрғандай әсерде болады екенсің. Өте керемет әсер алдым.

– Максимович саған не деді?

Мұса: – Ешнәрсе демеді. Оған уақыт та болған жоқ қой. Қарапайым, өзіміз сияқты адам екен. Трибуна астында алаңға шығуға дайындалып тұрғанымызда алдымен басымнан сипады да, сәл ғана жымиып қолымды қыса ұстады. Кейін мен де солар сияқты алаңда футбол ойнап, мен кішкентайларға жымиып, ізет көрсетсем деп армандаймын.

– Ал әлемдік футболда кім ұнайды?

Мұса: – Маған клубтардан «Реал Мадрид» және ойыншылардан Криштиану Роналду ұнайды.

– Криштианудың несі ұнайды? Өтірік құлай береді ғой...

Мұса: – Өйткені, ол мықты, шебер ойыншы. Ал мықтылардың аяғынан шалатындар көп болады. Өмірде де солай ғой. Криштианудың қарасаңыз, адамгершілігі де зор. Футболдағы ойыны бір бөлек, қайырымдылық акцияларына да жиі қатысып жүреді.


Мұса Таушев №37 орта мектептің құрамында

– Мұса, үздік ойыншылардың ақшасы да көп болады. Егер болашақта кәсіпқой футболда биіктерге шығып жатсаң, алғашқы айлығыңды не істер едің?

Мұса: – Көлік алып, үй тұрғызсам деймін. Әлбетте, мұның барлығы оңайлықпен келмейді. Көп еңбектену керек. Сондай-ақ, жақындарыма, әке-шешем мен ата-әжеме көмектесіп, соларды ешнәрседен тарылтпай асырағым келеді.

– Ал мектептегі үлгерімің қалай? Қандай сабақтар ұнайды?

Мұса: – Еңбекке баулу сабағы кішкене қиындау, ал қалғанының барлығы ұнайды. Математиканы жақсы көремін. Қиын есептерді шығарғанды ұнатамын.

Амангелді Қапенұлы: – Ата-аналар жиналасынына өзім қатысып тұрамын. Мұғалімдері үнемі мақтап жатады. Қазір 4-ші сыныпта. Күнделігі кілең бестіктерге толы. Бірінші сыныптан бастап оқу озаты деген грамотаны алып келеді.

– Амангелді Қапенұлы, бүгінде «Астана» футбол клубында көбіне легионерлер доп тебеді. Жергілікті ойыншылар тым аз. Кейін немереңіз командаға қажет болмай қалады деп қорықпайсыз ба?

Амангелді Қапенұлы: – Легионерлер туралы айтар болсақ, әңгіме бітпейді ғой. Ең бастысы, еңбек. Егер ерінбей, доп қуып, соңына дейін ұмтылар болса, онда жерде қалмайды. Легионер бүгін бар, ертең жоқ. Қазіргі балалар кейін ел футболын толық билеп, легионерлерді ысырады деп үміттенемін. Мұсаның да мектебінде Алан Якупов, Айтжан Рамазанов сынды талантты балалар бар. Міне, сол футболшылардың болашағынан мол үміт күтемін. Тіпті, кәсіпқой деңгейде футбол ойнап кетпесе де, спортпен шыныққандар өмірге сенімді, әрі құштар келеді. Олар өмірдің кез-келген саласында жеңіске ұмтыла біледі. Астана сынды алып қалада тұрып, баланы мектеппен ғана ұстап тәрбиелеуге болмайды. Жан-жақты етіп өсіру қажет. Менің ең басты мақсатым, немеремнің футболшы болып кетпесе де, адам болып қалыптасуы.

Тізімге қайта оралу