|   |   |   |  «Оқушылар лигасы» додасы салтанатты түрде ашылды

«Оқушылар лигасы» додасы салтанатты түрде ашылды

«Оқушылар лигасы» додасы салтанатты түрде ашылды
Фотоны түсірген - Азиз Оразбаев

Бүгін футзалдан Астанадағы «Оқушылар лигасы» додасының ашылу салтанаты өтті.

«Оқушылар лигасының» кеше басталған бірінші туры бүгін №40 мектепте жалғасып, алғашқы ойын аяқталысымен мектеп аралық доп додасының ашылу салтанаты өтті.

40 команда сап түзеп ортаға шығып, үлкендер жас футболшыларға ақ баталарын берді. Әуелі Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев сөз сөйлеп, оқушылар арасындағы қалалық додаға қатысушылар саны жыл сайын артып келе жатқандығына айрықша көңіл бөліп өтті. Әрі жас жеткіншектерге осындай спорттық мереке ұйымдастырып беріп отырған Астана футбол федерациясының игілікті істерін атап өтіп, көпшілік алдында алғыс білдірді.

Астана футболының ардагері Николай Дрютов оқушыларға сәттілік тілеп, Сегізбаев, Ордабаев, Байшақов және Квочкин секілді қазақ футболының жарық жұлдыздары секілді жанкүйерлер сүйіспеншілігіне бөленулеріне тілектес екендігін білдірді. «Пір тұтар ағаларың бар, соларды ұмытпаңдар» деп ақылын айтты.

№40 мектептің директоры Ербол Іргебаев барлық командалардың оқушыларын әділетті және әдепті болуға шақырды. Ұлағатты ұстаз «қызу дода барысында боғауыз сөз айтпаңдар, бір-біріңді сыйлаңдар» деп кеңес беріп, тәрбие мен адамгершілікті жоғары ұстауға кеңес берді.

Ұлдар додаға түскенде, қыздар қарап отырсын ба? Өрімдей биші қыздарлер тобы ұлттық нақышта би билеп, бүгінгі мерекеге өз үлестерін қосып, оны әсерлендіре түсті. Бұдан кейін теңбіл допты дедек қаққызған жонглерлер жұбы жиналғандарды өз өнерлеріне тәнті қылды.

Содан кейін Астана футбол федерациясының президенті Лашын Аймағамбетов Оқушылар лигасының» биылғы біріншілігі ашық деп жариялап, көп ұзамай доп додасы қайта жалғасты.

№61 және №14 мектептердің оқушылары арасындағы матчты бірге тамашалаған лауазымды қонақтар жас жеткіншектердің техникалық шеберліктеріне риза болды. Ал №14 мектептің балғын қақпашысы қауіпті шабуылдарды тойтарып, пәрменді соққыларды кері қайтарғанда, «міне, жап-жас Ордабаев» деп, ду қол шапалақтады...

Тізімге қайта оралу