|   |   |   |  Астанада Junior аула лигасы басталды

Астанада Junior аула лигасы басталды

Енді Астанада балалар әр аулаға бөлініп, ала жаздай доп қуатын болады. Бүгін Қажымұқан атындағы стадионда Junior Аула лигасының шымылдығы түрілді.

«Олимпионник» қоғамдық қорының бастамасымен қолға алынған Junior Аула лигасының алғашқы туры Қажымұқан стадионында өтіп, ашылу салтанатына Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов пен Балалар-жасөспірімдер футболы бөлімінің жетекшісі Игорь Утробин қатысып, турнирді қолдайтындықтарын жеткізді.

– Болашақ жұлдыздар осындай турнирлерден шығады. Сондықтан, теңбіл допты қолына енді ғана алған балдырған бала үшін Junior Аула лигасының маңызы өте зор. Осы арқылы ірі-ірі футбол үйірмелеріне де жолдама алуға болады. Біз өз тарапымыздан әрдайым мұндай турнирлерге қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Сейілда Икрамұлы.

Лиганың басты ұйымдастырушысы «Олимпионник» әлеуметтік қорының жетекшісі Зейнулла Ақанның айтуынша, турнирге қатысуға дәл қазіргі таңда 11 команда өтініш білдірген. Дегенмен, алдағы үш күнде командалардың санын 16-ға дейін жеткізу көзделген.

Ойындар әр жексенбі сайын жаздың соңына дейін өтеді. Регламент бойынша командалар бір-бірімен өз алаңында және сыртта ойнап шығулары тиіс.

– 9 бен 12 жас аралығындағы балалар арасында осындай біріншілікті ұйымдастыру барысында Астана футбол федерациясына көмек сұрап хабарласқанбыз. Бірауыздан төрешілермен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, ұйымдастыру жағына көмектесті. Әр команданың өз бапкерлері бар. Жаттықтырушылар жағына да Астана футбол федерациясы көмектесті. Қай бапкердің командасы үздік үштікке енсе, солар ақшалай сыйлыққа ие болады. Турнирдің финалы «Астана-Арена» стадионында өтеді, - деді Зейнулла Ақан.  

Тізімге қайта оралу