|   |   |   |  Болашақ жұлдыздардың бүгінгі құрамы

Болашақ жұлдыздардың бүгінгі құрамы

Болашақ жұлдыздардың бүгінгі құрамы
Оқушылар лигасының таңдаулы құрамы

Таяуда ғана аяқталған Оқушылар лигасының жоғарғы тобында кімдер үздік шықты? Қай ойыншыдан болашақта кәсіпқой футболшы шығуы мүмкін? Турнирдің аяқталуына орай, sportsffa.kz порталы 2001-2002 жылғы жеткіншектер тобының таңдаулы құрамын жасаған еді. Соны назарларыңызға ұсынбақпыз.

Оқушылар лигасын «болашақ жұлдыздардың бүгінгі аренасы» десе де болатын шығар. Барлығы сегіз жүзден астам жеткіншектің жүзге жуығы футболды кәсіпқой деңгейде іліп әкетіп, он шақтысы келешекте ұлттық құрама сапында ойнап жатса, үлкен жетістік сол емес пе?! Ал арасынан тым болмаса біреуі Еуропаның еңселі клубтарының біріне өтіп жатса, тіптен тамаша. Кім біледі, Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Оқушылар лигасынан да сондай жұлдыздар жарқырап шығатын шығар.

Сонымен, Оқушылар лигасының 2001-2002 жылғы жеткіншектер тобының таңдаулы құрамы:

Қақпашы

Жомарт Әсетұлы (№56 мектеп-лицей)

 

Бір қарағанда Жомартты қақпашы деп ойламайсыз. Футболшыға да ұқсамайды. Қарапайым томпақ балалардың біреуі. Мұндайлар көбінесе оқымысты келеді. Әлбетте, сабақтаға үлгерімі қандай екенін білмейміз, дегенмен қақпадағы реакциясын көрсеңіз көзіңіз сүйсінеді. Әйгілі «Реалдың» бұрынғы қақпашысы, бүгінде Португалияның «Портуында» ойнайтын Икер Касилиястың бала кезі ме дерсің. Өзінің жанкештілігі мен керемет қырағылығы арқасында Жомарт Әсетұлы №56 мектеп-лицейді тек жеңімпаз етіп қана қоймай, турнирдің үздік қақпашысы атанды.


Қорғаушылар

Ғани Қожабеков (№50 мектеп-лицей)


Ғанидің №50 мектеп-лицейі командасының капитаны. Биылғы Оқушылар лигасында жартылай финалға жетіп сүрінді. Рас, үшінші орын үшін өткен ойында намысқа тырысқан Қожабеков командасына тым болмағанда «қола жүлде» алып беру үшін барын салған. Дегенмен, оның төрт голы жеңіс үшін аздық етіп, №54 мектеп-лицейіне 6:7 есебімен ұтылып қалды. Бірақ, капитанның ерлігін, жігерлігі мен намысқойлығын ескерген ұйымдастырушылар Ғаниді турнирдің үздік қорғаушысы деп таныды. Бір қызығы, жеткіншектің өзі футболмен кәсіпқой деңгейде айналыспайды екен. Ал мектептегі сүйікті пәні – математика. Иә, есепті керемет шығарған жақсы ғой. Болашақта да пайдасы тиетіні сөзсіз. Алайда, Қожабековке футболды да қатар алып жүрсе, артық болмас еді. Кім біледі, бәлкім қазақтың Паоло Мальдиниі осы жігіт болар ма еді.


Әділжан Нұрбай (№56 мектеп-лицей)

 

Әділжан Нұрбайдың ойынына қарап Самат Смақовты көргендей болады екенсің. Бірі №56 мектеп-лицейінің капитаны, екіншісі «Ақтөбе» футбол клубын жұдырықтай жұмылдырып жүр. Бірақ, ұқсастықтары мұнымен шектелмейді. Әйгілі ағасы секілді ол да әріптестерін керемет қайрай біледі, қорғаушы екеніне қарамастан алғы шепте ойнауда да шебер. Мәселен, жартылай финалда үш гол соғып, бір рет нәтижелі пас беріп, командасының 4:3 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосса, финалда екі голды да соққан өзі болды. Өкінішке қарай, жекелей номинация бұйырмады. Дегенмен, футболды одан әрі алып жүріп, жаттығуда тынбай еңбектенсе, болашақта Оқушылар лигасы былай тұрсын, Қазақстан чемпионатының да үздік футболшысы атануы әбден мүмкін.

Шабуылшылар

Әлихан Қуатбай (№54 мектеп-лицей)


Алматы қаласының тумасы Әлихан бүгінде «Астана» футбол клубының орталығына қатысып жүр. Асқан денелі болмаса да Оқушылар лигасында асқан ширақтығымен көзге түсіп, көрермендердің көзайымына айналды. Сол аяғымен де тамаша тебе алады екен, талай қақпашыны сан соқтырып, талай қорғаушыны құйрыққа отырғызды. Аргентиналық әйігі Лионель Мессиге ұқсайтыны тағы бар. Кім біледі, болашақта «Барселона» сапында доп тепкен алғашқы қазақ атанып та қалатын шығар. Ал әзірге турнирдің үздік шабуылшысы және таңдаулы құрамның негізгі ойыншысы.



Байжан Мәделхан (Қазақ-түрік лицейі)

 

«Байжанды жап, Байжанды ұста». Иә, турнир бойы қарсылас командалардың жаттықтырушылары өз ойыншыларына осылай айқайлап жатты. Шындығында Байжан Мәделханды тұсап ұстау қорғаушылар үшін қиынның қиыны еді. Тіпті, үздік қорғаушы атанған Ғани Қожабеков те бұл сұрмергеннің шабуылдарына төтеп бере алмай жатты. Үздік қақпашы атанған Жомарт Әсетұлы да Байжан тепкен пенальтиді қайтара алмады. Ақыры Қазақ-түрік лицейі финалда жеңіліп қалғандарына қарамастан ұйымдастырушылар үздік ойыншы номинациясын қазақтың болашақ Руниі Байжан Мәделханға табыстады.


Екінші бестік.

Футзалда екінші бестіксіз футзал командасын көзге елестету мүмкін емес. Біз де Оқушылар лигасында негізгі құрамнан бөлек, кез-келген уақытта ойынға серпін бере алатын резервтегі ойыншыларды анықтауды жөн көрдік.

Резервтегі қақпашы – Қайрат Әмірхан. №8 орта мектептің қақпашысы ойын мәнері жөнінен «қайраттық» Игитаға ұқсайды екен. Тек қақпада ғана емес, алғы шепте де тамаша қимылдап, тамаша голдар соғуымен көзге түсті. Тек әттеген-айы, кейбір ойындарда тым еркінсіп кетті де, біраз қателікке бой алдырып, ширек финалда жеңіліп қалды.

Резервтегі қорғаушылар – Диас Қанатқали (48 мектеп-лицейі) мен Юрий Аханов (№28 орта мектеп). Бірі «Реалдағы» Серхио Рамосқа, екіншісі «Барселонадағы» Карлес Пуйольға ұқсайтын қорғаушылар өз командаларының нағыз қорғаны болып, талай ойында шабуылшыларды тұсап ұстады.

Резервтегі шабуылшылар – Бауыржан Ахаев (№8 орта мектеп) мен Артур Дадаханов (№50 мектеп-лицейі). Жеңіске деген жігерлікті осылардан үйрену керек шығар. Тіпті, Криштиану Роналдуға да «Жігерлік деген не?» тақырыбы бойынша осы екі сұрмергеннен сабақ алу қажет-ақ. Егер футболмен кәсіпқой деңгейде айналысуын одан әрі жалғастырып, жаттығуларда тынбай еңбектенер болса, қай-қайсысы болмасын, болашақта Қазақстан футболының жарқын жұлдыздары болары сөзсіз.

Тізімге қайта оралу