|   |   |   |  Оқушылар лигасының жеңімпазы анықталды

Оқушылар лигасының жеңімпазы анықталды

Оқушылар лигасының жеңімпазы анықталды
№37 орта мектеп – Оқушылар лигасының жеңімпазы

Астана қаласында екі жарым айға созылған Оқушылар лигасы мәресіне жетті. Бүгін 2003/04 жылғы жеткіншектер тобының финалдық ойындары өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер толық марапатталды.

Шымылдығы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің спорт залында ашылған Оқушылар лигасының жабылу салтанаты да осы мектепте өтті. Үздік төрттікті №3, №37, №61 және №76 мектептер жолдама алған болатын. Жартылай финалдың екі кездесуінде де жеңімпаз тек пенальтидің нәтижесінде анықталып, №3 мектеп пен №37 орта мектептер бас жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды. Бұған дейінгі ойындар әбден қажытып жіберсе керек, екі команда да алаңға әлсіреп шықты. Бірақ шаршағандықтарын білдірген жоқ, соңына дейін айқасты. Соңғы күштері сарқылғанша тартысты. Жеңімпаз тағы да пенальти арқылы анықталады-ау дегенде 37-ші мектептің өрендері ұйымдастырған шабуыл нәтижелі болып, екінші таймның соңына таман жеңіс голын соғып кетті. Қорытынды есеп – 1:0, №37 орта мектеп чемпион атанды.

Үшінші орынды №61 мектеп гимназияның жеткіншектері жеңіп алды. Бұл ойында да жеңімпазды анықтауға негізгі уақыт жетпей қалып, командалар тағы да пенальтидің көмегіне жүгінген. №76 орта мектептің оқушыларына сәттілік жетіспеді.

Жабылу салтанатына Астана футбол федерациясының Президенті Лашын Аймағамбетов, Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жетекшісінің орынбасары Самат Қабдуллин және «Шығыс» балалар-жасөспірімдер орталығының директоры Нұрлан Тәженов қатысып, үздіктерді естелік сыйлықтармен марапаттады.


Финал

– Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен қолға алынған бұл турнир өте жоғары деңгейде өтті. Футзалды тамаша меңгергендеріңізді көрдік және салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақтың өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Яғни, сіздер барда біз Қазақстанның болашағына сенімдіміз, - деді көпшілікке қарап сөз алған Самат Амангелдіұлы.

Төлеген Айбергенов ақын жырлағандай бұл жарыста ешкім де жүлдесіз қалған жоқ. Ұйымдастырушылар тарабы үздік 16 команданың барлығына арнайы сыйлықтар үлестіріп берді. Атап айтсақ, әр ойыншыға сапалы доп, футболшылардың киетін кәнігі формасы табысталып, жеткіншектерді бір марқайтып қалды. Айтпақшы, Астана футбол федерациясының «Вконтакте» әлеуметтік желісінде ұйымдастырған фотобайқаудың да нәтижесі осы күні белгілі болды. Осылайша №58 орта мектептің оқушылары да сапалы доптар мен формаларға қарық болып қалды.

Үздік ойыншылар:

Үздік қақпашы – Нұрасыл Алдақаев (№76 орта мектеп)

Үздік қорғаушы – Екатерина Харламенко (№28 орта мектеп)

Үздік шабуылшы – Мәди Сансызбай (№61 орта мектеп)

Үздік ойыншы – Алан Якупов (№37 орта мектеп)   

Тізімге қайта оралу