|   |   |   |  Әділжан Нұрбай: Болашақта Арьен Роббен сияқты футболшы болғым келеді

Әділжан Нұрбай: Болашақта Арьен Роббен сияқты футболшы болғым келеді

Болашақ жұлдыздардың мектеп қабырғасынан шығатыны рас қой. Оның үстіне, шынайы таланттар қайда болмасын, бірден көзге түседі, алыстан танисың. Сондай дарындардың бірі – Астана қаласының №56 мектеп-лицейінде оқитын Әділжан Нұрбай.

Теңбіл допты екі аяғына кезек лақтырып, төрт-бес ойыншыны қатар алдап өткенде көз алдыңа "Бавариядағы" Арьен Роббен келеді. Оқушылар лигасының 2001/02 жылғы тобында өз командасы турнирге капитан ретінде бастап шығып, чемпиондықты алып берді. Жартылай финалда үш гол соқты, бір нәтижелі пас берді. Ал ақтық айқаста дубльдің авторы атанып, командасын жеңіске жетеледі. Дүбірлі додадан кейін жас дарынмен әңгімеге тартып, сұхбаттасқан едік.

– Барлық командаларға қарсы тыңғылықты дайындалдық. Негізі, өзіміз де турнирдің басты фавориттеріміз ғой. Бұл біздің бірінші жеңісіміз емес. Бұған дейін бірінші орындардан көрініп жүретінбіз, - деген Әділжан былтыр да осы біріншілікте бас жүлдені жеңіп алғанын айтты.

– Биылғы Оқушылар лигасында Сіздің командаңыз үшін қай ойын қиын болды?

– Жартылай финал және ақтық айқас өте қиын болды. Себебі, қарсыластарымыз да бізге қарсы бар күштерін салған еді. Жартылай финалда №54 мектеппен кездестік. Шабуылшылары мықты. Әзер дегенде 4:3 есебімен ұттық. Одан кейін финалда бірден екі гол соғып алғанымызбен Қазақ-түрік лицейі шабуылды күшейтіп, бізді минут сайын тықсырта берді. Абырой болғанда, жеңісті есепті сақтап қала алдық.

– Әділжан, Оқушылар лигасында қорғаныста ойнағаныңызбен әр кездесуде гол соғып, өз командаңыздың үздік сұрмергені атандыңыз. Неге шабуылды емес, қорғанысты таңдадыңыз?

– Негізі, алаңдағы орным алғы шеп. Футболға қатысып жүргеніме үш жыл болды ғой. Астанадағы №8 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығамын. Бапкерім Бейсенбек Ізтілеуов мені үнемі шабуылға қояды. Өзім де соған үйреніп қалғанмын. Дегенмен, Оқушылар лигасында командама қорғаушы қажет болды. Оның үстіне, шағын футболда қорғаныста жүріп те алға шығуға болады. Сондықтан, негізінен артқы шепке көңіл бөлуді жөн көргенмін.

– Осы Оқушылар лигасында қай команданың шабуылшыларына қарсы ойнау қиын болды?

– №28 мектепке қарсы кездесу оңай болмады. Біз олармен екінші топтық кезеңде кездескенбіз. Шабуылшылары ширақ, жылдам және допты нысанаға дөп тебеді екен. Әзер ұттық.

– Жалпы, әлемдік аренада қай футболшының ойынын үлгі тұтасыз?

– Мықты ойыншылар көп қой. Дегенмен, соңғы кездері Арьен Роббеннің ойынына қатты қызығып жүрмін. Екі аяғымен де доп жақсы тебеді. «Баварияда» да, Голландияда да үнемі командасын өрге сүйреп жүреді. Нағыз көшбасшы. Кейде өзімнің ойынымды Роббендікіне ұқсатамын.

– Ендеше, Роббен секілді биік шыңдардан көрінуіңізге тілектеспіз!

Тізімге қайта оралу