|   |   |   |  Әлихан Қуатбай: Қазақстан 2022 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнайтын болады

Әлихан Қуатбай: Қазақстан 2022 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнайтын болады

Әлихан Қуатбай: Қазақстан 2022 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнайтын болады
Әлихан Қуатбай (сол жақта)

Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Оқушылар лигасының үздіктерімен таныстыруды одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – №54 орта мектептің оқушысы Әлихан Қуатбай. 2001/02 жылғы жеткіншектер арасында өткен турнирдің үздік шабуылшысы атанған болашақ жұлдыз Қазақстан футболының келелі мәселелері жайлы ой қозғады.

– Әлихан, сіздің командаңыз, яғни №54 мектеп-лицей Оқушылар лигасында 3-орынды иемденді. Турнир қаншалықты қиын болды?

– Қиындығы бір бөлек, биыл Оқушылар лигасы өте қызық, әрі тартысты болды. Бір айдың қалай зулап өте шыққанын байқамай қалдық. Жартылай финалға жетіп сүріндік. Соның өзі абырой. Үшінші орын да үлкен мәртебе.

– Лиганың үздік шабуылшысы атандыңыз. Жалпы, қай командаға гол соғу қиын болды?

– Екінші топтық кезеңде Қазақ-түрік лицейінің командасымен кездескенбіз. Өте ауыр ойын болды. Қорғаушылары мүлдем гол соқтырмады. Сондай-ақ, жартылай финалдағы №56 мектепке қарсы өткен кездесу де көптеген қиындықтар туғызды. Ал негізі мен таза шабуылшы емеспін. Үлкен футболда жаттықтырушым мені жартылай қорғаныстың оң қапталына қояды.

– Ал футболға қайда қатысасыз?

– «Астана» футбол клубының орталығында жаттығамын. Жаттықтырушым Лисин Александр Александрович.

– Көп болды ма футболмен айналысып жүргеніңізге?

– Бес жылдай болып қалды. Негізі, футболмен шұғылдануды Алматыда бастағанмын. «Қайраттың» академиясында Бейбіт деген бапкердің қарамағында жаттықтым. Кейін әкемнің қызмет бабы бойынша Астанаға көшіп кеттік те, осында «Астананың» футбол орталығына қабылдандым.

– Ендеше екі клубтың балалар футболы жайлы бәрін білетін шығарсыз? Нендей айырмашылықтары бар екен?

– Айырмашылық көп деп айта алмаймын. Ол жақта да жағдайымыз жаман болған жоқ. «Қайратта» жаттығуға барлық жағдай жасалған. Бірақ «Астана» да одан кем түспейді. Жаттықтырушылары білікті, формадан қысым көрмейміз. Қайда жаттықсаң да, ең бастысы тынбай еңбек етуіміз қажет қой. Ерінбесең, кейін кез-келген белесті бағындыра аласың. Ал жаттығу жағдайы екінші кезектегі мәселе.

– Әлихан, Қазақстан футболымен кең таныс сияқтысыз. Жалпы, елімізде қай футболшылардың ойыны ұнайды?

– «Астанадан» Рохер Каньяс пен Патрик Твумасидің ойындарын ерекше сүйіп қараймын. Өз шептерінің үздіктері ғой. Ал әлемде Лионель Месси ұнайды. Соған қарап «Барселонаның» жанкүйері екен деп қалмаңыз. «Барселонаның» ойынын Месси үшін қараймын. Әйтпесе, «Реалдың» жанкүйерімін. Ол жақта да Хамес Родригес, Карим Бензема, Марсело сынды шебер ойыншылар бар.

– Ал Қазақстан футболын әлемдік деңгейге көтеру үшін не істеу керек? Жалпы, қалай ойлайсыз, біздің футболшыларға не жетіспейді?

– Не жетіспейді дейсіз бе? Меніңше, Қазақстан футболшылары ойыннан ләззат ала алмайтын секілді. Бойлары құрысып ойнайды. Алаңға бойлары құрысып шығады. Сәл босаңсып, ойыннан ләззат алу қажет қой. Жігерлік те аз және допқа соңына дейін таласа білмейміз. Дегенмен, бір байқағаным, қысқа пас және екіншіден үшіншіге пас беру арқылы жақсы ойнаймыз. Осы жағын жетілдіре түсуіміз керек.

– Еуропа немесе әлем чемпионатының финалдық кезеңдеріне жолдама алуды мақсат етіп жүргенімізге көп болды. Сіздіңше Қазақстан ұлттық құрамасы қашан әлемдік доданың финалдық сынында өнер көрсетуі мүмкін?

– 2018 жылы әлем чемпионаты Ресейде өтеді ғой. Меніңше, 2022 жылы Катарда өтетін дүниежүзілік доданың финалдық кезеңіне шығуға шамамыз жетеді. Өйткені, соңғы кезде ел футболы біршама болса да дамыған. Оған дейін біз де бір кәдеге жарап қалармыз.

– Аузыңызға май! Сол кезді асыға күтеміз.

Тізімге қайта оралу