|   |   |   |  Оқушылар лигасында жоғарғы топтың жеңімпазы анықталды

Оқушылар лигасында жоғарғы топтың жеңімпазы анықталды

Оқушылар лигасында жоғарғы топтың жеңімпазы анықталды
№56 мектеп лицейі – Оқушылар лигасының чемпиондары

 Астана қаласында футболдан Оқушылар лигасының жоғарғы тобы арасындағы турнир мәресіне жетті. Бүгін «Алау» мұз айдынында финалдық ойындар өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер толық марапатталды.

Ақпан айының басында басталған 2001-2002 жылғы жеткіншектер додасына барлығы 43 команда қатысқан. Жартылай финалға бағы жанып, бабы келіскен төрт команда шықты. Бірінші жартылай финалда №54 және №56 мектеп лицейлері кездесті. Екеуі де бір-біріне лайық, мықты қарсыластар екен. Екеуара жеті гол соғып, соңғылары бір доп айырмашылығымен басым түсті. №56 мектептің капитаны Әділжан Нұрбай қорғаныста ойнағанымен үш гол соғып, бір нәтижелі пастың авторы атанды.

Екінші жартылай финал да өте қызық, әрі тартысты өтті. Мұнда Қазақ-түрік лицейі мен №50 мектеп лицейі кездескен. 14 гол соғылған текетіресте ҚТЛ оқушылары басты сұрмергені Байжан Мәделханның жеті голы арқасында 8:6 есебімен жеңіске жетті. Иә, №50 мектеп лицейінің де ойыншылары осал емес екен. Әсіресе, кіп-кішкентай болса да қолды-аяққа тұрмайтын Артур Дадахановтың дарабоздығы таңғалдырды. Теңбіл допты ұршықша иіріп, қақпаға шиіретін ол осы кездесуде покер жасаған. Бірақ, оның голдары командасына ұпай әкелмеді. Ойыннан кейін көз жасына ерік берген намысшыл жеткіншекті жұбату оңайға соққан жоқ. Енді ше, матчты тамаша бастаған болатын. Бірден екі гол соғып, есепте алға шыққан. Алайда, Байжан Мәделханның голдарына төтеп беру оңай болмады.

Үшінші орын өткен ойын да өте тартысты болып, көрермендер 13 голдың куәсі болды. Ары тарт та, бері тарт мәнеріндегі матчта екі команда да жеңіс үшін бар күштерін салды. №50 мектеп те, №54 мектеп те жеңіске лайықты болатын. Алайда, «қола жүлде» соңғыларына бұйырды. Қорытынды есеп – 7:6.


Оқушылар лигасының финалы 

Финал. №56 мектеп лицейі мен Қазақ-түрік лицейі. Ежелгі қарсыластар. Әу баста-ақ турнирдің басты фавориттері осылар болатын. Финалға дейін жететініне ешкімнің күмәні болмаған. Дегенмен, «бас жүлде кімге бұйырады?» деген сұраққа жауап табу қиын болды. Себебі, екеуі де жеңіске лайық еді. Сонымен, төрешінің алғашқы ысқырығы естіле салысымен екі команда да тартысқа кірісіп кетті. Құдды бір, арқан тартыс секілді, ойын біресе мына қақпаның маңайында өрбісе, бірде екінші қақпашы қауіптің бетін қайтарып жатты. Бірақ, қақпаға кіретін емес. Тек бірінші таймның соңында ғана №56 мектеп лицейінің капитаны тізгінді өз қолына алып, таразы басын өз жағына қарай аударды. ҚТЛ оқушылары естерін жиып болғанша, капитан тағы да қақпаға қақырата теуіп, есепті еселеді. Осылайша, бірінші тайм 2:0 есебімен №56 мектептің пайдасына шешілді.

Үзілістен кейін ҚТЛ қарқынын күшейтті. Дегенмен, Байжан Мәделханның «аяғын тұсап тастаған» 56 мектептің жеткіншектері қарсыластарын артық қозғалтқан жоқ. Тек кездесудің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда қақпаларына пенальти белгіленіп, Байжан ақыры гол соғып, дегеніне жетті. Қорытынды есеп – 2:1, №56 мектеп лицейі 2001-2002 жылғы жеткіншектер арасында Оқушылар лигасының жеңімпазы атанды.

Финалдық кездесуден кейін бірден марапаттау рәсімі өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталды.

– Оқушылар лигасына қаламызға қарасты мектептердің барлығы қатысты. Турнир бірнеше кезеңнен тұрған. Алдымен іріктеу ойындары өтті, одан кейін топтық кезең ойындары ойналды. Сөйтіп, бір айға жуық уақытқа созылған Лига барша мектепке қуаныш сыйлады. Небір дарындардың бар екенін байқадық. Егер осылардың арасынан селекциялық жұмыстар жүргізсе, онда болашақ Месси, Роналдуларды тәрбиелеп шығаруға болар еді. Енді кіші топ, яғни 2003-2004 жылғы балалардың додасы қалды. Ол қаламыздағы №40 және №56 орта мектептердің спорт залдарында өтіп жатыр. Финалдық ойындары 13 наурызға белгіленген, - деді Астана қаласы футбол федерациясының менеджері Данат Мұхаметғалиев.

Жартылай финал:

№54 мектеп лицейі – №56 мектеп лицейі 3:4

Голдар: Дияс Саткен, Әлихан Қуатбай, Талғат Сәлімжан – Әділжан Нұрбай-3, Дінмұхамед Жанарбек.

Қазақ-түрік лицейі – №50 мектеп лицейі 8:6

Голдар: Байжан Мәделхан-7, Әлішер Төлеуханов (автогол) – Артур Дадаханов-4, Данагер Әлімберді-2.

3-орын үшін:

№54 мектеп лицейі – №50 мектеп лицейі 7:6

Голдар: Дияс Саткен-5, Әлихан Қуатбай, Талғат Сәлімжан – Ғани Қожабеков-4, Данагер Әлімберді, Әлішер Төлеуханов.

Финал:

№56 мектеп лицейі – Қазақ-түрік лицейі 2:1

Голдар: Әділжан Нұрбай-2 – Байжан Мәделхан.

Үздіктер:

Үздік қақпашы: Жомарт Әсетұлы (№56)

Үздік қорғаушы: Ғани Қожабеков (№50)

Үздік шабуылшы: Әлихан Қуатбай (№54)

Үздік ойыншы: Байжан Мәделхан (ҚТЛ)

Тізімге қайта оралу