|   |   |   |  Балдырған кубогы – Болашақ жұлдыздардың бүгінгі додасы

Балдырған кубогы – Болашақ жұлдыздардың бүгінгі додасы

Бүгін Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен 2006 жылға дейінгі балалар арасында «Балдырған кубогы» турнирі өтті. Елорданың жеті командасы және Екібастұз қаласының бір футбол үйірмесінің қатысуымен өткен бұл турнирде Астананың «Фабрика» футбола» таланттар мектебі жеңіске жетті.

Балалар футболы – басты мәселе

Ел футболын дамытудың басты тетігі инфрақұрылыммен қатар балалар футболы ғой. Балалар аяқдобын қолға алмай, ересектер футболын дамыта алмайсың. Мұны теңбіл допты ұршықша иіретін әлемдік державалардың барлығы баяғыда-ақ түсінген. Бізде де балалар футболының маңызын жете түсінетіндер көп. Тек бас ауыртқысы келетіндер некен-саяқ. Одан гөрі дағды бойынша шетелден дайын спортшыларды әкеле салуға әзірміз.

Астана футбол федерациясы балалар мен жасөспірімдер арасында талай турнирлерді ұйымдастырып жүр ғой. Оқушылар лигасы бар, Аула лигасы бар, біреудің атындағы турнирлер бар – бәріне атсалысып жүр. Бірақ футбол үйірмелері, академиялар мен орталықтар және мектептер арасындағы турнирді өткізуді көптен бері қарастырып жүрген. Өзінің таланттарды тәрбиелейтін Балалар футбол орталығы да бар.

Содан осы турнирді ұйымдастырудың сәті, әйтеуір түсті. Оған әдемілеп «Балдырған кубогы» деген атау берді. Қаланың барлық футбол мектептеріне ілтипатпен шақыртулар жіберді. Әлбетте, бәрі бірдей шақыртуды қабылдай қойған жоқ. Бірінің басқа жоспарлары бар, екіншілерінің жағдайлары жетіскен жоқ, үшіншілері турнирдің осындай дәрежеде өтетініне сенбеді. Бірақ шақыртуды қабыл алғандар өкінген жоқ. Турнир шынымен де жоғары дәрежеде өтіп, «Жас батыр» стадионына жиналған балғын балалар да, ата-аналары да ерекше ләззат алды.

Топтық кезеңнің қызығы

Алдымен сегіз команда екі топқа бөлінді. Әр топтан үздік екі команда жартылай финалға шығатын. «А» тобының командаларын «Балалар футбол орталығы» (БФО), «Фабрика футбола», «ДЮСШ-1» және «Астана» ФО-2» құраса, «В» тобында «Астана» ФО-1», «ДЮСШ-2», «Даму» және Екібастұздың «Евроспорт» командалары бақ сынады.

Астана футбол федерациясының БФО командасына тоқталайық. Былтыр ғана құрылған орталық. 2015 жылдың 1 мамырында ашылған шымылдығы. Осы турнирге балаларды жас та болса бас маман Бейбіт Мамырайымов дайындапты. Бәрі де дарынды балалар. Көздерінен от шашып тұр. Бірақ «бұлақ көрсең, көзін аш» дейді ғой. Демеп, аяқтарынан тік тұрғызып жіберу қажет. Бірінші ойында «Фабрика футбола» командасынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Одан кейін «Астана» футбол орталығына 1:2 нәтижесімен жол берді. Дегенмен, соңғы матчында ДЮСШ жеткіншектерін 2:1 есебімен тізерлетті. Иә, ұпайы жетпей, топтан шыға алмады. Алайда, көрсеткіш жаман емес. Оның үстіне, бұл БФО балаларының бірінші турнирі.

Ал бұл топтан жартылай финалға «Фабрика футбола» және «Астана» ФО-2» командасы шықты. «В» тобында Екібастұздың «Евроспорты» қарсылас шақ келтірмесе, «Астана» футбол орталығының екінші командасы екінші орынмен жартылай финал жолдамасын жеңіп алды.

«А» тобы:

1-тур

Астана ФО-2 – ДЮСШ-1 2:2

Фабрика футбола – БФО 2:0

2-тур

Астана-2 – БФО 2:1

ДЮСШ-1 – Фабрика футбола 0:1

3-тур

Астана-2 – Фабрика футбола 0:1

ДЮСШ-1 – БФО 1:2

Балдырған кубогы футбол

«В» тобы:

1-тур

Астана-1 – ДЮСШ-2 7:1

Даму – Евроспорт 0:1

2-тур

Астана-1 – Евроспорт 1:2

ДЮСШ-2 – Даму 1:1

3-тур

Астана-1 – Даму 2:1

ДЮСШ-2 – Евроспорт 3:4


Чемпиондық тұғыр

Жартылай финалдың бірінші матчында екібастұздықтар еш қиындықсыз «Астана-2» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ойындағы үш голды да «Евроспорт» шабуылшысы Данилл Волков соғып, командасының жеңісіне сүбелі үлесін қосты. Ал екінші финалист тек пенальти сериясында анықталды. «Фабрика футбола» мен «Астана-1» арасындағы кездесуде алғашқылары есеп ашқанымен ойын соңына таман «Астана» футбол орталығы таразы басын теңестіріп кеткен. Алайда, «лотореялық» кезеңде «Фабрика футбола» балаларының жолы болды.

Үшінші орын «Астана-1» командасына бұйырды. Олар өздерінің екінші командасын 2:1 есебімен тізе бүктірген. Ал ақтық айқас триллерге, артынша драмаға ұласып, «Евроспорт» 2:0 есебімен ұтып жатқан жерінен екінші таймда қақпасына бес доп жіберіп алды. Осылайша «Балдырған кубогының» алғашқы турнирін «Фабрика футбола» жеңіп алды.

Финалдық ойыннан кейін жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтіп, үздік номинациялардың иегерлері анықталды.

Ал Астана футбол федерациясы «Балдырған кубогын» дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырып тұратын болды.

Жартылай финал:

Астана-1 – Фабрика футбола 1:1, 3:4-пен.

Голдар: Нұрасыл Серікбол – Әли Сапаров.

Астана-2 – Евроспорт 1:3

Голдар: Нұралы Мырзағұл – Данилл Волков-3.

3-орын үшін

Астана-1 – Астана-2 2:1

Голдар: Нариман Астамбеков, Асанәлі Азатов – Әлдияр Асан.

Финал

Евроспорт – Фабрика футбола 2:5

Голдар: Ерназар Серік, Роман Луковников – Әли Сапаров-3, Мәди Сапаров, Ерік Ердос.


Үздік ойыншылар:

Үздік қақпашы – Владислав Каркавин (Фабрика футбола)

Үздік шабуылшы – Данилл Волков (Евроспорт)

Үздік ойыншы – Әли Сапаров (Фабрика футбола)


Тізімге қайта оралу