|   |   |   |  Оқушылар лигасы - 2003/2004. Бас жүлдеге гимназияшылар таласады

Оқушылар лигасы - 2003/2004. Бас жүлдеге гимназияшылар таласады

Астана қаласында 2003-2004 жылғы жеткіншектер арасындағы Оқушылар лигасының бас жүлдесіне таласатын қос команда анықталды. Енді қала күнінің қарсаңында Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтетін финалда чемпиондық атақты №3 және № мектептері сарапқа салады.

Топтық кезеңнің төрелері

Оқушылар лигасының 12-13 жас аралығындағы турнирге 16 команда қатысқан. Олар сегіз-сегізден екі топқа бөлінді. Осылайша бір аптаға созылған топтық кезеңнің қорытындысы бойынша, ширек финалға «А» тобынан №37 орта мектеп, №62 мектеп лицей және №3, №7 мектеп-гимназиялары жолдама алса, «В» тобынан №20 және №63 орта мектептерінің командалары, сондай-ақ №53 пен №65 мектеп-лицейлері үздік шықты.

Әсіресе №7 мектеп гимназиясы мен №63 орта мектептің оқушылары таңғалдырды. Барлық жеті қарсыласын да қалпақпен қайырып алған олар топтық кезеңді максималды 21 ұпаймен аяқтады.

Ширек финал шымырлары

«А» және «В» тобынан үздік шыққан №7 және №63 мектеп оқушылары ширек финалды еш қиындықсыз өтті. Алғашқылары текетіреске толы кездесуде 53 мектеп шәкірттерінен 2:1 есебімен басым түссе, 63 жігіттері 62 мектеп командасын 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Төрт голды да Болат Үкіжанов соғып, осы турнирдегі алғашқы покердің авторы атанды. Бірінші голын баспен соқса, екіншісінде қорғаушыларды әдемі алдап өтіп, қақпаны дәл көздеген Болат үшінші голын Гонсало Игуаин мәнерінде шалқалай құлап, қайшылай тепті. Төртіншісін де әдемі орындап, қақпа тоғыздығын алаң ортасынан дәл көздеді.

Қалған екі кездесуде жартылай финалға шыққандар пенальти арқылы анықталды. №65 орта мектеп командасынан 0:1 есебімен жеңіліп жатқан №37 мектеп оқушылары екінші таймда бірден екі гол соғып, алға шыққан. Бірақ Әбкен Шалабаев шәкірттері жеңісті есепті ұстап тұра алмай, соңғы минутта қақпаларына қараусыз қалдырып қойды. Ал пенальти сериясында №65 мектептің қақпашысы Данияр Төленді қарсыластың екі соққысын қайтарып, матч қаһарманы атанды. Ал №3 мектеп-гимназиясы мен №20 орта мектеп арасындағы ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталып, «лотереяда» сәттілік «65-тіктер» жағында болды.

1/4-финал

№7 МГ – №53 МЛ 2:1 (1:0)

№3 МГ – №20 ОМ 1:1 (1:0). 4:2-пен.

№65 МЛ – №37 ОМ 2:2 (1:0). 3:2-пен

№63 ОМ –№62 МЛ 4:1 (1:0) 

Жартылай финал жампоздары

Осы уақытқа дейін қарсылас шақ келтірмей, алдынан келгенін орақтай орып келген №7 мектеп-гимназиясы мен №63 орта мектеп оқушылары жартылай финалға келгенде сүрінді.

Гимназиялар дербиінде бірінші таймда 3-ші мектеппен тең тарқасқан 7-ші мектеп жігіттерінің үзілістен кейін жүйкелері сыр беріп, қорғаныста біраз қателіктерге бой алдырып алды. Қорытынды есеп – 4:2, енді жеңімпаз қала күні қарсаңында Қажымұқан атындағы стадионда өтетін финалда бас жүлдеге таласса, сүрінген команда қола үшін барын салады.

№3 мектеп-гимназиясының финалдағы қарсыласы - №65 мектеп лицейі болмақ. Бірінші таймда №63 орта мектептің қарқынды шабуылдарына төтеп берген олар матч тағдырын екінші таймда шешіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Жартылай финал

№7 МГ – №3 МГ 2:4 (1:1)

№63 ОМ – №65 МЛ 1:2 (0:0)

Тізімге қайта оралу