|   |   |   |  Оқушылар лигасы - 2005/06. Бас жүлдеге 38 және 60 мектеп лицейлері таласады

Оқушылар лигасы - 2005/06. Бас жүлдеге 38 және 60 мектеп лицейлері таласады

Астана күнінде Оқушылар лигасының бас жүлдесін №38 және №60 мектеп лицейлері сарапқа салады.

Алғашқы ысқырық

Кеше елордамыздың «Шығыс» балалар-жасөспірімдер спорт орталығының алаңында 2005-2006 жылғы балдырғандар арасындағы Оқушылар лигасының ширек және жартылай финалдық ойындары өтіп, ақтық сынға жолдама алған қос мықты анықталды.

Барлығы 16 команда екі топқа бөлініп, алдымен ширек финалға жолдама алған командаларды анықтаған. Кеше бірден ширек және жартылай финал кездесулері өтті.

Бас жүлде кімге бұйырады?

№38 мектептің оқушылары алдымен №72 мектеп-лицейінің оқушыларымен негізгі уақытта 2:2 есебімен тең түсіп, пенальтиден 5:4 есебімен басымдығын байқатты. Жартылай финалда 48 мектептен келген құрдастарын тізерлетті. Негізі бұлар бір-бірімен топтық кезеңде де кездескен. Ол кезде 3:2 есебімен 48 мектеп өкілдері мықтылығын байқатқан болатын. «Қарымта қайтарар кез келді» дегендей 38 мектептің «сары балапандары» бұл жолы барын салып, 3:1 есебімен ақтық айқастың жолдамасын жұлып алды.

Енді олар финалда бас жүлдені №60 мектеп-лицейінің балдырғандарымен сарапқа салады. Өз кезегінде «қызыл жейделілер» ширек финалда №32 мектеп-гимназиясының шәкірттерін 3:0 есебімен оңдырмай жеңген. Жартылай финалды да бірден қарқынды бастап, №61 орта мектептен келген оқушылардың қақпасына алғашқы минуттарда-ақ екі гол соғып алды. Бірақ екінші таймда босаңсып қалды, бәлкім шаршап та қалған шығар, әйтеуір қарыластарының қарқынына әзер төтеп беріп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Басты сенсация

Топтық кезеңде №37 орта мектептің өрендері өте тамаша ойнаған. Әрбір ойынында жанкештілік танытып, қарсыластарын қоғадай жапырған. Бәрі де бірауыздан бұл команданы кемінде финалға дейін жетеді десті. Алайда, ширек финалдан аса алмай, пұшайман болды. №48 орта мектептің оқушыларынан жауапсыз үш гол жіберіп, турнирді ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Оқушылар лигасы – 2005-2006

Ширек финал (02.06.16)

ШЛ №60 – ШГ №32 3:0 (1:0)

ШЛ №38 – ШЛ №72 2:2 (2:1). Пенальти 5:4

СШ №37 – ШЛ №48 0:3 (0:1)

СШ №28 – СШ №61 0:0. Пенальти 2:4

Жартылай финал (02.06.16)

ШЛ №38 – ШЛ №48 3:1 (0:0)

ШЛ №60 – СШ №61 2:1 (2:0)

Тізімге қайта оралу