|   |   |   |  Ербол Іргебай: Ел футболын дамытуды мектептерден бастау қажет

Ербол Іргебай: Ел футболын дамытуды мектептерден бастау қажет

Ербол Іргебай: Ел футболын дамытуды мектептерден бастау қажет
Ербол Іргебай – Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры

Мектеп директоры өзін алаңдатқан отандық футболдағы мәселелерді алға тартып, оны шешудің жолдарын ұсынды.

Бұл күндері Астана қаласында Оқушылар лигасы өтіп жатыр. Қаңтар айының соңында басталған турнир ақпан айының соңына дейін жалғаспақ. Барлығы елуден астам мектеп қатысып жатқан додада жеткіншектер 2001-2002 және 2003-2004 жылғы болып екіге бөлінген. Ойындар «Алау» мұз айдыны және 40 орта мектеп пен 56 орта мектептердің спорт залдарында өтеді. Осы орайда, біз Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебайды сұхбатқа тартып, турнир туралы пікірін білген едік.

– Мектептер арасында Оқушылар лигасын ұйымдастырайын деп едік, соған алаң қажет болып тұр дегенді естіп, өзіміздің спорт залымызды қуана ұсындым., - деп бастады Ербол Исламұлы. – Өйткені, турнирдің мақсаты, форматы ұнады. Оның үстіне, біріншілікке 12 мен 15 жас аралығындағы, яғни өтпелі жастың балалары қатысады. Ал өтпелі жасқа көп нәрсе байланысты. Тура жүруі де, қисық бітуі де осы кезеңге байланысты болады. Сондықтан, осы жас аралығы үшін бұл турнирдің маңызы өте зор. Ұйымдастырылу жұмыстары да ұнап жатыр. Әр команданың өз біркелкі формасының болуы, ойындар кезінде алаңның безендірілуі – бәрі-әрі жоғары деңгейде. Астана футбол федерациясының «Футбол бізбен басталады» деген ұранының өзінде де үлкен мән жатыр. Бұл дода бір жылдық болып қалмай, үнемі жалғасын тауып, дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып отырса деген тілегіміз бар.

– Оқушылар лигасы ойындарының бір бөлігі Сіз басқаратын мектепте өтуі оқу процесіне қаншалықты кедергі болып жатыр?

– Ойындар сенбі мен жексенбі күндері өтіп жатқандықтан мектебіміздің оқу-процессіне ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқ. Рас, мұғалімдер мен қызметкерлердің заңды демалыстары болғандарына қарамастан шақырып жатамыз. Бірақ мұның барлығы балалардың болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстар болғандықтан олар да түсіністікпен қарауда. Елуге жуық мектеп, сексеннен астам команда, яғни сегіз жүзден астам бала қатысып жатқан турнирге өз үлесімізді біз де қосу қажетпіз. Оның үстіне, жеке залымыз емес, мемлекеттің балалар үшін салып берген меншігі. Сондықтан, әрдайым қолдауға әзірміз.

– Бұған дейін бұл спорт залда басқа да үлкен шаралар өтетін бе еді?

– Әлбетте. Қалалық турнирлер, республикалық жарыстар мен спартакиадаларды қабылдай беретінбіз. Гандболдан Қазақстан біріншілігі де біздің мектепте ұйымдастырылған. Мұндай деңгейдегі турнирлерді өткізуден тәжірибеміз бар.

– Басы-қасында жүргеннен кейін барлық мектептің әлеуетін жақсы білесіз. Қалай ойлайсыз, қай командалар Оқушылар лигасында жеңімпаз атануы мүмкін?

– Астана қаласында спортқа басымдық беріп, жақсы көңіл бөлетін мектептер жетерлік. Соңғы Спартакиаданың қорытындысы бойынша қарастырар болсақ, №27, 32, 37 орта мектептердің командалары мықты. Солардың қатарында біздің мектеп те бар. Өзіміздің оқушыларға үміт артып, солардан нәтиже күтеміз. Бас жүлдеден біздің де дәмеміз бар.


Оқушылар лигасынан көрініс 

– Жалпы, ел футболын дамытудың тетіктері көп. Отандық аяқдоптың жанашыры ретінде қандай жолды ұсынар едіңіз?

– Ел футболын дамыту үшін бірінші кезекте балалар футболына басымдық беріліп, үлкен көңіл бөлінуі тиіс. Шетелден «бүгін бар, ертең жоқ» талай футболшыны әкелдік. Нәтижесі кәне? Артынан бірнәрсе қалды ма? Легионерлер келгенімен одан ел футболы көркеймейді. Ол үшін өзіміздің өрендерді тәрбиелеуіміз қажет. Мен мектептерден бастар едім. Арнайы үйірмелер ашылуы қажет. Қазір Астана қаласының әр мектептің ауласында әдемі алаңдар салынған. Бірақ балаларды тәрбиелейтін бапкерлер жоқтың қасы. Бұл жерде дене шынықтыру пәнінің мұғалімімен шатастыруға болмайды. Мұғалім бапкер емес, ол үшін футболды жақсы білетін кәсіби жаттықтырушылар жұмыс істеулері қажет. Әйтпесе, дене шынықтырудан сабақ беретін мұғалімдер бұрынғы балуан немесе бұрынғы атлет, бұрынғы боксшы болуы мүмкін. Ол қанша үйреткісі келгенімен қыр-сырын түсінбейді. Бала қалай теуіп жатыр, допты қалай игеруде, оған мән беріп жатпайды. Былай қарасаң, футболды мен де түсінетін сияқтымын. Алайда, тереңіне үңілсең, доптың домалақ болғанынан бөлек, басқа да сырлары болады екен.

– Мектептерге футболдан арнайы кәсіби жаттықтырушылар қажет дейсіз ғой?

– Иә, дәл солай. Арнайы маман қажет. Иә, бұл артық шығын. Бірақ балаларға жұмсалған ақша далаға кетпейді. Мұны түсінетін кез келді ғой.

– Ербол Исламұлы, сұхбатымыздың соңында өзіңізді алаңдатып отырған Қазақстан футболындағы ең өзекті мәселені айтып берсеңіз?

– Осыдан біраз жыл бұрын керемет жоба қолға алынып еді. Еліміздің әр түкпірінен дарынды балалар іріктеліп, Бразилияға оқу кеткен. «Оле Бразил» академиясында тәлім алып жатыр екен» деген әңгімелерді естіп, футболшыларымыз бразилдерше доп тебетін болды ғой десіп қуандық. Қайда қазір сол балалар? Ол жоба қазір қаншалықты жүзеге асып жатыр? Кім бақылауды жүргізуде? Кім жауапты? Неге сол балалардан мықты футболшы шықпай жатыр? Міне, мені осы мәселе алаңдатады. Иә, қазір Қазақстан футбол федерациясы ашықтыққа көшті. Дегенмен, ел футболында келімсектер көбейіп кетті. Бұдан біз өспейміз. Қазақстан чемпионаты бір командада 10-15 легионерден ойната беретін Испанияның La-лигасы немесе Англияның Премьер-лигасы емес. Легионерлерге емес, өзіміздің қаракөздерге көңіл бөлу қажет.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Тізімге қайта оралу